Take a fresh look at your lifestyle.

Әйел жамағаты Мәуліт мерекесін ұлықтады (фото)

0 567

23-қараша. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде әйел жамағатына арналған Мәуліт мерекесі өткізілді.

Айтізбесі бойынша бұл ай – Рабиүл-әууәл айы. Рабиүл-әууәл айы – «Мәуліт айы» деп те аталады. Мәуліт мерекесі – ғаламның рақым нұры, екі дүниенің сұлтаны, қараңғылықтың түнегін түріп, жарыққа бастаушы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген айы – мұсылман қауымы үшін ерекше мейрам.

Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті, жылдағы үрдіс бойынша, бұл айда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырды. Мәуліт оқылып, түрлі қайрымдылық шаралар өткізілуімен қатар, «Мәуліт» кітабы таратылды және «Адамзаттың ардақтысы» атты мүшайыра жарияланды.

Сойндай-ақ, бүгін ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы «Аналар мектебі» клубының ұйымдастыруымен әйел жамағатына арналған «Үмметіне үлгі болған Мұхаммед (с.ғ.с.)» атты Мәуліт мерекесі ұлықталды.

Аталмыш шараны «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы қари Нұриддин Күлер Құран оқумен бастап, елімізге белгілі  қари Қайырбай Дәукенұлы мен Рахымберді Рүстем арнайы Мәуліт Шәрифін жырлап, Пайғамбарға салауаттар жолдады.

Наиб имам Қанат Алшынбаев ардақты Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін естеліктер айта келіп, жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Динара Құтқожақызы қатысып, әйелдер қауымына Мәуліт мерекесінің ерекшеліктерін айтты.

Мерекелік шара аясында 100 адамға дастарқан жайылды. Дастарқан басында арнаулы қонақтар мен ақсамайлы аналар құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің мерейін асыра түсті. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өміріне қатысты сұрақ-жауап сайысы да жиналған жамағатқа Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның шұғылалы өмір-белестерінен зор мағлұмат берді. 

Шара соңында «Аналар мектебі» клубы, әйел жамағатының ұстазы Әлия Аусағатова және Айгүл Көксегенқызы дін жанашырылары және демеушілерге алғысхаттар табыс етті.

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.