Алла Тағаланың пенделеріне риза болуының белгілері
Ешкім «Алла маған разы болды» деп кесіп айта алмайды. Өйткені Жаратушының кімге риза екенін Алла Тағаладан өзге ешкім білмейді.
Алайда ғалымдарымыз қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) хадистеріне үңіле отырып Алла Тағаланың пенделеріне риза болуының мынадай кейбір белгілерін атаған:
Бірінші: Адамдар ол адамды жақсы көріп, құрметтейтін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын): «Егер Алла Өзінiң бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейілге: «Расында, Алла пәленшені жақсы көреді, сен де оны жақсы көр!», – дейді. Содан кейін оны Жәбірейіл жақсы көре бастайды да, аспан тұрғындарына: «Расында, Алла пәленшені жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер!», – дейді. Осыдан кейін оны аспан тұрғындары жақсы көре бастайды әрі оған жерде де құрмет көрсетіледі!»¹⁵, (Бұхари (3209), Муслим (2637). – деген.
Екінші: Мінезі жұмсақ болады. Алла Тағала разы болған пендесі Оның жаратқандарына жұмсақтық танытады. Алла Елшісі (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын): «Егер Алла үй ішелерін жақсы көрсе, оларға жұмсақтық береді», – деген.
Үшінші: Сынақ беріледі. Өмір болғаннан соң үлкенді-кішілі сынақтың болып тұруы заңды. Адам баласы басына түскен сынаққа лайықты түрде сабыр етсе, оның артында Алла Тағаланың жеңілдігі мен разылығы бар. Хадис шәріпте:
«Шындығында үлкен сынаққа үлкен сауап бар. Егер Алла Тағала адамдарды жақсы көрсе, оларды сынақтарға салады. Кімде-кім ризалық танытса, оған риза болады. Кім ашуын көрсетсе, (Алланың) ашуына қалады»¹¹⁷ (Тирмизи 2396), – делінеді.
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz