Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шерхан Мұртаза: БIР КЕМ ДYНИЕ

0 16  608

Қазақстанның халық жазушысы, әйгілі публицист, қазақ руханиятының алғадай ері – Шерхан Мұртаза өмірден өтті. Алла оның алдын нұрлы, артын қайырлы етсін! 

Сіздердің назарларыңызға жазушының “Бір кем дүние” атты әйгілі шығармасынан шағын үзінді ұсынып отырмыз.

АДАЛ МЕН АРАМНЫҢ ТАРАЗЫСЫ
(Мешiтте айтылған уағыз)

Бiр кедей пенде жалғыз сиырын сауып, соның сүтiн сатып динар ақша жинайды екен. Бiр қалта динар жинаған әлгi кiсi кемеге мiнiп, бiр жағдаймен жолға шығады.
Кемеде келе жатып ұйықтап кетедi. Сонда бiр маймыл оның динар салған қалтасын ұрлап алып, кеме желкенiнiң ұшар басына шығып кетедi.
Жолаушы оянып, ары-берi қараса, динар салған қалта жоқ! Ары iздейдi, берi iздейдi. Ақыры желкеннiң ұшар басында отырған маймылды көредi.
Қараса, маймыл бiр динарды алып мұның қолына лақтырады. Келесi динарды алып теңiзге лақтырады. Сөйте-сөйте қалтаны босатады.
Мәнiсi: әлгi мiскiн сиырын сауып, сүтiн сатарда аздап су қосады екен. Иесiне лақтырған динар – адалдан. Теңiзге лақтырған динар – арамнан. Яғни судың үлесi – суға, сүттiң үлесi – иесiне.
Әр заманда адал мен арамның арасын анықтап тұратын осындай таразы болса ғой, шiркiн.
Бiрақ ондай құрал жоқ қой…
Бiр кем дүние.

ЖАЛҒАН ДҮНИЕ

Арқаның таңы ағарып атқанда, Құдайдан жақсылық тiлеп жатқанда, қайран тiлек керi кетiп, қаһарлы сұп-суық хабар жеттi: сұм дүниеден жампоз Камал өттi.
Қайран, Камал! Бiз екеумiз бiр-бiрiмiзбен хат жазысып, бiр-бiрiмiзге ұдайы да жақсылық тiлеушi едiк. Елдiң, қазақтың арманы мен аңсарын айтып, ол хаттар “Егемен Қазақстан” атты аға газетте жарияланып жатушы едi.
Ендi не болды?
Заманның дидары мен кепиетi туралы сырларымды ендi кiммен бөлiсемiн?
Сен тым ақкөңiл, адал едiң ғой, Камал! Қоғамда болып жатқан толайым кемшiлiктердi мен ашына жазғанда, сол қоғамдағы зәредей жақсылықтарды тiзбелеп, маған басу айтушы едiң. Заманның, қоғамның алдағы күндерде жақсылыққа, ақжарқын күндерге жететiнiн дәлелдеп, ұдайы да үмiт отын жандандыратынсың.
Екеумiз бiр-бiрiмiзге жазған осы хаттар кейiн, “Елiм, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!” деген атпен кiтап болып шығып, сол кiтап халықаралық абыройлы сыйлыққа ие болып едi.
Кiм ендi менiмен сыр бөлiсiп, армандар, тiлектер айтысып, кiм ендi маған хат жазады?
Әттең, дүние… Екеумiз жұп жазбай Ұлытауға барып-қайтып жүретiн заман-ай…
Сен, Камал, осы заманның Баубек Бұлқышев ағаңдай батыры әрi қара сөздiң ақыны едiң. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан берi жұп жазбай, жұп жазсақ та, көз жазбай, қатар келе жатқан бiр жылдың төлдерi едiк. 
Жатқан жерiң жәннат болсын! Аллаһу-Тағала о дүние қызығын берсiн, қанаттас, қаламдас асыл дос!
Сенсiз дүние – бiр кем дүние.

ТҮЙЕНI ТҮГIМЕН

Көне Мысырдың “Марқұмдар кiтабында” мынандай жазулар бар екен:

” – Мен ағын суды бөгемедiм.
– Мен ешкiмдi өлтiрген жоқпын.
– Мен таразыдан жеген жоқпын. 
– Мен әлсiздердi жәбiрлемедiм.
– Мен ешкiмнiң көз жасына қалмадым”.
Осы өлшеммен келгенде, қазiр бiзде қалай?

ЖАЙНАМАЗ

Әкемiз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемi гүлдерi жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар едi. 
Алдымен мешiт бұзылды. Оның үйiндi болып қалған кiрпiштерiнiң үстiнде байғыз дейтiн құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды. 
Көп ұзамай Мұртаза рахметiлiк “халық жауы” ретiнде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сiрә, желтоқсан айы едi. 
НКВД үйге тiнту жасады. Мен ол кезде 5 жасар баламын. Бәрi есiмде. Тiнткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бiр милиционер төрде iлулi тұрған жайнамазды жазып көрдi де: “Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр едi”,-деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды…
Арада алпыс жыл өткенде жолым түсiп, Кереку қаласына барып, мешiтiне кiрiп, дұға оқығанда, Тәңiрi жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешiттiң суретi салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келiп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештiм. Мұны марқұм Мұртазаның әруағы сездi ме… бiлмеймiн.
Бiр кем дүние.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.