Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ДІНИ БІЛІМДІ ШЕТ ЕЛДЕН АЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?!

0 3  181

Адамзат баласы пайда болғаннан бүгінгі күнге дейін қаншама кезеңдер өтіп, заман жаңа өзгерістерге бет бұрып жатса да «білім» өзінің өзектілігін еш дәуірде жоғалтқан емес. Хакім Абай «Алладан қорық, адамнан ұял, балам бала болсын десең – оқыт, малды аяма» – деген екен. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта біздің алдымызға қойылған негізгі талаптардың бірі – білікті кадрлар мен озық үлгідегі түрлі сала мамандарын даярлау мәселесі тұрды. Мұның ішінде дін саласы да бар. Егемендіктің алғашқы жылдарында дін саласында шет елдерде оқуға қызығушылар азшылықты құраған болса, қазіргі кезде көптеген жастар шет елдердің діни оқу орындарында білім алуды құптайды. Шет елге шапқылаған жастар мен дәстүрлі діннің оқытылуы жайлы дінтанушы Мәди Бесбаевті әңгімеге тартқан дедік.

Кез келген мемлекеттің өзіне тән әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрлері, мемлекеттік құрылымы мен қалыптасқан қоғамдық қарым-қатынастар жүйесі бар. Жат жерде діни білім алудың артықшыдығы бар ма?

– Бүгінде өзінің болашағына үлкен сеніммен қарайтын жастар шетелдерде білім алуды, отанына, еліне қажетті мамандықтарды игеруді және басқа елдерден оң тәжірибе жинауға деген құштарлығын құп­тайды. Қазіргі күнде біздің елімізде жастардың «Бола­шақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және сонымен қатар, әртүрлі гранттар мен ата-аналарының жеке қаражаты есебінен  шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Көпқырлы мамандық игеруде қазірде  араб елдері мен Түркия, Пәкістан және т.б. мемлекеттерден жастарымыз діни білім алып келуде. Араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие.

Ресми түрде білім алуға тыйым салынған елдер бар ма және қай мемлекеттің діни білім жүйесі сапалы?

– Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, бұдан бірнеше ғасыр алдын ғылым мен білімнің ордасы саналған Ирак пен Сирия секілді мемлекеттердің бүгінде жай-күйі баршамызға мәлім. Ал, өзінің «Әл-Азхар» университетімен әлемге танымал Мысыр елінде, сондай-ақ, Түркия Республикасында да дін атын жамылған кейбір топтардың саяси мақсатта мемелекеттік билікке қауіп төндіргенін ата-аналар мен діни білім алуға қызығушылық танытып отырған жастар ескергені абзал. Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігі тіптен артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қа­та­р­ларын толықтыруды көз­дей­ді.

Жоғары оқуға түсу мақсатымен шетелге шығу алдында әр азамат таңдаған оқу орнының ресми сайттарынан мәлімет алатындығы сөзссіз. Дейтұрғанменен де, шетелде діни білім алу үшін қандай алғы шарттарға назар аудару керек?

– Ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана шетелдерде білім алудың кейбір тұстарына мұқият назар аудармас­тан,  өз балаларының  басқа елдерде оқуын қуана құптайды. Олар балалары білім алғысы келген елдің ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек екенін, басқа мәдениет пен өзге менталитеттегі адамдармен қатар өмір сүріп, араласатынын білулері тиіс. Қиындықтардың басқа да жағы жоқ емес. Шетелге білім алуға кеткен жастарымыздың бес немесе одан да көп жыл өткен соң Қазақстанға қайта оралуы кезінде күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін. Елге қайтқан жастар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет, бәсекеге қабілетті жұмыс тауып, туған топырақтың игілігі үшін өзгелермен қатар қызмет етуі керек. Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы өте жоғары.

Мұсылман діни білімін алуға ниетті азаматтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен алдын ала кеңес алуға тырысады.  Шетелге діни білім алуға баратын қазақстандық жастар қандай жағдайларға тап болуы мүмкін. Осы жайлы толығырақ айтып кетсеңіз?

– Қазақстан шекара аумағынан тыс жерлерде және шетел мемлекеттерде білім алғысы керетін жастар мен олардың ата-анасына асықпай зерттеп саралап барып шешім қабылдауларын өтінер едім.

Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасын­да жат діннің ықпалына түсу қау­пі. Әдетте, адам мұндай келең­сіз­дік­тер­ге аты беймәлім ұйымдар, ба­уыр­ластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, белгісіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдауға еріксіз тап болуы мүмкін.

Екіншіден, балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни меке­меде немесе діни орталықта оқып жат­қанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақы­лауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жат­қанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, белгісіз «хұжыралар» мен «марказдарға» (діни орталықтар) байқамай түсіп кет­пеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Және балаларының бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды.

Үшіншіден, ата-аналар мен жас­тар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы неме­се ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін. Барлық аталған факторлар дес­трук­тивті, соның ішінде діни идея­лар мен көзқарастардың елімізге енуі мен таралу қаупін тудыратынын естен шығармаған жөн. Олар діндарларымыздың арасында ой мен көзқарас қақтығыстарының, қоғамымыздың азаматтық, әлеу­меттік-экономикалық және мораль­дық-этикалық өмір сүру аяларында теріс қоғамдық көзқарастың туындап, дамуына әсер етуі ықтимал.

Шетелде дәстүрлі емес діни ағымдардың арбауына түсіп қалған азаматтар мен олардың ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз?

– Бұл сұрағыңызға құзырлы орғандар нақты жауап бере алады. Мысалы Сыртқы істер министірлігінде осы секілді және діни саламен айналысатын арнайы бөлім жұмыс атқарады. Әрине, бізді де қатты толғандырады, әрі шетелдегі азаматтарымыздың қауіпсіздік шараларын терең зерттеуге мәжбүрлейді. Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қор­­ғанысы мен қамқорлығын ел шек­а­­расынан тыс жерлерде де қам­та­ма­сыз ететіні белгілі. Сон­дық­тан, елі­міздің мемлекеттік орган­дары қа­зақ­стандықтарды шет мемле­кет­тердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда, мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек. Осыған орай ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің арнайы шығарған 11 ережеден тұратын «ҚР шет елдерге оқуға кететін азаматтарына арналған дін мәселелері жөніндегі жадынамасымен» танысып шыққандары дұрыс деп есептейміз.

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асып кетті. Барлық салада етек жеңімізді жирап даму бағытында айтарлықтай қызмет атқарылып келеді. Отандық дәстүрлі діни ағарту орталықтары ашылғанын ақпарат көздерінен естіп жатамыз. Шетелден ізденен діни білімді өз елімізде алуға қаншалықты мүмкіншілік бар және жағдай жасалған ба?

– Еліміздің жастары қазіргі таңда діни білімді ресми отан­дық діни оқу орындарында алуға болады және білім сапасы да шетелден кем емес. Ата-аналар мен студент­тер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасысына қарасты бір ислам университеті мен тоғыз медресе жұмыс істейді. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев елдің қиын экономикалық жағ­дай­ларына қарамастан, Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін ашқызды. Алғаш құрылған жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Қазіргі кезде елімізде 9 медресе, соның ішінде 5 медресе-колледж жұмыс жасауда. Сапалы маман даярлау мақсатында Түркістан облысындағы «Шымкент» медресе-колледжі мен «Сарыағаш» медресе-колледжіне жылына 175 грант бөлінуде. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

Шетелдің діни сауатын бойына сіңіріп отанға орлаған жастармен жұмыс жасала ма?

– Бүгінде мемлекет пен отандық оқу орындарының тарапынан шет­елдің діни оқу орындарынан Отанға қайтып оралған қазақстандық сту­­дент­тердің діни білімдерін жал­ғас­­тыр­уын қам­­тамасыз ету үшін бір­­­лес­кен ша­ралар қолға алынып отыр. Мұның жастар мен тұтас Қазақстан қоғамының рухани қауіпсіздігіне ық­пал ететін мәселе екенін атап көрсеткіміз келеді. Атап айтқанда, қазіргі кезде ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Білім және ғылым министрлігі,  Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің атсалысуымен Түркия, Мысыр, Малайзия және Ресейдің бірқатар беделді жоғары оқу орындарымен келісімшарт әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әдетте, бұлар – тексерілген, білім беру мен оқу-тәрбие үдерісін қадағалау саласында ынтымақтастық туралы келісім­шартпен негізделген жоғары оқу орындары.

Жоғары оқу орындарында дәстүрлі дінімізді дәріптеп жатқан университетер бар ма? Білікті дінтанушылар мен теология мамандарын даялрап жатырмыз ба?

– Зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде бес жоғары оқу орнында, атап айтқанда, «Әл-Фараби» атындағы ҚазҰУ мен «Қ.А.Ясауи» атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, «Л.Н.Гумилев» атын­дағы ЕҰУ, «Е.Бөкетов» атын­дағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде  дінтану және теология мамандары даярланады. Аталған жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 900-ға жуық студент – болашақ дінтанушылар мен теологтар білім алуда. 2009-2010 оқу жылынан бастап қазірге дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен еліміздегі барлық мектептерде «Дінтану негіздері» пәні қосымша сабақ ретінде енгізілген болатын. Ал, қазіргі таңда осы орта мектептерде «Дінтану негіздері» қосымша оқыту пәнінің мамандарын даярлауды 2016-2017 оқу жылынан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті (ОҚМПУ) қолға алып, «Тарих-дінтану» мамандығы бойынша мамандар даярлауды бастап кетті. 

Қорыта айтқанда шет елдердің діни оқу орындарында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және мемлекетаралық келісім негізінде болса магистратура және доктарантура оқуға болады. Ал бастапқы білімді яғни, бакалаврлық базалық білімді шет елдердің діни білім орталықтарында алудың қажеттілігі жоқ. Өз елімізде білікті мамандар дайындалып жатыр. Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге ар­­наған қазіргі жастарға өз Отан­ын­да кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты дайындаған: Ғалымжан Тәжібай

SUNNA.KZ

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.