Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Зиратқа зиярат һәм жаназа мәселелері…

0 2  501

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) өз сөзінде: «Сендерге зиратқа баруды тыюшы едім, енді оны зиярат етіңдер. Себебі, ол сендерге Ахиретті еске түсіреді» деп, бізге зиратқа ара-тұра барып тұруымызға үндеген. Демек, онда барған шағымызда тек Құран оқып қайтпай, ойға шомып, жерленгендердің біздей болғанын, біздердің де бір күні солардай болатынымызды, Алланың алдына баратынымызды, һәм есепке тартылатынымызды еске алып, ғибрат алғанымыз жөн. Істеген күнәларымызға өкініп, тәубе қылып, өзіміз бен бізден бұрын иман етіп, дүниеден өткендер үшін дұғамызды ұмытпауымыз лазым.

Өкінішке орай, жаназа намаздарына қатысып жүріп, біраз олқылықтарды көзіміз шалып қалады. Оны білместіктен істеп жатыр дейін десең, жаназа бізде жиі боп тұрады. Имамдар да айтпай жүрген жоқ. Алайда, қабір басында адамдардың ойнап-күліп, тіпті, темекі шегіп тұрғанын көргенде айтарға сөз таппайсың-ау! Осы біздер зиратқа зияратты дұрыс жасап жүрміз ба? – деген сауал қою арқылы, бұл сауабы мол істің, шама келгенше, дұрыс жолын түсіндіруге тырыспақшымын.

Ең әуелі бір мұсылманның дүниеден өткенін естіген шақта ол үшін: «Алла рақымына бөлесін», «Қайырлы қаза болсын!», «Қайырын берсін!» сынды дұға-тілек жолдағанымыз дұрыс. Білгеніміз: «Ақиқатында біз Алланың құлымыз, Оған қайтушымыз» деген мағынадағы Құранда келген сөздерді айтсақ, сүннетке сай істеген боламыз. Одан кейін жаназаға қатысу ниетімізді білдіріп, қайғы көтерген жанұяға көңіл айтып, шамамызға қарай (олардың сізге әкелгеніндей емес) бата қылған жөн. Бұл да сүннетке сай. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Жағфар есімді сахаба дүниеден озғанда оның отбасының жаназа мәселерімен шұғылданып жүргенін ескеріп, басқа сахабаларына олар үшін тамақ әзірлеуін бұйырған. Бізде бұл әдетке айналған. Қазақ қайғылы жағдайда бата қылып ақшалай немесе азықтай өз қол ұшын созады. Міне, осы азықпен алыстан келгендерге тамақ әзірленеді. Ал, кісі қайтқан үйден үш күн бойы тамақ ішуге болмайтыны – оның мал-дүниесінен қарыздары, өсиеті мен мирасы бөлінетіндіктен. Ал, біздегі қонақасы батаға әкелінген азықтан әзірленеді. Жаназаны халық көтереді. Тіпті, дайындық мәселелерімен де туыстары мен жора-жолдастары айналысып кетеді. Мұнысына оларға Алланың ризалығы болғай! Мәйіт шыққан үйде тамақ ішпеуге келсек, бұрындары үйлер бір бөлмелі болғандықтан, мәйіт жатқан жерде ас ішу қолайсыздау еді. Қазіргі уақытта үйлер бір бөлмелі емес, оның үстіне қаладағы көршілердің араласпайтынын, жағдайлары көтере бермейтінін ескерсек, қайғы көтерген үйден ас ішуге болмайды дегенді доғара тұру керек сияқты. Біреулер қонақасын беру үшін асхана жалдай қойсақ болады дейді, бірақ ол да артық шығын емес па? Ауылда болса, басқа мәселе. Онда да кейде ыңғайсыз жағдайлар орын алады. Сол себепті, егер қонақасы көрші үйде берілер болса, ол үйге қаражат батаға жиналған ақшадан берілуі тиіс деп ойлаймын.

Жаназаға қатысу ниетінің де дұрыс болуы шарт. «Әкем қайтқанда келмеді», «Шешесі қайтқанда бата қылдым, ол болса, бата қылмады»  сияқты сөздерден аулақ болып, шын ниетімізбен көңілімізді білдірген дұрыс. Жаназаның сауабының өте зор екенін білген қазақ естіген жағдайда қатысуға тырысады. Сондықтан болар, жаназа қатысқандығына берілетін сауапқа кенелу үшін атам қазақ сол сапар барысында басқа үйлерге баруды құптамаған.

Мусибат көтерген үй жанашырлары жаназа рәсімдеріне дайындыққа кірісіп кетеді. Мәйіт оң жаққа қойылады. Ол үшін іш дәрет алынып, еденге жайма төселіп, салқын жерге мәйіттің оң жағы құбылаға келетіндей етіліп, жүзі құбылаға бұрылып жатқызылады. Бұдан кейін өлінің емес, тірінің қамын жасау басталады. Асхана, жыртыс-мата, сойылатын мал т.б. Осының бәріне екі күннен артық уақыт кетіп, мәйіт жайына қалады. Ондағы ең күрделі мәселе – сойылатын мал. Кей жаназада бір емес екі жылқы сойылады. Үшеу сойылғанын да естідік. Міне, осы тұрғыда имамдардың және кейбір азаматтардың ас үстінде еттің туралып әкеліну керектігін айтып жүргені орынды. Мен де мұны құптаймын. Өкініштісі, бұған қарсы болғандар да жоқ емес. Не үшін екенін түсінбеймін! Ақырын-ақырын осыған көшсек жөн болар еді. Бұл жағдай бардың малын шашып, жоқтың артын ашып отыр. Ал, дастархан мәзіріне шектеу қойғанына толыққанды келісе қоймаймын. Бұл ас иелерінің қалауы. Сіз бен біз барып «Жаман үйде қонағы билейді», дегендей, «Бүйт, сүйт» дегеніміз жөн болмас. Қайта дастарханға қойылған нәрсе садақа болады, сауабы мәйітке жазылады. Істің мәні осындай. Дегенмен, жаназада халық тойда аста-төк болып  шашылмағанын құптаймыз. Төгіп, шашылмай, үнемдегеніміз дұрыс болар.  Басқа өңірлерде дастархан мәзірін бекітіп жатыр, сол үшін біз де сөйтсек болатын шығар. Бір молдалардың дастарханнан алып кетуді тотқатқанын жетістік санап жүргенін көрдім. Мұны жетістік деп санамаймын. Басқа да теріс амалдар бар, соны тыялық. Әйелдердің дастарханнан алғаны жарар, себебі, ол садақа есебінде кетеді. Ал, еркектердің салып алып жатқаны ерсі көрінетінін естен шығармағанымыз жөн. Мұндай үрдіс тоқтаған жерде қайта жандануына себеп болмасын, бұл сөздерім.

Матаның, жыртыстың таратылу-таратылмау жөнінде талас-тартысқа түстік. Ертеде ондай мата дүниеден озған адамның атынан садақаға ретінде үлестірілетін. Алған адам матадан киім тігіп алушы еді, ал қазір бір мата әр жаназаны айналып жүре береді. Пайдасы жоқ. Оны таратқанның өзінде, халықтың: «Оңдап жөнелте алмады» деген сөзінен қорқып, Алланың ризалығын емес, адамдардың ризалығын көздеп таратамыз. Олай болса, ондай істің сауабы болмайды. Одан да сол матаға кеткен қаражаттың түгелін демейік, жартысын (матаға шамамен 150-300 мың теңге кетеді) мешітке (мешіттің жылуы мен жарығын төлеуге), мешіт құрылысына, медреседе оқып жатқан шәкірттерге, дін қызметінде жүргендерге, мұқтаж, емге қаражат жинай алмай жүрген жандарға берсе, сол игі. Мәйітке сауабы тиеді. Сауабы дегеніміз ол оған нұр боп келуі, қабірі кеңеюі, қабір азабы жеңілдетілуі әбден мүмкін. Осыған үйренсек жақсы болар еді. Айта кетерлігі, мата таратпау жөнінде жаназа үстінде емес, оған дейін айтылу керек. Яғни, кісі қайтқан күні барып, мән-жайды түсіндіруі тиіс.

Ендігі сөз молдалар жөнінде. Біз жиі молдалар ақы (ставка) қойды, мәйітті ұрлады деген сөздерді естіп жатамыз. Өкінішке орай, жаназа не асқа молданы мешіттен алмай, көшеден табамыз. Олар болса, ақы сұрап, нәтижесінде жаман аты мешітке келеді.  Халыққа айтарымыз, егер де ондай жағдай тіркелгенде мешітке келіңіз. Егер мешіт қызметкері тарапынан ағаттық кетіп жатса, шара қолданылады. Басқа жағдайда мешіт жауап бермейтінін қаперіңізге саламыз. Бұл жердегі ұсынысым жаназа намазын нақты мешіт имамдары шығару керек. Ал, мәйітті тәрбиелеу, жаназа рәсіміне дайындаумен сол молдалар айналысса, айналыса берсін. Ол үшін мешіт имамдары ақы да сұрамайды. Садақаны, сол мәйітті тәрбиелеген адамдарға беріңіздер, еңбектері бар ғой. Айтпақшы, «ставкаға» келер болсақ, бұл да өзекті мәселе. Балаларымыздың тойында асабаға жүз мың теңге беруден тайынбаймыз да, жақын адамымызды соңғы сапарға шығарып салған молдаға ақшамызды қимаймыз. Оған қоса, артынша сол садақа қайда кеткенін сұрап жатамыз. Екі-үш күн жүріп, ақыры конверттің ішінде 500 теңге көретініміз бар. Әлбетте, молданың «ставка» қойғаны дұрыс емес, алайда халық та молданың жағдайын ойлау керек. Қытайдағы қандас бауырларымызда жаназаны атқарған молдаға жылқы атайды екен. Мүмкін олардың жылқысы көп шығар, бірақ бізде жағдай ондай нашар емес қой. Университетте  бірге оқыған жолдасымның: «Егер бір ауылдың тұрғындарының әрқайсысы молдаға ай сайын 50-100 теңгеден беріп тұрса, ол елінің амандығын, ауылдың тұрғындарының көп болғанын қалайды. Ал, оның күні жаназаға қаратылған болса, ол біреудің өлгенін қалайды»  дегені бар еді. Бұған қоса, әзіл болсын, медреседе оқыған екі жолдас кездесіп, қал-жағдайын сұрасыпты. Біреуі: «Қалың қалай?» десе, екіншісі: «Нашар!»  депті. Мұны естіген әуелгісі себебін сұраса, екіншісі: «Екі ай болды ешкім өлген жоқ» депті. Ащы болса да, шындық. Молданы осындай халге жеткізгеніміз, жүрген жерде оларды жамандауымыз бізге сын. Молда да үйінде сіздердегідей телефон, телевизор т.б. болғанын қалайды. Ол да пенде ғой. Ол да ұйықтайды, тамақ ішеді. Балаларының ел қатарлы болғанын қалайды. Ертеректе, әр рудың өз қожасы, молдасы болған. Олардың жағдайы жасалынып қойылған, молдекеңнің әлегі тек балаларға тәлім беру, Құран оқып үйрету, жақсы тәрбие беру еді. Қазіргілердің қамы – пәтердің ақысын қалай өтеймін, балаларыма киім қалай аламын т.б. Қай молданы көрдіңіз түңгі уақытта әкеңіз қысылғанда оған хабарласқан шақта оның: «Жұмыс уақыты сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін, күндіз келіңіз» дегенін?! Сондықтан, құрметті ағайын, олардың да жағдайын ойлап қоялық. Олардың жағдайы мүлдем жаман дей алмаймын, әрине. Дегенмен, олардың жағдайы одан да жақсы болғаны, напақа іздеп, басқа салаға кетіп қалмағаны бәрімізге жақсы. Кезінде молдалар садақа алмайтын деген сөздерді естіп жатамыз, біліңіздер, ол кездегі молдалар ақсақалдар еді. Ол кісілердің алатын зейнетақылары болған әрі бала-шағасы оларды қамтамасыз ететін еді. Сол үшін бұрынғылар мен бүгінгіні салыстыру қиындау. Бұл жерде Құран оқығаны үшін берілетін садақаны айта кеткен жөн. Негізі садақаны Құран оқығаны үшін емес, молдаға садақа ретінде беріңіз, марқұмның не өзіңіздің атынан. Осы дұрыс болар. Құран оқығаны үшін ақша беруге болады ма деген сұрақ та туындамайды, сонда. Сонымен қатар, Алла тағала: «Берген садақаларыңды міндетсіп, ренжітіп, сауабын жойып алмаңдар»  дейді, сол үшін молдаға, иә мешітке берілген садақаның қайда кетіп жатқанын сұрап, сауаптан айырылып қалмаңыз. Айтпақшы, мәйіттің атынан Құран шығару әдеті де дәстүрден шығып бара жатқандай. Негізінде, адам көз тірісінде өзі Құранды шамасы келгенше хатым етіп, сауап жинағаны дұрыс. Ал, дүниеден өткен адамның атынан Құран шығаруымыз – оған сауабы тисін деп. Құран шығару дегеніміз – оны басынан аяғына дейін толық оқып шығу. Мұндай жағдай, қазіргі уақытта көптің қолынан келе бермейді. Әрі уақыт та бола бермейді. Өкініштісі, кей молдаға күнде барсаң, бір шыққан Құраны дайын тұрады. Күмәнім бар, мұнысына. Өңіріміздің кей ауылдарында бірнеше молда жиналып Құранды бөліктерге бөліп алып, Құранды хатым ету әдеті бар, мұндай болса, нұр үстіне нұр. Әйтпесе, бір екі күнде шығару әсте мүмкін емес. Әдейі, уақыт бөліп отырмаса, жұмысы бар бір адам қырқына дейін шығарып үлгермеуі де мүмкін. Қазіргі уақытта толық Құран орнына хатым сағир деп қысқаша оқып бағыштап жатады. Бұлай болса, әңгіме басқа. Әйтпесе, адамдарды алдап, мұнымен пұл табу – қаталық. Кей астарға өз басым барғанда, сонда отырған ақсақал, мен оның нанын суырып алатындай көріп: «Құран шығаруды маған тапсырып еді», – деп, Құран оқуға талпынады. Оған: «Оқи қойыңыз, ата», деуден басқа шара қалмайды. Шынтуайтына келгенде, Құран оқи білмейді. Бұл қалай болғаны?! Алладан қорықпаймыз ба?! Қабыр басында да таласады. Имам оқып, тәмам десе, бойұсыну керек. Біреулер: «Шын ниетімен қалап тұр» – дер, ондай болса, адам өзі, тіпті ешкімге білдіртпей, ішінен оқып, бағыштап, дұғасын тілесін, осы оның шын ниеттілігін көрсетеді. Бұрын осылай еді, бұлай еді деуді, кезінде молдалар рұқсат беретін деуді де доғару керек. Баяғының ақсақалы мен қазіргінің ақсақалы салыстыруға келмейді.

Мәйітті жууға кірістік. Алланың елшісі (с.а.с.) мәйіт үстіндегі кемшіліктерді жаюға қатаң тыйым салған. Сондықтан, шариғатымыз, оған қоса қазақ халқы, ежелден, сүйекке жанашырлар түсу керектігін айтады. Осы талапты сақтағанымыз жөн. Яғни, мәйітті жуындыруға туыстардың кіргені һәм оның үстінде кемшілігі болған жағдайда, ешкімге жарияламауы. 

Енді кезек жаназа намазына келді. Жоғарыда айтқанымдай, жаназаны тек мешіт имамдары шығару керек. Намазға келген жамағат үйлерінен жуынып, дәретін алып, сапқа тұрған дұрыс. Дәретін алмаған болса, сол жерде тәйәммүм (дәрет орнына жүретін амал) алып, сапқа қосылу тиіс. Жаназаға қатысудің ең негізгісі осы. Екі дүние сардары( с.а.с.): «Кімде кімнің жаназа намазына жүз адам қатысса, оның күнәлары кешіріледі» – деген. Басқа хадисте, тіпті, қырық адам дегені бар. Ал, «Жаназа намазына қатысқанға Ухуд тауындай сауап…» деп айтылған хадисте уәде етілген сауап осы жаназа намазында сапқа тұрғандарға бұйырады. Жаназа намазын оқып болысымен имам: «Мәйіт жақсы ма?», – деген сұрақ қояды. Жамағат: «Жақсы», – деп жауап қатады. Бұл жақсы үрдіс. Себебі, Пайғамбарымыз с.а.с. айтқандай, адамдар Алланың жер бетіндегі куәлары. Кімді олар жақсы десе, Алла да оны жақсы деп қабылдайды (Алла бізді игі жақсылардын етсін!). Ал, кімді жаман десе, Алла да оны жаман деп қабылдайды (Алла бізді жамандардан етпесін!).

Одан соң мәйітті иығымызға көтеріп, зиратқа беттейміз. Жолшы бойы бос әңгімені қойып, дүниеден өткен адамға оның күнәларының кешірілуін, Алланың оны рақымына бөлеуін сұрап дұға тілеп барғанымыз жөн. Әсіресе, балаларының дұға тілеп барғаны құпталады. Зиратқа кірместен бұрын Пайғамбарымыз с.а.с. үйреткен: «Әс-саләму аләйкум иә әһлә-ддияри минәл-муминина уәл-муслимин. Уә иннә ин шәә Аллаһу бикум ләхиқун. Әс-әлуллаһа ләнә уә ләкумул-афия», яғни «Уа, мүмин-мұсылман болған зираттың тұрғындары! Сендерге Алланың сәлемі болғай! Алладан бізге және сендер үшін кеңшілігін сұраймын» – деген мағынадағы дұғасын айту сүннет болады. Бұны білмеген адам: «әс-саләму аләйкум, мұсылман қауымы» – деп айтса болады. Кей жерлерде зиратқа кірместен молда қысқаша бір сүре оқып, бағыштайды. Бұл да құпталатын дүние.

Мәйітті қабыр қасына қойған соң да жамағат бос сөзге салынбай, дұғасын жалғастырған жөн, екі дүние сардары (с.а.с.): «Бауырларың қазыр сұраққа алынады, ол үшін кешірім тілеңдер!» – дегенін ескеріп. Әсіресе балалары дұғаны көптеп айту лазым. Жамағаттың кері әрекеттерге салынбауы үшін молданың зиратқа келгенде сақтау керек әдептер жайлы кішігірім уағыз айтқаны да артық болмайды. Мүмкін бір пайдасы болар!…

Бұл жерде әйелге тән ерекшелік, оны жерлеу сәтінде үстін жауып тұрады. Мұны шариғатымыз бұйырған. Алайда, біз одан маңыздысын ұмытамыз. Әйелдің тәнін жер қойнына бөтен еркектер (құдасы т.б.) тапсырып жатады. Бұл қате. Дұрысы – оны онымен некесі жүрмейтін балалары, аға-інілері, қабірге түсіргені. Осылайша жасалуы тиіс.

Мәйітті жерлеген соң молда «Мүлік» сүресін оқып, сауабын бағыштап, қабірде болар сұрағын жеңіл етуін сұрап, тіпті «Раббым – Алла, дінім – Ислам, Пайғамбарым – Мұхаммед» деген сөздерді дауыстап айтып, ауызына салып (талқын қылып), Алладан қабыр азабынан сақтауын сұраған жөн. Молда рұқсат еткен жағдайда білгендер болса, мәйітті бас жағында «Бақара» сүресінің алғашқы бес аятын, аяқ жағында аталған сүренің соңғы екі аятын оқыса болады. Осылайша істеуін, кезінде сахабалар балаларына өсиет қылады екен. Кей жағдайда, намаз оқымайтын, бой дәреті жоқ, оның үстіне қате оқыса да имамдармен жағаласып оқитындар да табылады. Қаперлеріңізге салып қояйық, бой дәретсіз (ғұсылсыз) адамның Құран оқуына шариғатымызда тыйым салынған. Сондықтан, сауап емес, күнә табуыңыз мүмкін. Ал, молда тәмәм десе, бойұсынған түрде жөнелгеніміз дұрыс. Құран оқуға ниетті болғандарыңыз жеке қалып, оқи берсеңіз, тіпті ол жерде отырып, Құранды толығымен шығарсаңыз да, өз еркіңізде. Зираттан шығып бара жатқан шақта да сонда жерленген аруақтарға дұғаларыңызды жаудырып кеткен жөн.

Дұға демекші… Көпшіліктен  зират қасынан өткенде бет сипау жөнінде сауалдар кеп жатады. Біріншіден, бет дұға соңында сипалады. Ал, біздер тек бетімізді сипаймыз да қоямыз. Бұл жерде негізгі мәселе бет сипау емес, дұға тілеу. Сондықтан, бастысы – дұға тілегеніңіз. Бет сипау – дұғаның әдебі. Адам дұға тілегеннен кейін бет сипайды. Сол үшін зират қасынан өткенде аттың басын тежеп, жоғарыда келтірілген дұғаны, басқа білген дұғаңызды айтып өткен жөн. Тіпті, Құран бағыштасаңыз артық болмас. Ғалымдар: «Кім де кім зират қасынан өтіп, ондағыларға дұға тілемесе, өзіне һәм оларға қиянат қылған болады» – дейді. Алланың елшісінің (с.а.с.): «Кім де кім бауырының қабірінің қасынан өтіп бара жатып оған сәлем берсе, ол сәлемін қайтарады» – деген мағынадағы сөздері бар. Сол себепті, бетіңізді сипаңыз, сипамаңыз бастысы дұға тілеңіз.

Жерлеу рәсімін аяқтап, асқа келдік… Бұл жерде де ыңғайсыз жағдайлар орын алады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деген желеумен дүниеден өткен адамды мақтаймыз-ау, кеп тұрып! Кезінде бірге ішкенін, қиянқылық қылғанын еске алғанына не дерсің?! Ол үшін айтқанға күнә жазылатынын, мәйітке зарары тиюі мүмкін екенін біле ме екен, халқым?! Бұған, мәйіттің туыстары  суреттерін жинап «слайд-шоу» жасау кезінде, оның ішіне арақ ішіп отырған сәттерін қосып қоятыны кіреді. Ол слайдтар музыкамен сүйемелденеді. Құдайы асымыз не нәрсеге айналып барады? Туған күні емес қой! Ондай аста туысы болған бір ағамыз қысқаша өмірбаянын айтып, қалған уақытты молданың уағызына арнасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Оған да халқым үйреніп келеді. Өкінішке орай, молданың ондай жиында жамағатты иіріп әкете алмайтыны бар. Сондықтан, ондайға мешіттен арнайы имамдарды алдырсақ, игі болар еді. Айтылған уағыздың да сауабы болса, мәйітке тиюі мүмкін екенін естеріңізге сала кетейік. Ал, Алланың есімі ұлықталмаған, уағыз айтылмаған отырыстардың берекесі бомайтыны анық.

Еске алу астары жиіленді, қазыр. Мұндай ас Алла ризалығы үшін әзірленіп, дастарханға туыстар, көршілер мен мұқтаждар, жетімдер шақырылса, астың иесі мен ас кімнің атынан берілсе, сауапқа кенелетіні сөзсіз. Мұндай шартпен берілсе, жұма сайын берсеңіз де, ешкім сізге қарсы бола алмас. Жылдық асы, он жыл, жиырма жыл деген атауларында тұрған ештеңе жоқ. Халық соған үйренген ғой. Негізі, ниет дұрыс болсын. Қарағанды қаласында бір досымыздың қызы дүниеден өтіп, соның асында негізгі астан кейін бір топ балаларды көріп, бұлар кімдер? – десем, жетім балалар екен. Арнайы шақыртылып,  астан оларға да үлестірілген. Міне сауап қайда жатыр.

Қорыта келе, адам тірі кезінде құрметке лайық болса, дүниеден өткеннен соң да оған деген құрмет тоқтамайды. Алланың құзырына қайтқан жақындарымызды лайықты деңгейде шығарып салсақ, бізге де өліге айналған оларға да жақсы болары анық. Олардың атынан игі амалдар атқарып тұрсақ, Алла жазса, оларға да бізге де сауабы тиеді. Пайғамбарымыздың хадистерінде өлілерге тірілердің амалдары көрсетілетіні, ол амалдар жақсы болса, олар, яғни аруақтар, сүйіншіленетіні, ал, жаман болса, ол аруақтар Алладан: «Оларды тура жолға салмай, жанын алмашы», – деп дұға қылатыны жайлы айтылған. Қазақтың: «Аруақтарды бір аунаттың!» дегені осыдан болар. Сондықтан, амалдарымызды Алла көріп тұратынын, өлілерге көрсетілетінін ескеріп, атқарып жатқан әр ісіміздің шариғатымызға сай болғанын қадағалайық, ағайын!

Қанат Алшынбаев,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.