Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Некесіз туған баланы асыраудың сауабы

0 10  854

Сұрақ: Жұбайым екеуміз ақылдасып бала асырап алсақ па, деген ойдамыз. Бірақ бұл өте жауапты іс болғандықтан ба, әлде пендешілік пе, біз нақты бір тоқтамға келе алмай жүрміз. Түрлі ойлар мазалай береді. Мәселен, бүгінгі таңда балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан сәбилердің көбі тастанды балалар екені белгілі. Сондай балаларды алып тәрбиелесек, оның тағдыры қалай болмақ? Некесіз туған балаға дініміздің көзқарасы қандай?

Жауап: Шариғат бойынша, жетім деп әкесінен айырылған, балиғат жасына толмаған сәбиге айтылады. Демек, анасынан айырылған немесе балиғат жасына толған бала жетім деп есептелмейді. Әрбіріміз кез келген жетім балаға қамқорлық етуге, оны тәрбиелеуге міндеттіміз. Бұл – сауапты әрі жауапты іс. Алла Тағала: «Олар сенен жетімдер (жайы) туралы сұрайды. «Оларға ізгілік жасау – қайырлы іс» деп айт. Ал егер олармен аралассаңдар, онда олар – бауырларың. Алла бұзушыны түзеушіден ажырата біледі»[1], – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

“أنا و كافل اليتيم – له أو لغيره- في الجنة كهاتين”، وأشار مالكٌ بأصبعيه السبابة و الوسطى

«Өзінің және өзгенің жетіміне қарайтын адаммен бірге жәннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз» деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсетті», – деген[2].

Хадистегі «өзінің» деген сөзді жетімнің тегі, яғни әке-шешесі белгілі, ал «өзгенің» деген сөзді тегі белгісіз, деп түсінуге де болады[3].

Некесіз туған балалардың бұл арада еш жазығы жоқ. Және бұл үшін оларды кемсітуге, жәбірлеуге жол берілмейді. Өйткені, баланың өнегесіз, бұзық болып өсуі көп жағдайда ата-анаға және қоршаған ортаға байланысты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан:

ليس على ولد الزنا من وزر أبيه شيء قال الله عز وجل “ولا تزر وازرة وزر أخرى”

«Некесіз туған баланы оның ата-анасының күнәсі үшін жазаламайды, себебі Алла Тағала: «Ешкім өзгенің күнәсін арқаламайды»[4].

[1] «Бақара» сүресі, 220-аят.

[2] Муслим риуаят еткен, 2983-хадис.

[3] «Дар әл-ифта әл-мисрия», 464-пәтуа.

[4] «Әл-мустадрак лил Хаким», 7053.

fatua.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.