Жексенбі, 14 маусым 2026 ж. 28 зүлхижжа 1447 һ.ж. Астана қаласы
Намаз уақыты · Астана Намаз · Астана
Күн 03:54
Бесін 12:20
Екінті 17:56
Ақшам 20:36
Құптан 22:23
Мақалалар

Ескелді бидің жеті жаста айтқаны

31 мам 2022 1 279 рет оқылды
Ескелді бидің жеті жаста айтқаны

Ескелді ерте есейіп, естілігін жеті жасқа жетпей-ақ аңғартса керек. Басқа бауырларына қарағанда еркетотайлау болып өскен Ескелді бірде әкесі Жылкелдінің алдына отырып алып:

– Әке, дүниеде қанша жетім бар екенін айтып берейін бе? - дейді. Баласының құймақұлақ болып өсіп келе жатқанына қуанған әке:

– Айта ғой, -дейді. Сонда жеті жасар Ескелді саусақтарын басып тұрып:

–Бірінші – шөбі жоқ жер  жетім.

Екінші – басшысы жоқ ел жетім.

Үшінші – елінен ауған ер жетім.

Төртінші – тыңдаушысы жоқ сөз жетім.

Бесіншісі – төркінсіз қыз жетім.

Алтыншысы – баласыз кемпір меннен шал жетім.

Жетіншісі – панасыз аң жетім, - дейді.

Қай сөзінен мін табарын білмей, сәл ойланған әке:

– Ал, қасиетсіз қаншау?, - деп сұрайды.

Ескелді жұлып алғандай:

– Ол да жетеу, әке! Жанбай қалса, шала қасиетсіз,

Әдепсіз болса, бала қасиетсіз,

Ащысы болмаса, тұз қасиетсіз,

Ұятсыз болса, қыз қасиетсіз,

Шөбі шықпаса жер қасиетсіз,

Жігерсіз болса жігіт қасиетсіз! - деп, әкесінің алдынан түсіп, шөкелеп отыра кеткен екен. Ырымшыл әке баласын шапанының етегімен күлегейлеп:

– Тіл, көзіміз тасқа! Тасқа! - деп ұшықтап жіберіпті дейді.

"Қазақтың би-шешендері" кітабынан

sunna.kz

#Ескелді би