Take a fresh look at your lifestyle.

АҚИҚАТТЫ ІЗДЕУ – ҚҰДАЙДЫ ІЗДЕУ

0 10  536

Шархан Қазығұл, белгілі публицист, жазушы

Адамзат адамзат болғалы Ақиқатты/Құдайды екі жол арқылы іздеп келеді: діни және ғылыми. Бұл екі жолды бір-бірінен бөліп қарастыруға әсте болмайды. Бұл екі жолдың бірлікте болуының өзі – Ақиқатты табудың жалғыз әдісі. Діни өте сауатты МәшҺүр Жүсіптің өзі «Құдай иманы бар адамның жүрегінде» деген. Исаак Ньютонға дейін де ақиқатты іздеумен ең алдымен дінге сенетін адамдар айналысқаны тарихтан белгілі. Діни сауаты бар Ньютонның киелі сөзінде де бір сыр жатыр: «Мен механика заңдарын Құдайдың қағидаттарынан шығарып алып отырамын». Пабло Пикассоның да сакральды сөзі есіме түсіп отыр: «Барлық суретшілер ұрлап жазады. Әсіресе, таланттылары». Барлығын Құдайдың жалғыз өзі жаратқанын осы сөздерден кейін мойындамау мүмкін емес. Иә, Құдайдың Ұлы Жарылысынан кейінгі Ұлы Жаратылыс – бүткіл творчествоның қайнар бастауы. Бір анық, біздің бәріміз Құдайдың осы Жаратылысынан көшіретініміз рас. Ұрлап алды деген осы! Бұл – әрине, жасампаз ұрлық. Құдайдың барын дәлелдеу жолындағы, Ақиқатты табу жолындағы ұрлық!
Мұқағали айтқан: «Дін – ғылымның атасы». Эйнштейн айтқан: «Безбожная наука хромает». Барып тұрған атеист Жорис Альферовтің өзі «Қартайған сайын Құдайдың жоғына күмәнім көбейіп келе жатыр» дегенін өз құлағыммен есіткенмін. Ғаламдағы ғажап реттілік өз-өзінен пайда болмағанына барған сайын көзім жетіп келеді. Жаратушы Асқан Ақылдың иесі екеніне шек келтіру қиын. Өйткені, бүкіл адамзаттың миллиондаған жылдар бойғы ойлап тапқаны бір Алланың жаратқанына татымайтынына таңырқамау мүмкін емес.
Әртүрлі философтар айтып келген Асқан Ақыл, Абсолют деген ұғымдардың суперқуатты жүйе екені әлдеқашан дәлелденген. Қазір мұндай мүмкіндік тек Жаратушы бір Аллада ғана болатынын Энтони Флю, Мартин Джон Рис, Анатолий Акимов сияқты белгілі ғалымдар дәлелдей бастады. ДНК молекулаларының құрылымы туралы қазіргі заманғы мәліметтер оның өз-өзінен пайда болмағанын, Құдайдың жаратқаны екенін ең атып кеткен атеист-ғалымдардың өзі мойындап отыр. Молекула өзінде сақтап тұрған генетикалық код пен ондағы ақпараттың энциклопедиялық ауқымдылығы барлық жаратылыс соқыр сәйкестіктен пайда болған деген пікір-сымақты жоққа шығарып тұр. Ғалымдар адамның Жер бетінде эволюция нәтижесінде пайда болмағанына анық көз жеткізді. Өйткені, бастапқы клеткалардан адам жасауға арналған биохимиялық процестердің мутация жиілігі мен жылдамдығын есепке алатын болсақ, онда адам пайда болу үшін Ғаламның жаратылысынан да көп уақыт керек екен. Ал, Ғалам тіршілік иелерінен он миллиардтан астам уақыт бұрын пайда болғанын бәріміз білеміз ғой. Олай болса, біздің әрқайсымыз – Құдайдың жаратқан пендесіміз. Сондықтан да Құдайдың барына бір сәтке де күмән келтірмей өмір сүргеннен асқан имандылық жоқ! Шынында да Ақиқатты табуға ұмтылған адам Құдайды да табады! «Құдайдың өзі де – хақ, сөзі де – хақ» деп айтып кеткен ата-бабамыздан айналдым! Құдайды баяғыда тауып қойған! Осыдан кейін аруақтарды да қалай сыйламайсың?! Қазақта бәрі органикалық байланыста!

Шархан Қазығұлдың әлеуметтік парақшасынан алынды

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.