Сәрсенбі, 28 қазан 2026 ж. 17 жұмадөл әууәл 1448 һ.ж. Астана қаласы
Намаз уақыты Намаз
Күн 06:54
Бесін 12:03
Екінті 15:12
Ақшам 17:01
Құптан 18:28
Мақалалар

Жамағат намазына қатыспауға рұқсат етілген жағдайлар

41 рет оқылды
Жамағат намазына қатыспауға рұқсат етілген жағдайлар

Жамағат намазына қатыспауға рұқсат етілген жағдайлар:


1. Ауа райы қолайсыз болғанда, мәселен, нөсер жаңбыр жауса, үскірік аяз тұрса немесе дауылды боран соғып, мешітке жету қиынға түссе, мешітте жамағатпен намаз оқымауға рұқсат етіледі.
Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Дажнанда1 азан шақырды. Сосын: «Намазды үйлеріңде (тұрған жерлеріңде) оқыңдар», – деді де: «Бізге (қасындағы серіктеріне) Алла елшісі (с.а.с.) азаншыға азан шақырғаннан кейін артынша «сапарда, жаңбырлы не суық түнде намазды үйлеріңде оқыңдар» деп айтуға әмір беретін», – деді 2.
Бұдан өзге «батпақты, қолайсыз күндері намаздарыңды үйлеріңде оқыңдар» деген мағынадағы хадисті имам әл-Бұхари Ибн Аббастан да риуаят еткен.

2. Намазхан өзінің жаны немесе жиған-терген ырыздығы үшін әлде бір залым мен алаяқтардан қауіптенсе немесе көлігінің күтпей кетіп қалуына алаңдаса, жамағат намазына қатыспауына рұқсат етіледі.

3. Мешітке бара алмайтындай дәрежеде қатты сырқаттану. Мысалы, төсек тартып жатса, аяғынан жан кетіп, сал болып қалса. Сол сияқты ауыр халдегі сырқат адамға қарайтын адам үшін мешітке бармауына рұқсат етіледі.
4. Жамағат намазы басталар кезде алдына тамақ келген аш адамға және дәрет қыстаған адамға жамағатқа ілеспеуіне болады. Айша (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер кешкі ас қойылса және намазға қамат түсірілсе, кешкі астан бастаңдар», – деді», – деген 3.
Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер біреулерің тамаққа отырса, тіпті намазға қамат түсірілсе де, одан қажетін алғанша асықпасын», – деді», – деген 4.

Айша (Алла оған разы болсын): «Аллаһ елшісінің (с.а.с.): «Тамақ келгенде және дәрет қыстағанда намаз жоқ (яғни намаз оқылмайды)», – дегенін естідім», – деген 5.
Осы тұста Алла Тағала сауапты адамның ниетіне қарай беретінін де ескере кеткеніміз жөн. Кімде-кім мешітке жамағатпен намаз оқуға барғысы келсе, бірақ оған белгілі себептер кедергі келтірсе, Аллаһ оған жамағатпен оқылған намаздың сауабындай сауап береді.

____________________________________

1 Меккенің атырабындағы бір таудың аты.
2 Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-әзән, 596.
3 Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-әзән, 631.
4 Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-әзән, 633.
5 Сахих Муслим, Китәб әл-мәсәжид, 869.

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды, 

sunna.kz