Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мына сөзге құлақ салыңыз

0 460

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Құран  Кәрім  адамзатты  екі  дүние  бақытына жетелейтін қағидалар мен заңдылықтардың жинағын қамтыған иләһи кітап. Онда күллі ғылымның бастаулары бар. Шариғат заңдарымен қатар өзге де қасиеттері өте көп. Оны оқу, тіпті тыңдаудың өзі құлшылық саналады.

Құран адамның материалдық науқастарымен бірге рухани кеселдеріне де шипа екендігі жайлы:

قُلْ هُوَ لِلَّذِينَ آمَنُوا هُدًى وَشِفَاءٌ

«Құран – иман келтіргендер үшін шипа әрі тура жолға салушы» («Фуссилат» сүресі, 44-аят), – дейді.

Құранның адам баласы үшін шипа екенін ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезінде орын алған мына бір оқиға да қуаттай түседі. Бір күні сахабалар сапарға шығады. Күн бата демалу үшін яһудилер тұратын бір ауылға  аялдайды.  Ауыл  тұрғындары  келген  құтты қонақтарға аялдауға рұқсат бермей, ауылдың сыртына шығарып жібереді. Сол арада яһудилердің көсемін шаян шағып алады. Олар оның уын қайтару үшін қолдан кел-ген емнің бәрін жасап баққанымен, ешқандай нәтиже шықпайды. Сол кезде араларынан бір кісі тұрып:

–  Әлгі жолаушыларға аялдауға рұқсат бергенде, олардан бір дәрі-дәрмек шығып қалар ма еді, – деп кейіс білдіреді. Ақылдаса келе яһудилер ауылдың шетіне уақытша тұрақтаған әлгі сахабаларға келіп:

–  Әй,  жамағат!  Біздің  көсемімізді  шаян  шағып алды.  Қолымыздан  келгеннің  бәрін  жасадық,  бірақ ешқандай  нәтиже  шықпады.  Сендердің  қолдарыңда бұған  ем  боларлық  еш  нәрсе  жоқ  па?  –  деп  өтініш білдіреді.

Сахабалардың арасынан біреуі тұрып:

–  Иә,  бар.  Аллаға  ант  етемін,  мен  дем  са-лып  емдеймін!  Бірақ  біз  сендерге  құдайы  қонақ болып  барғанымызда  сендер  бізге  жылы  шырай танытпадыңдар. Сол үшін сендер бізге ақысына бір нәрсе  бермейінше,  мен  дем  салмаймын, –  деп  шарт қояды.

Яһудилер мұның ақысына біршама қой беруге сөз береді. Әлгі сахаба барып, шаян шаққан яһудиге «Фа-тиха» сүресін оқып, үрлеген кезде әлгі кісі дертінен сол мезет жазылады.

Құранның  мұндай  шипалық  қасиеттері  өте  көп. Сондықтан  да  осы  дүниенің  күйбеңінен  жұқарған жүйкеңді Алланың сөзін тыңдаумен тыныштандыр.

Өзің оқы немесе даусы жақсы қаридан тыңда. Жүректің тынышталуына себеп болады. Алланың ризалығына жеткізеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Құранды біреуден естігенді  ұнататын  еді.

Сахабаларынан  Құранды оқуларын өтінген кездері болған. Бұл жайлы Ибн Масғуд (р.а.): «Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) маған: «Қанекей, Құран  оқышы»,  –  деді.  Мен:  «Уа,  Алланың  Елшісі, сізге түскен Құранды өзіңізге қалай оқымақпын?» – дедім. Сонда ол: «Мен Құранды басқалардың аузынан тыңдағанды ұнатамын» – деді (Бұхари, Фадайлуль-Құран 33; Мүслим, Саләтуль-мусафирин, 247)– дейді.

Бірде Ардақты Елші (с.а.с.) Әбу Муса Әл-Ашғаридің (р.а)  мешітте  Құран  оқып  жатқанын  есітіп,  тыңдап тұрып қалды. Ертесі күні азанда оған «Мен кеше сенің артыңда тұрып, Құран тыңдағанымды көрмедің», – деп өзінің Құран тыңдауды ұнататынын білдірген еді. Сол кезде Әбу Муса Әл-Ашғари «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.), егер сенің Құран тыңдағаныңды білгенімде, оны одан сайын нақышына келтіріп, жақсылап оқитын едім», – деген екен.

Пайғамбарымызды былай қойғанда, Құранға иман келтірмеген  мүшіріктердің  өзі  бір-бірінен  тығылып Құран тыңдайтын. Тіпті Әбу Бәкірдің әдемі әуезбен оқыған  Құраны  жұрттың  бәрін  өзіне  елтігенінен қорыққан  мүшіріктер  оның  Құранды  жария  оқуына тыйым салған-ды.

Сол кездегі Қағбаның дуалдарына өлеңдері  алтын  әріптермен  нақышталып  жазылып, іліп қойған атақты арабтың шайырлары да Құранды тыңдап, ондағы ғажайып құдіретті байқап өлең жазула-рын тастаған жоқ па еді. Қала берді жындардың өзі оны естіген кезде:

قُلْ أُوحِيَ إِلَيَّ أَنَّهُ اسْتَمَعَ نَفَرٌ مِّنَ الْجِنِّ فَقَالُوا إِنَّا سَمِعْنَا قُرْآنًا عَجَبًا

«Біз тура жолды көрсеткен ғажайып және ешқашан естімеген Құран естіп, оған сендік» («Жын» сүресі,1) деп таңданысын жасыра алмаған.

Бертін келе орын алған мына бір оқиғаны да мысалға бере кетейік. Орта ғасырларда бір мұсылман жазушысы Еуропаға кемемен сапар шегеді. Жолда югославиялық бір әйел кісімен танысады. Ол өз Отанынан қысым көріп,  әділетсіздікке  шыдамай  қашып  бара  жатқан әйел екен. Жолда сапар уақытында әлгі жазушы бір топ мұсылмандармен жиналып жамағатпен намаз оқиды.

Әлгі  әйел  Құран  оқылған  кезде  түсінбесе  де  үніне, әуеніне құлақ салып, қатты әсерленіп қалады. Намаз біткеннен соң жазушыдан не оқығанын сұрайды. Бұл неғылған ғажап сөздер, неткен әсерлі деп таңғалғанын білдіреді. Жазушы мән-жайды айтып, Алланың сөзі екенін  шамасы  келгенше  түсіндіруге  тырысады.

Тіл  білмейтіндігіне  қарамастан  әлгі  әйел  Құранның мұғжизалық қасиетін түсініп, қатты ұнақтан екен.

Құран жүрекке тыныштық, рухымызға қуат береді. Егер  тарих  парақтарын  аударсақ,  біздің  алдымызда өткен сахабалар, табиғиндер және басқа да ғұламалар Құран Кәрімнен рухани күш алып, Құран оқылған жерде көздеріне жас алмаған кездері некен-саяқ екенін көреміз.

Біз өмір сүріп жүрген орта жүйке жүйемізді тоздырып жіберуге жеткілікті. Көңілімізді жайсыздыққа алып баратын себептер жетіп асады. Сондықтан біздерге осындай жайсыздықтардан арылатын ең жақсы жол Алланың кәләмі Құранды тыңдау.

Құранды тыңдауда Алланың разылығы мен сауап бар. Бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті. Қадірін біліп тыңдаған адам одан еш уақытта жалықпайды.  Мұсылман  үмбетінің  шамшырақтары болған ұлық иамамдар мен ғалымдар қанша тыңдаса да Құранға тоймаған, тыңдаған сайын таңданыстары арта берген.

Бұл айтылғандардан біздер де сабақ алып, Құранға жақындай түсуіміз қажет. Күніне бір уақыт белгілеп, 40-50 минут Құран оқысақ жөн болар еді. Алла Тағала Құранда:

الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ

«Естеріңде  болсын, Алланы еске алумен жүректер тыныштық табады» («Рағд» сүресі, 28 аят)   демей  ме.

Сонымен  қатар  Алла  Елшісі  (с.а.с.):

«Үйлеріңде Құранды көп оқыңдар. Құран оқылмаған үйде  жақсылық  аз,  жамандық  көп  болады.  Ол үйдің тұрғындарының кеудесі қысылады» (Дарақутни, Әнас және Жәбирден риуаят етілген), «Құран оқыңдар! Расында ол қиямет күнінде өзінің достарына шапағатшы болады» (Мүслим), – деген болатын.

«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.