Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мемлекет пен дін қарым-қатынасын реттеудің әлемдік үлгілерінің тарихы (2)

0 34

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Расында, мемлекеттің дүниетанымы мен әлеуметтік-саяси мәдениет арасындағы теориялық ұстанымы және оның тарихи шындығы практикалық қалыптасуы саяси ойлар тарихындағы ең көне және іргелі мәселе.

Мемлекет,  Платон үшін ақиқатты білуші және адам рухының идеал формасындағы көрінісін қалыптастырушы, Аристотель үшін жеке тұлғаның саяси субъект ретінде онтологиялық өмір сүруіне кепілдік беретін органикалық тұтастық, Гоббс үшін адамның онтологиялық өмір сүруіне кепілдік беретін саяси биліктің құрылымы, Руссо үшін қоғамның ортақ еркін білдіретін саяси одақ, Гегель үшін бұл Құдайдың жер бетіндегі көрінісі немесе тарихтағы абсолютті рухтың (geist) формасы. Бұл жерде мемлекетті табиғи абсолютті құндылық және трансценденттік институт ретінде қарастырған. Сонымен қатар, мемлекетті белгілі бір әлеуметтік функцияларды орындайтын саяси жоғарғы лауазым ретінде қабылдайды. Прагматистік философияда, мемлекет көзқарас қалыптастырушы немесе  анықтаушы емес, азаматтық қоғамның құндылықтарын өміршең етуде қалыптастырушы құрылым ретінде қараған.

Шынтуайтында, дін де, мемлекет те адам өмірін бақытты етуді мақсат етіп қояды. Дін адамды өзіне сендіру арқылы оның екі дүниесін бақытты етуді қамтамасыз етсе, мемлекет негізінен адамның бұл дүниедегі мәселесін реттеуді қарастырады. Осы орайда айта кететін жәйт, ежелгі дәуірде әрбір қоғамның өзіне ғана тән сенімдік жүйесі болған еді. Біртіндеп, уақыттың өтуімен қоғамдық қарым-қатынастар дамып, нәтижесінде әртүрлі сенімдегі индивидтерден тұратын қауымдар қалыптаса бастады. Көне заманда-ақ, грек философя Эпикур (б.з.д. 342-270 ж.ж.): «Бақытқа білім мен зайырлы* ағартушылық жол арқылы ғана жетуге болады» деген болатын.

Еуропа тарихына көз салсақ, христиан дінінің кәрі құрлыққа таралуымен Рим шіркеуінің шексіз билігі пайда болды. Шіркеу саясат пен ғылымның дамуын, адамдардың жүріп-тұру ережелерін белгілейтін құдыретке ие еді.

Грек  сөзінен аударғанда шіркеу (церковь) сөзі «құдайдың үйі» дегенді көрсетеді. Қысқа мағынада шіркеуді христиан дінінің дәстүрін орындайтын үй ретінде түсінеді, өздерінің белгілі анықтаушысы деп біледі.

Кең мағынада шіркеу – бұл діни ұйымдардың ерекше кейпі, сенім ілімінің жалпылығы мен культінің негізінде әртүрлі діндерге сенушілерді біріктіруші;

Шіркеудің басты белгілері:

а) дайындалған діни (догматикалық культтік) жүйенің болуы;

б) иерархиялық сипаттағы басқаруды орталықтандыру;

в) шіркеуге тиістілерді духовенство мен мирянға (жәй сенушілерге) бөлуі.

Шіркеу барлық кезеңдерде, қоғам өмірінде маңызды роль атқарады. Ертедегі тапсыз қоғамдарда, қала-мемлекеттер нысанындағы өмір сүрген кезде үш басқару орталығы болған-қалалық община, дворецтер және храмдар.

Мемлекет пен шіркеудің екі түрдегі қарым-қатынасы бар:

а) мемлекеттік шіркеудің болуы, мұнда шіркеудің артықшылық ережесі, басқа сенушілерге қарағанда бекітілген;

б) мемлекеттің шіркеуден бөлінуі және мектептің шіркеуден бөліну режимі.

Мемлекеттік шіркеудің статусы, артықшылығынан басқа қоғам өмірінің әр саласындағы мемлекет пен шіркеудің тығыз байланысын алдын-ала болжайды. Революцияға дейінгі Ресейде ондай статус орыс Православия шіркеуінде болды. Ұлыбританияда арнайы мемлекеттік шіркеуге ағылшын (протестанттық-енископтық) шіркеу болды, оның басшысы ретінде монарх тұрды.

Жалпы, мемлекеттік шіркеудің статусы мынандай кездермен сипатталады:

Шіркеуге кең көлемдегі обьектілерді меншіктенуге құқық беріледі-жер, құрылыс, үй, культтің заттары т.с.с.

Шіркеу мемлекеттен әртүрлі субсидарлық және материальдық көмек алады.

Шіркеуге көптеген заңды міндеттер жүктеледі (негізінен отбасы туралы қатынастар).

Саяси өмірге араласуға құқығы бар, мысалы, өзінің өкілдері арқылы мемлекеттік органдарда.

Өсіп келе жатқан ұрпақтарды тәрбиелеуге – оқытуға кең көлемдегі міндеттер бар. Әдеттегідей, оқу орындарында дінді оқыту міндетті түрде белгіленген.

Дін түсініктер мен мемлекеттік дүниетаным қатар дами бастаған ескі дәуірде адамдар бақытқа кенелудің әртүрлі жолдарын қарастырды. Осындай ұмтылыстың арқасында б.з. 425 ж. Константинопольде Шығыс Рим билеушісі ІІ Феодосий Аудиториум университетін құрған еді. Аталған оқу орны білім саласында зор биіктерді бағындырды. Бірақ, Византия империясындағы ішкі қайшылықтардың орын алуына байланысты, Фока билеушінің тұсында Аудиториум оқу орны жабылды. Әйткенмен, Шығыс Рим мәдениеті ІХ ғасырда қайта дами бастады. Әсіресе, философия мен өнер саласы алға жылжыды. ІІІ Михаил билеуші және оның туысы Барда 863 ж. Византия астанасында қайта университет ашты. Дін мен мемлекет қатынастарын дамытқан бұл университет Магнавра салтанат сарайында орналасты. Университет кафедраларында озық ойлы ғұламалар жұмыс істеді. Ғұламалар университетті Шығыс Рим өркениетінің орталығына айналдырды. Ойшылдар фундаментальді діншілдердің көзқарастарын жоққа шығаратын ғылыми концепциялар жасады. Университет еркін ойлаудың ордасына айналды.

Осылайша Византияда діни қасаң түсініктерге сын көзбен қарай алатын көзі ашық ағартушы қауым қалыптасты. Бұл білім беру ошағы діни полемеиканы қолдаған жоқ. Есесіне ешбір сенімдік жүйеге басымдық берместен, алдымен ғылыми ойлауды алға шығарды. Қалың бұқараның қолдауына ие болған оқу орны өзінің алғабасар ұстанымының арқасында Еуропада кейін орын алған Қайта өрлеу кезеңінің (ХІV ғ. басы – XVI ғ. аяғы) қайраткерлеріне игі ықпалын тигізді.

Византия өркениеті Еуропаның өзге өңірлеріне қарағанда әлдеқайда алда еді. Философиялық ойлаудың қайта жаңғыруы христина дін өкілдерінің мазасын қашырды. Әсіресе, католик шіркеуі философиялық ойлауға қатты қарсы болды. Десе де, православия шіркеуі Аудиториум университетінің ағартушыларына қарсы Студий монастырында бас қосып, Магнавра мектебінің ұстанымын жоққа шығаратын бөлек екінші бір университет ашты. Православ діндарлары христиандық догматиканы құптайтын жаратылыстану ілімдерін дамытып, мүриттеріне өздерінің сенімдік доктриналарын үйретті. Өздері әулие санаған діндарлардың биографиясына негізделген трактаттар жазды. Магнаварада өзінің көркімен мәшһүр болған Кассия атты әйел философиялық өлеңдерімен қалың бұқараның көңілін ауласа, Студий университетінің ғұламалары христиандық диогматиканы жақтап, өлеңдер шығарды.

Шығыс Римнің зерттеушілері және өнертанушылары әлемдік мәдениеттерді танып білуге ұмтылды. Осы кезде Аббаси халифінің ордасындағы ғұламалар мен өнерпаздарда біршама ілгерлеп, жаңа өркениеттің негізін жасаған еді. Шығыс Рим мен Бағдат бір-бірімен ғылымда бәскелес мектептерге айналды. Әрі бәсекелесу арқылы бірін-бірі толықтырып, ғылымды дамытты. Екі діннің, екі өркениеттің арасында толеранттылық пайда болды.

Орта ғасырларда Еуропаның саяси құрылымы бытыраңқы күй кешті. Рим империясының талқандалуымен Еуропада саяси даму артта қалған еді. Католик шіркеуі саяси билікке араласқанымен, шын мәнінде билік кішігірім графтар, бюргерлер, корольдардың қолында болатын. Ал, мұсылман әлемінде салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, біртұтастық бар еді. Десе де, еркін ойлауды дамытқан жаңа дәуірде Еуропада адам құқығын қорғау мәселесі күн тәртібіне шықты. Сөйтіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды дамытып, қоғамдық жаңа институттар пайда болды. Бұл биліктің деспоттық әрі тирандық түріне тоқтау салып, көпшіліктің (республикалық)  билігін алға шығарды.

Бастапқыда феодалдар Еркіндіктің ұлы хартиясы («Magna Charta Libertatum») құжатын қабылдап, корольдердің шексіз билігін тежеп, бірқатар құқықтарға қол жеткізді. Бұл 1215 жылы Англияда іске асқан еді. Лордтар өзгелерге қарағанда айрықша мәртебеге ие болды. Бірақ, Еуропадағы адам құқығы мен бостандығы тұрғысындағы қозғалыстардың нәтижесінде бұл қадам кейін күллі буржуазияны да қамтыған болатын.

Еркіндіктің ұлы хартиясы Еуропадағы лордтардың екі лагерін қалыптасуына түрткі болды. Зайырлы ақсүйектр мен діндар ақсүйектер бір-бірімен тартыса бастады. Дегенмен, бұл бөлінушіліктік қоғамның дамуына белгілі бір оң әсері болғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл тартыс саяси биліктің орталықтануына жол берген жоқ. Сондай-ақ, индивидтердің құқықтары мен бостандықтарына қол сұғуға жол бермеді. Яғни, қос ақсүйектер тобының тартысы кезінде жай адамдар бірінен қысым көрсе, екіншісінен барып пана табатын. Екі лагер өкілдері де пана іздеушілерді өз жағына тартуға мүдделі болды. Көпшілікті өздеріне шоғырландыру арқылы күшеюді ойлады. Бұл текетірес деспотизм мен тиранизмның артта қалуына себеп болды.

Орта ғасырларда Еуропада феодал мен король, шіркеу мен мемлекет, жергілікті шіркеу мен папа, король мен парламент, лордтар мәжілісі мен буржуазия мәжілісінің арасында қиян-кескі талас-тартыс өрбіді. Соның нәтижесінде адам құқықтары мен бостандықтарының тізбегі ортаға шықты. Иә, Еуропадағы демократиялық жарылыстың тарихы тым тереңде жатыр. Сандаған ғасырларға созылған эволюциялық өрлеудің соңында адам құқығы мен бостандығы ең басты қазынаға айналған қоғам құрылды. Ал, демократиялық тұрғыда дами алмаған елдер адам құқығы мен бостандығын қорғауда мешеулікке ұрынып, нәтижесінде әлеуметтік тұрғыда да кенжелеп қалуға мәжбүр болды. Олар плюрализмнің тарихи өлшемдерін бастан кешірмегендіктен де, зайырлы дамуды сезіне алмады.

Шығыс Римдегі Аудиториум және Магнавра білім ошақтарынан нәрленген Еуропада гуманизм құбылысы бүр жарып шықты. Гуманизм сөзі латын тілінен аударғанда «адамгершілік» деген мағынаны білдіреді. Гумманизм термині Қайта өрлеу кезеңіне еркіндікті мақсат еткен қоғамдық қозғалыс үшін кеңінен пайдаланылды. Қайта өрлеу дәуірінде Еуропада ежелгі антика мектебіне тән әдебиеттерді зерттеу қолға алынып, негізгі субстанция және ең басты критерий адам екеніне көз жеткізілді. Гуманизм ақыреттік бақыттан бұрын бұл дүниенің мәселесін шешу маңызды екеніне баса назар аударды. Соның негізінде адамгершілік ұранымен (гуманизм) қатар индивидуализм мен секуляризм ағыстары қоғамдық талқылаудың алдыңғы қатарына шықты.

Бауыржан ЕСМАХАН

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Дінтану ғылымдарының магистрі

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ағдарбеков Т. Мемлекет және құқық теориясының проблемалары. Алматы, 2006. 256 б.  2.Uygarlık Tarihi. – Eskişehir: Anadolu Üniversitesi, 2011. https://www.anadolu.edu.tr/acikogretim/acikogretim-fakulteler

* Зайырлы – білгір, білімдар. Зайыр – анық, айқын, ашық.

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.