Сейсенбі, 28 шілде 2026 ж. 14 сафар 1448 һ.ж. Астана қаласы
Намаз уақыты Намаз
Күн 04:28
Бесін 12:26
Екінті 17:46
Ақшам 20:13
Құптан 22:14
Мақалалар

Төле бидің он жұмбағы

26 мам 2023 1 619 рет оқылды
Төле бидің он жұмбағы

Бір үлкен қарт-қариялары бас қосқан бір жиында Үйсін Төле биге басқа таптардан шыққан жас, жолы кіші билер сәлем беріп:

– Е, Төле аға, біздерге үлгі қылып айта жүргендей бір сөз айтып беріңіз!,-дегенде ол кісі мынау сөзді айтқан:

– Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, - деп сан аттарын айтты.

Билер түсінбей:

– Бұ не дегені, тартарғамы ма?, - депті.

Сонда Қаз дауысты Қазыбек айтты:

– Бұ кісінің айтқаны жұмбақ қой. Маған рұқсат берсе, мен шешер едім, - деп шешкен екен:

Біреу деген саныңыз –

Бірлігі кеткен ел жаман.

Екеу деген саныңыз –

Егесіп өткен ер жаман.

Үшеу деген саныңыз –

Үш тарап, тақ талас болған ел жаман.

Төртеу деген саныңыз –

«Төртеу түгел болса,

Төбеден жерге келтірер!»

Бесеу деген саныңыз –

Белсене тиген жау жаман.

Алтау деген саныңыз –

Алтау ала болса,

Аузындағы жемін кетірер.

Жетеу деген саныңыз –

Желекті найза астында

Ажал жетіп ері өлген,

Жесір әйел жаман.

Сегіз деген саныңыз –

Серпілмеген қайғы жаман.

Тоғыз деген саныңыз –

Топырақ басқан өлім жаман.

Он деген саныңыз –

Қартайып, отырып қалған – сол жаман!

Мәшһүр Жүсіп шығармаларының көп томдығынан

sunna.kz