25 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Елордадағы ҚМДБ ғимаратының мәжіліс залында «Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.
Танытым шарасына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Парламент депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен дін қайраткерлері қатысты.
Жаңа еңбек Құран аяттарын тікелей мағынасында түсіну, жастардың деструктивті ағымдар арбауына кетпеуіне ықпал ету мақсатында жарық көріп отыр. Құранды араб тілінен аударған – исламтанушы, ҚМДБ наиб мүфтиі Ершат Оңғаров. Қазақ тілінің әдеби мәнерімен өрнектеп, редакциялаған – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Нұржан Мұраталиев.
Танытым шарасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құранның адамзатты надандықтан, зұлымдықтан тура жолға, ілім мен өркениет жолына бастайтын Хақ кітап екеніне тоқталды.
«Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой: Құрансыз өмірдің мәні де сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиындықта болады. Яғни, ондай үйде тыныштық болмайды», – деген. Міне, қолдарыңызда Құранның жаңа аудармасы мен тәпсірі тұр. Араб тілінен аударған – исламтанушы, ҚМДБ наиб мүфтиі Ершат Оңғаров. Аударманың ерекшелігі – қасиетті аяттар араб тіліндегі түпнұсқадан аударылған, аяттардың қазақша мағынасы берілген, тәпсірі, түсініктемесі мен тарихы жан-жақты жазылған. Сүренің қазіргі ғылыммен байланысы баяндалған, араб тіліндегі аяттың дұрыс оқылу транскрипциясы берілген. Кітап көлемі 1000 беттен асады. Аудармашы аударма барысында Мысыр, Түркия, Араб мемлекеттеріндегі түпнұсқа қолжазбаларға сүйене отырып, дін мен дәстүр сабақтастығына мән берген» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ Бас мүфти Ершат Ағыбайұлының бұл еңбекті дайындауда әл-Матуриди, ән-Нәсәфи, әл-Жәләләйн, әл-Әлуси сынды ханафи мәзһабының ғұлама-ғалымдары мен тәпсіршілердің кітабынан өз нұсқасынан аударып шыққанын, кітапты дайындауда бірнеше жылын сарп еткенін айрықша атап өтіп, алғыс білдірді.