Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сопылық негіздері

0 681

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Сопылар дінді шариғат, тариқат, ақиқат деп үш негізге бөледі. Уахабшылар бұл бөлуді діндегі адасқан бидғат деп санайды. Оған Исламда ешқандай дәлел-дәйектің жоқ екенін алға тартады.

Сопылар дәлел ретінде «хадис Жәбрейлді» негізге алады. Бұл хадис атақты сахаба Омар ибн әл-Хаттабтан риуаят етіледі:

Бір күні біз Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, бойында сапар ізі көрінбейтін және арамыздан оны ешқайсымыз танымайтын бір адам келді. Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тізелеріне тізелерін тиістіріп (қарсы) отырды да, екі қолын сандарына қойып:

– Әй, Мұхаммед! Маған Ислам туралы хабар берші, – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.):

– Ислам дегеніміз-Алладан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етуің, намазды толық орындауың, зекет беруің, Рамазанда ораза ұстауың және жолына шамаң келсе үйге (Қағбаға) қажылық жасауың, – деп жауап қайтарды. (Әлгі адам):

– Сен рас айттың, – деді. Ал біз оның сұрақ қойып, кейін растағанына таңқалыстық. Сонан соң ол:

– Енді маған иман жайынан хабар берші, – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.):

– Иман дегеніміз Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің, – деді. Ол тағы да:

– Сен рас айттың, – деді. Сонан соң:

– Енді ихсан жайында хабар берші, – деді. Ол кісі (с.ғ.с.):

– Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Егер сен оны көріп тұрмасаң да ол сені көріп тұр, – деді. Әлгі адам:

– Енді маған (Қиямет) сағаты жайында хабар берші, – деді. Сонда (Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Сұралушы сұраушыдан артық білмейді ол жайын, – деді. Әлгі адам:

– Онда маған оның белгілерінен хабар берші, – деп еді, Ол кісі (с.ғ.с.):

– Күң өзінің ханшайымын туады және жалаң аяқ, жалаң бас қой соңындағы кедейлер биік үйлер салуда жарысатынын көресің, – деді.

Содан соң әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт өткіздім. Сосын ол кісі маған:

– Әй, Омар! Сұраушының кім екенін білемісің? – деді. Мен:

– Алла мен Оның Елшісі (с.ғ.с.) жақсырақ біледі, – деп едім, Ол кісі (с.ғ.с.):

– Ақиқатында, бұл – Жәбірейіл. Ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келді, – деді.[1]

Олардың ойынша жоғарыдағы хадисте дін тармақтары жайында баяндалған:

Ислам – ол амал арқылы жүзеге асатын құлшылықтың түрі. Ғұламалар арасында оны шариғат деп атайды. Мұны зерттеу ісімен фиқһ ғалымдары айналысады.

Иман – ол жүрекпен сенім арқылы Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға иман келтіру. Бұл саламен ақида ғалымдары айналысады.

Ихсан – ол руханият тарапы. Бұл: Алла тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ету, тіпті сен Оны көре алмасаң да Ол сені әрдайым көріп тұрады. Бұл саланы сопылар ақиқат деп атайды. Өйткені олардың негізгі зерттеу саласы да осы.

Сопылықтың бұл деңгейіне жету үшін (шариғаттан ақиқатқа) олардың айтуынша тариқат қажет яғни сол деңгейге апаратын жол. Ол дегеніміз нәпсімен күресу, іштегі кемшіліктерден ада болып, жоғарғы мақамдарға жету үшін ізгі адамдармен сұхбаттас болу. Тариқат шариғаттан ақиқатқа жету үшін салынған көпір іспеттес. Бұл мәселе түсінікті болу үшін намазды мысалға келтіріп көрейік. Намаздың әрекеттерін үйреніп, сыртқы-ішкі парыздарының дұрыс болу шарттарына мән беру, фиқһ ғалымдарының бекіткен ережелерімен амал жасау шариғат тарапын қамтиды, ол намаздың сыртқы құрылысы, денесі. Дене рухқа мұқтаж болған секілді намаз да ізгілікті, қорқынышты қажет етеді. Рухсыз дене болмайтындай, қорқынышсыз, тақуалықсыз намаздың маңыздылығы аз. Шариғат олардың пайымынша негіз, тариқат тәсіл, ақиқат ол – жеміс. Бұл үш нәрсе бір-бірін толықтырушы, тығыз байланысқан негіздер. Сопылардың атақты қағидасына сәйкес: «Ақиқат (сопылардың түсінігіндегі) шариғатқа қарама-қайшы келсе, ол зындық[2] жолда болғаны.

Шейх Ахмад Заруқ: «Сопылық фиқсыз болмайды, өйткені Алланың үкімдері тек фиқһ арқылы ғана білінеді. Сол сияқты фиқһ сопылықсыз болмайды, өйткені Аллаға деген шынайы бетбұрыс болмайды және бұл екеуі имансыз жүзеге аспайды. Сол себепті үш негіз қосылған кезде ғана дұрыс болады. Рухсыз дене жоқ секілді денесіз рух та жоқ.[3]

Имам Мәлик ибн Анас: «Кімде-кім сопылық жолды ұстанып, фиқһ ілімін игермесе, зындық[4] болады,  кімде-кім фиқһ ілімі жолына түсіп, сопылық жолын ұстанбаса пасық болғаны. Кімде-кім екеуін жинаса ғана мақсатына жетеді», деген.

Имам Ғазали: «Сопылық жолдың Алла разылығына бөленуде ең негізгі жол екеніне анық көз жеткіздім. Олардың өмір жолдары, мінездері ең таңдаулы әрі өнегелі. Шариғат сырларына қанық ислами мінез-құлықты таныған адамдар олардың бойларынан мін табуы қиын. Ішкі сыртқы көріністері пайғамбарымыздың (с.а.у) нұрынан нәр алғандай», деген.[5]

Имам ән-Науауи: «Рисалату әл-Мақасид» кітабында: Тасаууф жолының негізі бесеу: Алладан құпия, жасырын күйде қорқу, әрекетте, сөзде пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетімен жүру, салихалы мінезге ие болу, азға, көпке Аллаға қанағат қылу, қиыншылықта, молшылықта Аллаға шүкіршілік айту».[6]

Ибн Таймия: «Шын мәнінде сопылық ол сыншылдардың сипаттарынан. Ол тақуалықпен, Аллаға құлшылықпен ерекшеленген жандардан» деген, кітаптың басқа бір жерінде «Құран мен хадисті ұстанғандар» деп сипаттаған[7].

Жәләлуддин әс-Суютый: Шын мәнінде тасаууф ілімі – шарапатты ілімдерден. Оның шеңбері сүннетпен жүру, бидғатты тастау. Соңғы уақытта кейбір топтар өздерін сопылар деп атағанмен, шын мәнінде олардан емес.[8]

Қазіргі кезде қоғамымызда өздерін сопы санаған кейбір топтар пайда болуда, олардың негізгі көтерген мәселелері: «кім тариқатқа қосылмаса адасады, шайтанның жолына түседі, діннен шығады, пірге қол бермесе болмайды, пірсіздің пірі – шайтан, пәленше пірге қол беріп мурид болыпты, пірге қол беріп, тариқатқа кірген адам зікір салса болғаны, қаза намаздарын, тіпті парыз намаздарын да оқымай-ақ жәннатқа бара береді, ілім үйрену харам, өйткені ілімді адам тәкәппарланып кетеді, пірдің айтқаны шариғат» деген әңгімелерді жиі айтады. Осындай топтардың аузынан жиі естілетін сөз, қазақтың ақын, би шешендері, соның ішінде Абай, Шәкәрім, Бұхар жырау – түгелі сопылар болған. Қазіргі көп сопылардың халi осындай! Алайда, шынайы сопының бойында екі негіз болуы тиіс:

Бірінші: Мінез-құлық. Шынайы сопының бойында исламда мадақталған барлық жақсы сипаттар болуы қажет. Бұл құлдың Раббысына, қоғамға, өзіне деген құрметі.

Екінші: Амал. Амал тұрғысында Құран мен сүннетке жүгінеді, егер қайшы әрекет жасалса, шынайы сопылық шеңберіне кірмейді. Осы тұрғыда Имам әл-Жунайд: Егер кім Құранға, хадиске, фиқһ іліміне жүгінбесе оған ермеңдер» деген.

Қорыта келе, сопылық  адамды рухани тұрғыда өрлеуге апаратын тәрбие мектебі. Атақты табиғин Хасан Басридің дәуірінде пайда болған бұл жол ислам ілімінде көптеген ғалымдарды дүниеге әкелді. Исламның Орта Азияда, Индия, әсіресе Африка құрлығына таралуына үлкен үлесін қосты. Әрине, бұл қазіргі кездегі неше алуан сопылық жолдардан алыс, өйткені шынайы сопылық ілімге сүйенеді. Әубәкір Кердері атамыз бұл турасында:

Сопылық жолы ауыр жол,
Ұстап көрсең тәуір жол,
Сопылықты ұстансаң,
Оқыған көп ғалым бол, – деп, сопылықтың ілімсіз болмайтынын шегелеп айтып кеткен.

Алла, елімізді ілімсіз дін жаюшы сопылардың бүлігінен сақта!

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Муслим, 8; Әбу Дәуд, 4695; Тирмизи, 2610; Насаи, 4990; Ибн Мәжәһ, 63

[2] Діндегі екіжүзділік, мұсылман болып көрініп, күпірлікті жасыру

[3] Ахмад Заруқтың «Қауағид тасаууф» кітабының үшінші қағидасы, 3-бет

[4] Өзін мұсылман ретінде көрсетіп, күпірлігін іштей жасыратын адам

[5] Имам Ғазалидің «әл-Мунқиз мин ад-далал» кітабының 131-бет.

[6] Мақасид әл-Имам ән-Науауи фи әт-Таухид уә әл-ғибада уә усулу әт-тасаууф 20-бет

[7] Ибн Таймияның «Фатауа кубра» кітабының 12-том, 36-бет.

[8] Жәләлуддин Суютыйдың «Таиид хақиқату әл-Улия» 57-бет

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.