Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

КОБЭ МҰСЫЛМАНДАР МЕШІТІ

0 1  474

Әдетте кез келген жапондықтан қай дінді ұстанатынын сұрасаңыз, сізге міндетті түрде “атеистпін” деп жауап береді. Бұл олардың дінсіздігін білдірмейді, тек құдаймен адамның арасындағы ғибадат пен құлшылық байланысқа үшінші тараптың қатысы болмауы тиіс деген ұстаным болса керек-ті.

Соған қарамастан, мүмкіндік тауып жапондық отбасынан Жапониядағы ең көне мешітке бірге барып қайтуға өтініш жасадым. Олар сөзімді жерге тастаған жоқ, бірге бардық. Алайда мешітке шетелдіктердің келгені ондағылардың назарына бірден ілініп, өзін Имамның келіншегімін деп таныстырған Әмина ханым қай елден келгенімізді білгенше асық болды. Бірге фотоға түсуге жүзін көрсетуге болмайтындықтан, бас тартқан Әмина сан ғимаратты суретке түсіруге рұқсат бар екенін айтты. Сәулетті ғимараттың қарсы бетінде халал дүкен орналасқан.

КОБЭ МҰСЫЛМАНДАР МЕШІТІ 
Жапон тіліндегі “Кобэ” атауын “Құдайдың салтанатты қақпасы” немесе “Рухтың есігі” деген мағынада, бұған таң қалудың қажеті де жоқ еді, өйткені Жапониядағы ең алғашқы мешіт те дәл осы Кобэ қаласында іргесін қалаған екен. Иә, дәл солай, Кобэ қаласындағы Накаямате көшесінде орналасқан Кобэ Мұсылмандар мешіті (жапонша: 神戸モスク немесе 神戸ムスリムモスク) 1935 жылы қазан айында салынған. Бұл Жапониядағы тұңғыш мешіт саналады. Мешіт Кобэ қаласының шетелдіктер ең көп шоғырланатын ауданында орналасқан.

ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Мешіттің тарихына көз салсақ, оның құрылысы Кобэ Ислам Комитетінің 1928 жылдан 1935 жылға дейінгі аралықтағы садақаға жиналған қаражаты есебінен қаржыландырылған екен. Мешіт 1943 жылы Жапон империялық флотының кәмпескесіне ұшыраған. Алайда, ол бүгінгі таңда мешіттің құлшылық орны болуына кедергі келтіріп отырған жоқ. Оның іргесі мен құрылысының нық орналасып, бекем болғаны сол, мешіт 1995 жылы болған жапон тарихындағы аса ірі жер сілкінісіне (еске сала кетсем, 1995 жылы 17 қаңтарда таңғы сағат 05:46 JST кеткенде 6434 адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісі болған еді, 200 000 ғимаратты қиратқан зілзала Рихтер шкаласы бойынша 7,3 балл болған) төтеп бере алды. 
Мешіт дәстүрлі стилде салынған, оның сәулетшісі – Жапониядағы көптеген діни ғимараттарды тұрғызған, 1885–1969 жылдар аралығында өмір сүрген Жан Жозеф Свагр (Jan Josef Švagr) есімді чех сәулетшісі екен.

Гүлжаһан Асанкелдіқызы

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.