Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Елбасы шарапаты

0 48

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Ойшыл-ғұлама Әл Фудайл бір сөзінде: «Егер қабыл болар тілегімді білгенімде, басшыға арнайы дұға жасар едім», – деген екен. Мұның сырын сұрағандар «Қарапайым адамның шарапаты айналасына тисе, ал басшының игі бастамалары, халықтың болашағы жолындағы қадамдары мен шешімдері күллі қоғамға, қауымға, мемлекетке пайдасын тигізеді. Басшының барлық адамға шарапаты тисе, қоғамға береке орнайды» деген жауап алған екен. Біз, Ислам дінінің қызметкерлері, мемлекеттің тұтастығы мен игілігі үшін, ел басқарып жүрген азаматтардың ізгі істері үшін қашан да дұға-тілегімізді айтып жүретініміз сондықтан.

Халқымызда «Ханның сырын құл білмейді, құлдың сырын кім білмейді?» деген сөз бар. Ел басқарушы тұлғалар жекелеген азаматтардан бастап қоғамның, мемлекеттің игілігі үшін қызмет етеді. Барлық жігері мен уақытын, өмірі мен күш-қуатын халықтың қамы үшін сарп етеді. «Патшаның әр күні өзіне азап, халқына – той» деген тұжырымды сөздің мәні мен мағынасы осында жатса керек.

Халық даналығы «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?! Жақсы адамның жақсылығын көре білу де, оған алғыс айту да – мұсылмандықтан. Мұсылман адам өзіне жасалған жақсылықтың қайтарымы ретінде Аллаға және адамға әрдайым алғысын айтуды міндеті санайды. Өйткені Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға да шүкір ете алмайды», – деген.

Осы ретте тəуелсіз еліміздің əрбір жеткен жетістігінде, бағындырған белесінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы жатқанын айта да білу, алғыс білдіру – адамгершіліктен.

Біз – адамдар арасындағы алауыздыққа, діндер арасындағы дау-дамайларға тосқауыл қоюға талпынған, тыныштық пен татулықты басты тірек еткен елміз. Бауырмалдық, мейірбандық, достық, қамқорлық сынды құндылықтар – қазақ халқының табиғи болмысында бар асыл қасиеттер.

Бағзы заманнан бері береке мен бірлікті, ынтымақ пен ырысты, достық пен татулықты ту еткен Қазақ елі тәуелсіздіктің санаулы жылдарында алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлектерді бір дөңгелек үстел басына жинаған бітімгер мемлекетке айналды.

Осынау тарихи іске бастамашыл болып, еліміздегі 100-ден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына топтастыра білген Елбасының ерен еңбегі тарихта мəңгі қала бермек. Елбасы тəуелсіздік жылдарында діни сенімі мен ұстанымы бір арнаға тоғыса бермейтін əлемдік дəстүрлі дін көшбасшыларының басын елордаға қосып, дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа үндеді.

Нұр-Сұлтан қаласында əр үш жыл сайын өтетін Əлемдік жəне дəстүрлі дін лидерлерінің съезі жер жүзіндегі діні мен тілі, ұлты мен ұлысы əртүрлі күллі адамзат баласын бірлік пен бейбітшілікке, ымыра мен ынтымаққа ұйыстырған басқосу болып келе жатқаны жасырын емес.

Ол кешегі хан-сұлтандарымыздың арманын орындап, жаңа Қазақ мемлекетінің іргетасын қалады. Мемлекетті басқаруда ұлт бірлігін, дін бірлігін бірінші орынға қойып, достық пен келісімнің үздік үлгісін қалыптастыра білді. Аллаға шүкір, осынау сарабдал саясаттың арқасында біздің елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды.

Елбасының Қаулысымен мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт демалыс күні болып жарияланды. Қасиетті Рамазан айында имамдар мен зиялы қауымға ауызашар беру – Нұрсұлтан Әбішұлының жыл сайынғы сауапты һәм дәстүрлі амалына айналған.

Арқа төсінде республикалық «Əзірет Сұлтан» мешіті салынып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас кеңсесі бой көтерді. Алматы қаласында Нұр-Мүбәрак университеті ашылып, оқу орнын бітірген дін қызметкерлері елдің бірлігі мен ынтымағына үлес қосуда.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз бойынша небары 68 мешіт болса, бүгінде құлшылық ордаларының саны 3 мыңға жетті. Егемендік алған жылдан бастап жер-жерде медреселер мен қарилар орталығы бой көтерді. Орта білім беретін 8 медресеміз колледж мәртебесін алды. Оқу ордасын тәмамдаған шәкірттеріміз де ел игілігі жолында қызмет етуде.

Елбасының өз қолтаңбасымен салынған жаңа елордамыз санаулы жылдарда бейбітшілік пен бірліктің алтын бесігіне айналды. Əйгілі ғұлама-ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Шынайы бақытқа жеткізетін істерде тұрғындары өзара көмектесу мақсатын алға қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал азаматтары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам», – деген екен.

Аллаға шүкір, мешіт тұрғызылған қалаларымыз қайырымды қалаға, иманға ұйысқан қоғам қайырымды қоғамға айналуда. Еліміздегі барша мұсылман жамағаты, дін қызметкерлері сауабы түгесілмейтін осынау ізгі істерге ұйытқы болып, игі жобаларға бастамашыл болған Елбасының бұл қамқорлығына әрқашан дəн риза, риясыз дұға-тілекте.

Асыл дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін жариялаудан бір күн бұрын елордада Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ, бір мезетте 30 мың адам құлшылығын өтей алатын зəулім мешіттің іргетасын қалады.

Осы тарихи шарадан кейін Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратын аралап, бізбен сұхбаттасты. Мүфтияттың жұмысына сəттілік тілеп, игі бастамаларға батасын берді. Президенттік өкілеттігін аманаттап тапсырса да асыл дінімізге жанашырлық амалын тоқтатқан жоқ.

Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ құрылтайында делегаттар маған дауыс беріп, бірауыздан Бас мүфти лауазымына сайлағаннан кейін мені арнайы қабылдап, жаңа жұмысыма сәттілік тілеп, қолдайтынын жеткізіп, өзінің ақсақалдық батасын берді. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, еліміздегі 70 пайыздан астам күллі мұсылман қауымына жасаған жанашырлығының жарқын үлгісі деп атар едім. Ол кісіге Алла разы болсын!

Елбасы өз еркімен президенттік өкілеттігін тоқтатса да еліміз бен халқымыздың жарқын болашағы үшін әлі де қызмет етіп, маңызды бастамаларға ұйытқы болуда. Қасиетті Рамазан айында төтенше жағдай кезінде халықтың алаң көңіліне медеу болар Үндеу жолдап, жігерін оятып, үмітіне қанат бітірумен қатар азаматтарымызға қаржылай қолдау көрсетіп, қамқорлық жасады.

Аллаға ұнамды кез келген игі амалдың сауабы еселеніп жазылатын берекелі Рамазан айында Елбасының осынау қайырлы ісінің жақсылығы еселене түссін деп тілейміз.

Нұрсұлтан Назарбаевпен киелі Түркістан қаласында ғұлама-ойшыл, күллі түркі жұртының ардақ тұтар тұлғасы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, хандар мен сұлтандарға дұға бағыштау рәсімінде ол кісінің дінге ғана емес, тарихымызға деген қамқорлығын байқадым.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында: «…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады… Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп әлемдік аренада дамудың даңғыл жолына ұлттық кодымызбен бірге қадам басуға үндеген болатын.

Тарих дегеніміз – тәжірибе. Ал тарихтан тағылым алу – адамдық іс. Демек өткеннен өнеге алу – бейне бір болашақтың бағдаршамы іспетті. Тарихты жасау оңай емес, ал оны жазып қалдыру – одан да маңызды іс. Бүгінде тарихи сананы қалыптастыру – баршамыздың басты міндетіміз деп есептеймін. Өйткені тарих – танымға таразы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Ұлттың тәрбие мен тағылымға толы тарихынан, әдет-ғұрпынан сусындаған ұрпақ «ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі». Бұл ретте Елбасының тарихымызды жаңғыртуға бағытталған қадамы өте маңызды істің бірі деп атар едік. «Адамның санасын оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні осы болса керек.

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.