Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ата заң – халық тыныштығының кепілі

0 1  591
Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти,
Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алысымен халықтың біртұтастығы мен тыныштығын қамтамасыз ететін конституциялық заңдарды дайындады. Бұл заң Қазақстан тарихындағы жаңа парағын ашты.

Конституцияның қабылдануы – елдің дұрыс бағыт алуының алғышарты. Басқаша болуы да мүмкін емес. Сол үшін болса керек, хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) Мадина қаласына келіп Меккелік және жергілікті мұсылмандардың саптарын біріктіріп ең әуелгі мұсылман мемлекетін құрғаннан кейін «сахифа-мәдәния» деген заң қабылдады. Бұл заңнама – адамзат тарихындағы ең әуелгі конституция болатын. Онда Мадина қаласының стратегиялық, саяси, яһуди көршілерімен арадағы мәмілелер, ақысы желінген адамның құқығын қайтару т.б. заңдар қабылданған еді. Шығыстың да, батыстың да ғалымдары бірауыздан бұл заңнаманы – Ислам дінінің әлемге сыйлаған ең үлкен сыйы деп бағалайды. Себебі, ол адамзатқа және саясатқа дамудың ең озық түрін ұсынды. Және де бұл ислам өркениетінің қаншалықты озық екенін тағы да дәлелдей түседі.

Бүгінгі қабылданып жатқан конституциялық заңнамалар да осы түпнұсқасынан алыстамаған. Себебі барлығында да әуелгі құндылықтар сақталып, адам құқығы мен ел тыныштығына негізгі орын берілген.

Егер бір елдің адамдары Ата заң сынды бір заңнамаға бағынбаса, онда елдің шырқы бұзылып, халқынан береке кетеді, мемлекеттің тұтастығына сызат түседі. Ендеше, бұның алдын алу керек. Сол үшін де Құран Кәрімнің қасиетті аяттары мен Пайғамбарыммыздың (с.ғс) хадис шәріптерінен бүлікке жоламау мен қашан да көпшілікпен бірге болуға, заң мен басшыға бағыну керектігіне шақыратынын көреміз. Мысал беретін болсақ:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ

«Бұзақылық, кісі өлтіруден қиын»;[1]

وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ

«Сондай-ақ, бүлік – кісі өлтіруден де зор күнә»;[2]

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنكُمْ

«Әй, мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар»[3].

Бұл аяттардан Ислам дінінің қоғамдағы үйлесімділікті жоғары қойып, қандай да бір қалыптасқан жүйенің бұзылуына жол бермейтінін көруге болады. Керісінше, Ислам діні оның алдын алып, алауыздыққа апаратын жолдарға да аяқ баспауға бұйырған.

Көпшіліктің қасынан табылып, бөлінбеуді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінен де көптеп көруге болады. Мысалы:

عَلَيْكُمْ بِالْجَمَاعَةِ وَإِيَّاكُمْ وَالْفُرْقَةَ

«Көпшілікпен бірге болыңдар, бөлінбеңдер!»[4]

مَنْ أَرَادَ بُحْبُوحَةَ الْجَنَّةِ فَلْيَلْزَمِ الْجَمَاعَةَ

«Кім жәннатың ортасынан орын алуды қаласа, көпшілікпен бірге болсын»[5], – дейді.

Ендеше, Алланың бұйырғанындай бүліктен алыс болып, Пайғамбардың (с.ғ.с) бұйырғанындай көпшілікпен бірге болу үшін, сол жердің адамдарын сол уақыттың шарттарымен біріктіретін бір ортақ заңнама болу керек. Біздің сондай заңымыз – Ата заң. Бұл Ата заң Алланың қалауымен жергілікті халықтың ауызбіршілігін ұйытып ұстап, әркімнің сеніміне еркіндік беріп, жарқын болашаққа бет алуға мүмкіндік беруде. Ендеше, бұны Алланың үлкен нығметінен деп тануымыз керек.

Ата Заң күні құтты болсын!


[1] «Бақара» сүресі, 191-аят.
[2] «Бақара» сүресі, 217-аят.
[3] «Әли Имран» сүресі, 59-аят.
[4] Тирмизи.
[5] Тирмизи.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.