Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алмас Нүсіп. Мекке сапары (жолсапар)

0 1  638

Қу даланың шаңытып кеткен аспаны күннің өзін көрсетпей тастапты. Кондиционер уілдеп тұрған ұшақтың ішінде Стамбулда оранып алған ихрам қамсау болмай, иегімізді кеудемізге тыға түсіп, бүрісіп отырмыз, сыртта 45 градус ыстық десе сенбейтін күйде едік. Алматыдан басталған 36 сағаттық сапарда әуежайдан аттап баспаған, дүние түгел азынап тұрғандай күйге түсіппіз. Сонау Стамбулда «ихрамға өткеннен» бастап мағынасы «Я Алла, міне алдыңа келіп тұрмын!» деп басталатын дұғаны хормен айтып келе жатқан қалың адам Жидда әуежайына келіп қонғанда тіпті күшейді. Әркім әр түрлі кейіпте ырғаққа қосылады. Мүлги түсіп, жуастау дауыс салып жатқандар; «шыққыр көзден неге жас шықпайды!» дегендей, күштей жұмып алып, екілене селкілдейтіндер; дүрмекке ермей үнсіз ғана терезеден сыртқа көз тастап отырғандар… Алғашында әлдекім «Ләббәйк Алла…» деп бастай жөнелгенде жалт-жалт қарасып, қосыла кетуге бейіл жандар, уақыт өте келе бұл хорға құлағы үйреніп алғандай, бейқам бір қалыпқа түсіпті.

Меккеден 100 шақырым жерде жатқан Жидда қаласына осылай, ұстамды күйде келіп түстік.

Ұшақ тола аққа оранған еркектер мен ұлттық нақышқа мән бере киінуге тырысқан түрлі нәсілдегі әйелдер бөлек-бөлек отырғанмен, сыртқа шығарда ию-қию араласып кетті. Аса бір аңсармен келген қажыларда іштей бір тоғаю сезімі болмай тұрмайды. Өйткені, исламда қажылық адамның материалдық мүмкіндігінен тыс, тылсым арқылы бұйыратын бақ есептеледі. Туғанда маңдайыңа жазылса барасың, жазылмаса жоқ… Осы бір ішкі тоқмейілсуден арылар жер де Жидда қаласы. Бұл жерде қызмет атқарып жүрген келгіншілер (бұл мемлекеттегі бүкіл жұмысшы табы сырттан келгендер деуге болады) қажыларға немқұрайлы көз тастайды. Бәлкім, қажылық сапарындағылардың ішіп-жеп қарайтын көзі мен қызығушылығына әбден үйренген, «көріп жүрген қажыларымыз сендер ғана ма» дегендей, елеусіз кеп танытады. Қара нәсілді бір топ жігіт араларындағы әлдебіреудің бас киімін жұлып алып, бір-біріне лақтырысып, тәлкек қылып ойнап тұр. Қасиетті жерде құлшылықтан өзге тіршілік болмайтындай сезімде келгендер бұл көрініске таңданыспен көз салады…

Азынап тұрған ұшақтан сыртқа шыққанда жып-жылы үйге кіріп келгендей боласың. Бірақ, бұл күй асса екі-үш минутқа созылады. Одан ары өкпең қысыла бастайды, арқаңды қуалай тер ағады, мына қуырып тұрған күннің астында ұзақ шыдап тұра алмайтыныңды шамалайсың. Қажылық сапарының тек мүлгіген құлшылық емес екенін, алдағы екі апта бойы жағаласа жүріп күнелтетініңді ойлап өтесің. Бұл сезімді әуежай есігінен аттап шыққанда салған жерден шалғайыңа оратылып, қолыңдағы жол жүгіңе жабысып, қызметін ұсынатындар тіпті күшейтіп жібереді.  

Қажылықтың негізгі шарты – құлшылық қылу. Кеудеге бөлек, белден төмен бөлек оранатын ихрамның түпкі мәні – кебін. Сен ихрамға өткеннен бастап дүниеден тыс адамсың. Осы сапарда жан тәсілім еткен жан армансыз есептеледі. Ал, көлденең қиындықтар мен жағымсыз көріністерді жіпке тізуге болмайды деседі. Мұнда келген адамда бір ғана міндет бар – құлшылық, тек қана құлшылық…

*****

Етегін Қызыл теңіз шайып жатқан Жидда Сауд Арабиясының бизнес орталығы саналады. Туристік орталық ретінде де жиі аталады. Саудияның негізгі туризмін жыл бойы тоқтаусыз ағылып келіп жататын тәуап етушілер құрайды. Ал, Жидда әуежай салынбаған Меккеге ең жақын нүкте ретінде әлемнен келетін мұсылмандардың қасиетті жерге аттайтын табалдырығы іспетті.

…Жидда әуежайынан шыққан қажылар арнайы бекітілген автобуспен Меккеге барар жолда да тәлбия айтуды бір тоқтатқан жоқ. Әр елден келген өкілдер бөлек-бөлек топталып отырған, бір-бірінен асып түскісі келгендей жарыса күңіренеді. Мекке күллі мұсылманның рухани астанасы дегенмен, қазақ айтатын «қазаны бөлектің азаны бөлек» деген сөзге тереңірек ден қоя түсесің. Мұнда, Құдайдың алдына келген кім-кім де өзін ұлтының атынан, елінің атынан келген өкілдей сезінеді.

«Алланың дәргейіне кірген сәттен» бастап бұл сапардағы ешбір тілек қайтарылмайды деседі. Сол үшін де мұсылмандар сабақ жіпке дейін жекелей тізіп, бүкіл тілегін айтып тауыса алмайды…

Жолдың қос қапталы қылтиып шөп те өспейтін өлі дала, жалаңаш төбелер, құрығанда арбиған сексеуіл көзге түспейді. Қайда қарасаң да тақыр, сұрықсыз, жүдеу көрініс. Жол жағасында шашылып жатқан қоқыстар – бөтелкелер, қалбырлар, пакеттер… Сосын автокөлік қалдырған іздер – бір жерге майы сіңіп қалған, бір жерде резеңке дөңгелегі қиылып түскен, қолтырауын сияқты созыла түсіп, әр-әр жерде қаптап жатыр. Бәлкім, дала болған соң назар аудармайды, бәлкім, көліктер көп бұзылады, әйтеуір автобанның негізгі ерекшелігі ретінде көзге көп түскені осы болыпты. Жолы анау айтқандай артықшылығымен көзге түспейді, тегіс демесең, соншалық бір көңіл аудармайтыны аңдалады. Тақыр даланы одан сайын жүдете түсетін көлік қаңқалары да жиі ұшырасады. Тіпті, қараусыз тасталған көліктер тізіліп тұрған арнаулы тұрақтардың басынан қарасаң аяғына көз жетпейді. Шаң басып, айналасын майға бөктіріп, қаңсып тұр. Мұны елдегі өндірістің, қайта өңдеу зауыттарының жоқтығымен түсіндіруге болады.

Мұнда сізді ешкім құрақ ұша қарсы алмайды. Қажылық Құдай мен пенде арасындағы жеке шаруа. Оны кім қалай атқарады, ешкімнің шаруасы жоқ. Жергілікті ұйымдастырушылар да кім қалай құлшылық жасады, парызын қайтіп өтеді дегенге бас қатырмайды. Қонақ үйге келген сәтте ерекше құрметпен күтіп алып, нөмірімізге жайғастырды. Одан ары бөлмеңнен шықпай ұйқы соғасың ба, әлде Қағбаға барып түнейсің бе, көше кезіп, Меккені аралап кетесің бе, бұл өзің ғана шешетін шаруа. Сені ешкім қаланың тарихымен, тарихи нысандарымен таныстырмайды. Өйткені, Меккенің тарихы – исламның тарихы, Мұхаммед пайғамбардың жолын ұстанған миссионерлердің аяғы жеткен жердің бәрі онсыз да біледі. Тағы бір себеп – дәл үлкен қажылық – Құрбан айт мерекесі қарсаңында Меккеде адам саны екі-үш есе көбейеді. Қаладағы қатынас тіпті қиындайды. Мәселен, Құрбан айттың алғашқы күні жаяу салсаң бір сағатта баратын жерге автобуспен алты сағатта әрең жеттік. Міне, осындай себептермен ұйымдастырушылардың әркімге бір мойын бұруға мұршасы бола бермейді. Сондықтан, қажылыққа барғандарда құлшылық жасаудан өзге көп мүмкіндік те жоқ. Әлбетте, қаланы аралап қайтам деушілер кездеспей тұрмайды. Бірақ, өте аз. Өздігіңнен қаланы аралап кетсең, өзгеден бұрын бірге барған сапарластарың ұнатпай қалады. Өйткені, Меккедегі әрбір күн – баға жетпес байлық, өлшем жетпес зор мүмкіндік. Әрбір құлшылығыңа мың-миллион есе сауап жазылады. Сол сауапты теріп алудың орнына Меккенің тарихымен танысам, тіршілігін көрем деу – тақуалыққа жат ұғым.

*****

Мекке – топырақ түгіл құмы жоқ тастан құйылған аласа таулардың сай-саласына шашылып түскен қала. Ресми дерек бойынша 3 миллионнан астам халқы бар. Келіп-кетушілердің есебінен бұл көрсеткіш жиі өзгеріп тұрады. Әсіресе соңғы жылдары қалада адамның бастырылуы жиі аңдалады. Біз естіген, кейін көзіміз жеткен тағы бір жағдай – қала тұрғындары үлкен қажылық кезінде қаладан кетіп қалады. Біріншіден, бұл кезде қалада жүріп-тұру қиындайды, екіншіден ұлы мерекеге орай елде демалыс жарияланады. Сондықтан, бұл кезде көбіне сырттан келген гастарбайтерлер мен қажылыққа жауапты адамдардан өзге тұрғындар көзге түсе бермейді. Бұл күндері қала тегістей құлшылық жасаушылар мен жалдамалы жұмысшылардың иелігіне көшеді деуге болады.

Меккедегі бүкіл тіршілік құлшылыққа, туризмге негізделген. Әсіресе Қағбаға жақын аудандар түгелдей сауда орындары мен қонақ үйлер. Бір-біріне мінгесе салынған ғимараттардың арасынан жел де өте алмайды. Көпшілігінің терезесінен қол созсаң жетердей жерде орналасқан қарсыдағы ғимараттан өңге ештеңе көре алмайсың. Әл-Харам мешітінің айналасы иін тірескен адам мен қаптаған автобус. Бұл күндері 30 мың автобус қонақ үйлер мен Қағбаның, өзге қалалар мен Меккенің арасын жалғап, тынымсыз жүріп жатады.

О баста қаланың ластығына ерекше көңіл аударғанбыз. Тазаламайтындай көрінген. Бірақ, көп ұзамай көз жетті, тазалауын тазалағанмен, игере алмайды. Биыл қажылыққа 3 миллион 200 мың адам барыпты, осыншама адамның бәрі қоғамдық тазалықты сақтай бермейді. Тағы бір жағымсыз әдет байқалды – кейбір мұсылман елдерінен келгендердің ерен салақтығы. Су ішкен соң ыдысын қалай болса солай тастай салады, әлдене жесе де солай. Сосын… қақырынып-түкірініп жүре береді. Қол созым жерде қоқыс жәшігі қаптап тұрғанына қарамастан аяғыңның асты судан босаған бөтелке мен қақпақтардан көрінбейді. Бұл Қағбаның айналасындағы жағдай. Кәдімгі көшедегі үйреншікті тіршілік. Әрине, Әл-Харам мешітінің аумағына кірген соң мұндай бейбастақ жағдай бола бермейді, жиі-жиі тазартып, жуып отырады, жинап жатады. Оның үстіне қажылар да бар ындын-ниетімен осы бір құлшылық аймағына келген, бұл жақта тәртіп сақтауға тырысады. Десе де, бұл сырттан келгендерге ғана қатысты. Ал, жергілікті жұмысшылар мен кейбір тәуап етушілер айылын жия қоймайтын сияқты. Әсіресе зәм-зәм суын ішетін орындарда. Зәм-зәм бұлағының (арнайы ыдыстармен қояды немесе арнайы шүмектен ағызып ішесің) басында алыстан, зарығып келгендерді бірден байқауға болады: аса бір ыждаһатпен су құйып алады, елжірей тұрып тізе бүгеді де, дәмдеп, баптап ішеді. Сумен асса жүзін сүртеді. Ал, жергілікті мұсылмандарда (көбіне көршілес елдерден келген) ондай ыждаһаттылық байқалмайды. Төгіп-шашып құйып алады да, басынан асыра көтеріп, аузына сарылдатып құяды. Аузынан артылғаны езуінен ағып, қойнына құйылып жатады. Сонымен тынса жақсы, аузы-мұрнын шайқап (тағы да қақырынып-түкірініп), аяғын жуып, салқындап, бір рахаттанады.

Тағы бір жайт – Қағбаны айналуға қатысты. Қара тасты сүю – парыз емес, сүннет есептеледі. Бірақ, дәл үлкен қажылық кезінде ол мүмкін бола бермейді. Соңғы жылдары Қағбаға тәуап етуді барынша оңтайландырған. Күннің астында жүруге шамаң келмесе, алыстан, салқындатылған үш қабатты ғимараттың астында айналып шығуға болады. Шарт бойынша мешіттің территориясына енген адам дауыс көтеріп сөйлеуге, біреуді итеруге, жұлқуға, қарқылдап күлуге, жәндікті де өлтіруге болмайды деген сынды тыйымдар бекітілген. Егер қара тасты сүйем десеңіз бұл тыйымдарды бұзуға тура келеді.

…Сыртқы айналымдар өз ырғағымен жүріп жатады. Қағбаның түбіне жақындаған сайын қозғалыс қиындайды. Ал, Қағбаның қара тас тұрған бұрышы иін тірескен, толқыған адам. Сол қалың сеңді бұзып-жарып өтпесеңіз, жұртпен жағаласпасаңыз тасқа маңайлау мүмкін емес. Осыған байланысты қажылық өтеушілер көп қиындыққа ұшырайды. Біріншіден, ауаның тарлығы. Төбең онсыз да күйіп тұр, бірақ, әйтеуір ауа жұтуға болады. Ал, сәл еңкейсеңіз… Мыңдаған адамның денесінен шыққан тер мен иіс өкпеңізді әп сәтте буып тастайды. Әлгі бір Қағбаның түбінде жан тәсілім етіпті дейтін адамдар осындай ауаның жетіспеушілігінен жүріп кететін сияқты. Мұндай қысымға жас, денсаулығы жақсы адамдар шыдайды, ал, денсаулығы нашар, кәрі кісілер сел-селемей терлеп, толқынды жарып, сыртқа шыға алмай жүреді. «Құласаң тұра алмайсың, адамдар бір-біріне қарамайды, құлап жатқан адамды басып-жаншып жүре береді» деген әлгі бір дақпырт – бос сөз. Көз алдымызда етті-жеңді бәйбішесін қолтығынан алып, сыртқа шығып кете алмай, адамдар толқынымен сенделіп жүрген бір өзбек шал жандәрмен жұрттан жол сұрап жатты. Жалынышты түр, әжептарқы дауыс. Кемпірі сел-селемей терлеп, ауа қармап, көкке қарап, аузын аша береді. Әп-сәтте тоқтай қалып, сыртқа қарай өтіп кететін жол аштық, жылдамдата басып өтіп кетті. Кісі қайтыс болса жұрттың аяғына тапталып емес, осындай жағдайдан қан қысымы көтеріліп кетіп, өзіне келіп үлгере алмай, жүріп кетеді екен. Әрине, адамдар мұндай жанкешті дабыраның арасында анау-мынауға қайырыла қоймайды, бірақ, жағдайы шын қиын жанды көрсе қол ұшын созбай тұрмайды.

Қағбаның тасын сүймесек те керегесіне қол тигізіп тәу еттік. Өзгелер жылап, еңіреп сүйіп жатты. Орамалымен, беторамалымен Қағбаны сүртіп, оны жүзіне тигізіп, қоржынына салып алып жатқандар да бар. Бір қарағанда Құдайға серік қосқандай көрініп кететін бұл көріністі әркім әр түрлі бағалап жатады. Жұрттың жүзін бұрып намаз оқитын қыбыласына деген шексіз махаббатынан туған бір сәттік пенделік әлсіздігі шығар…

Қағбада адасып қалсаңыз, бірге барған адамды қайта тауып алу мүмкін емес. Сол себепті, әр елден келгендер топтасып, сабын бұзбай жүруге тырысады. Ортасына әйелдер мен балаларды, қарттарды салып, қол ұстаса шеңбер құрып жүреді. Бұл топтасудың тағы бір артықшылығы – өзге жұртты ығыстыруға болады. Осындай бір қауым ел жұртты ығыстырып тастап, қара тасты кезектесе сүйіп жатты. Әдетте тастың түбінде сапырылысып жататын жұрт енді осы топтың сыртында ошарылды. Оның сыртында екі жігіт дауыс көтерісіп, бір-бірінің жағасынан алып, ерегісіп тұр. Өзгелер «сабыр, сабыр» дейді де өтіп кетеді, қайырылуға мүмкіндік жоқ. Қара тасты сүю дәстүрі пайғамбардан қалыпты дейді ғой. Пайғамбарға ұқсауды мұрат тұтатын мұсылман қауымы көзсіз фанатизмге берілгенде басқа-басқа дәл қара тастың түбінде әдеп-иманды ұмытып кететіндей көрінді…

Бұл тұстағы ең ашулы адамдар – күзетшілер. Әсіресе, Қағба маңындағы тәртіпті қадағалаушылар ештеңеге қарамайды. Зарығып жеткен қара тасты ұзағырақ сүйіп, ұзағырақ аялай сипап тұрып алуға тырысады адамдар. Бірақ, дәл төбесінен төніп, күзетші қарап тұр. Бірер мәрте қолымен тартып көреді, оған көнбесе тура желкеден тебеді. Қағбаны жеті рет айналып шыққан соң жұрт сыртқа таман, жұрт аяғы саябыр тартқан тұсқа барып, Қағбаға мүмкін болған жақын нүктеде намаз оқиды. Алғашқы күндері кісі қарасы аз болатын, Құрбан айт күні адам мүлде көбейіп, жүру мүмкін болмай қалған. Соған қарамай жұрт Қағбадан сәл алыстап барып, намазға жығылуға тырысып жатты. Күзетшілер жандәрмен жұртты мешіттің ішіне кіріп оқуға шақырып жүр. Оған қарамай жайнамазын жайып, енді жүгіне бергендердің жайнамазын қолынан жұлып ап, ары лақтырып жіберді. Өзін де итеріп тастады. Ал, намазын бастап кеткен әлдекімді сәждеде жатқан жерінен қолтығынан көтеріп алып, дырылдата сүйреп барады. Ана жазған намазын бұзбауға тырысып, бүгілген қалпы кетіп барады күзетшілердің қолында…

Ал, мешітте ұйықтап жатқан адамдарға көп өтпей-ақ көзіңіз үйреніп кетеді. Олар тынымсыз құлшылықтың арасында талықсып ұйықтап кеткендер, ұйқысы да аяулы саналса керек. Жұрттың бұл жақта бір біріне елжіреп тұруға шамасы жоқ, ұйқыдағы адамды айналып өтуге мүмкіндік болмаса, белден, бастан аттап жүре береді. Оған жатқандардың да, басқалардың да бойы үйренген, басымнан аттаттым-ау деп аса бір таусылып жатқанын көрмейсің.

Мешіттің тек құлшылық жасайтын орын емес, ыстықтан сая, жұрттың ара-тұра тыным алатын жері екенін Меккедегі Айша ана мешіті мен Мединедегі пайғамбар мешітіне барғанда көрдік. Айша ана мешіті негізгі екі мешіттің жанында кішкене ғана болғанмен, өзіндік сән-салтанаты бар, өте тартымды салынған. Іші де қыздың жиған жүгіндей, жиһазы, кілемі толықсып тұр. Бұл мешітте әл-Хараммен салыстырғанда адам мүлде жоқ деуге болады. Ішінде намазын оқып болған жұрт құран ақтарыстырады, болмаса жатып, көз шырымын алады.

Қажылыққа барғандар кетер қарсаңда Медине қаласына соқпай кетпейді. Пайғамбар мешітінің түстігінде Мұхаммед пайғамбар жатыр. Сәл арырақта сахабалары. Бұл Медине – қу медиенге пайғамбардың өзі Меккені тастап шыққанда қазық қаққан. Жазықта жатыр. Бұл жердің жері Меккеге қарағанда жұмсақтау, құрсаған тас емес, сусыған құм. Біршама аббаттандыруға ыңғайлы. Көшелері кең, тұрмысқа, жүріп-тұруға ыңғайлы. Меккеден шыққан жұрттың бәрі келе бермей ме, әлде басқа себебі бар ма, Мединеде анау айтқандай сапырылысқан адам жоқ. Тып-тыныш, таза қала. Ауасы да кеңдеу көрінді.

Пайғамбардың қабіріне тәуап етуге болмайды. Тек, сырттай тамашалап, екі рәкат намаз оқу керек. Пайғамбарға бағыштап. Мұнда да бірер мәрте жұрттың қабірдің қоршауына қолын тигізіп, орамалымен сүртіп, маңдайын тигізуге тырысқанын көрдік. Бірақ, Қағбадай емес, мұнда тәртіпті бақылауға мүмкіндік бар. Күзетшілер қас қақпай тұрып, аса бір суық болмаса да, салқын қалыпта қолыңызды қағып тастайды. Сонда да жұрт ошарылып, пайғамбар мүрдесінің жанынан кетпей жүріп алады.

Мұнда да сауда орындары көп. Бар тіршілік көзі сол деуге де болатындай. Мешітке қарама-қарсы тізілген, көшені бойлай тізілген дүңгіршектер… Бір қызығы, сауда жасап тұрғаныңызға қарамастан намаз уақытында сатушылар сізден сыртқа шығып кетуіңізді өтінеді. Әрине, күле тұрып. Тұтынушысынан айрылып қалғысы келмейді-ақ, бірақ, амал жоқ. Намаз уақытында ашық тұрған жұмыс орны мен жұмыс істеп жатқан адам жазаланады. Сатушы жігіт «қолымызға кісен салып, апарып қамайды, дүре соғады» деп түсіндірді. Және біз шығып бара жатқанда қайта келуімізді қайта-қайта өтініп, мешітке қарай жиналып жатты.

Намаз уақытында жұрт сапырылысып кетеді. Бәрі мешітке барып оқуға тырысады. Бұл тарапта да жұрттың өзгелерде шаруасы жоқ. Біреу оқып жатса, енді біреулер суретке түсіріп немесе жай тамашалап емін-еркін жүре береді. Қағбадағыдай адам қарасы мол болмаған соң әркім тұрған-тұрған жерінде емес, Пайғамбар мешітінің ауласында да, ішінде де оқи алады.

Меккеге ел королі Салман ибн Абдул-Әзиз әл Саудтың атынан келдік. «Корольдің қонақтары» деп аталатын бағдарлама. 1993 жылдан бері бар деседі. Ертеректе өзге корольдер де шамасы келгенше өзге мұсылмандардың қажылығын өтеуге септесіпті. Жалпы, монархиялы елдегі діни идеологиядан өзге саяси идеология да көзге бірден ұрады. Қайда қарасаң да король мен оның ұлы, тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман әл Сауд қатар тұрады. Қатар аталады. Соңғы кездері елде бір қатар тыйымдар алынып тасталғанын көпшілік осы тақ мұрагерінің белсенділігімен байланыстырады. Дегенмен, ханзада қанша жерден шетелде оқыған, демократияға бір табан жақын деп есептелгенмен, ол да елде реформа жасауға асыға қоймайды. Өйткені, осыдан біраз жыл бұрын король Салманның өзі реформаға қатты кіріскен. Сотты, басқару жүйесін түгелдей реформалап, саясатты діннен бөліп алмақшы екен. Тіпті, арнайы бағдарлама жасап, қол қойып та тастаған. Бірақ, кеңесшілері жинала келіп, бұл бастаманың елдегі монархиялық басқаруға сай келмейтінін, король әулетінің өзіне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткен соң ғана бұл мәселе жабылған деседі. Былтырдан бастап әйелдердің көлік жүргізуіне рұқсат етілгенмен, аса белсенділері болмаса жаппай көлік тізгіндеп кеткен жоқ. Екі аптаның ішінде көлік жүргізіп бара жатқан әйел баласын көрмедік. Соған қарағанда, отбасылық ұстанымдар әзірге заңнан, рұқсаттан әлдеқайда жоғары тұр. Күйеулері рұқсат беру керек. Тағы бір ерекшелігі – әйел адам көлік жүргізсе қасында не бауыры, не күйеуі, не әкесі отыруы шарт.  

Дегенмен, соңғы жылдары шекарасын мұсылмандардан өзге елдерге де ептеп аша бастаған, интернеті еркін істеп тұрған елде демократиялық, зайырлы өзгерістер мүлде жоқ деп айтуға келмейді. Әйелдерге белгілі бір жерлерде жұмыс істеуге рұқсат етілді. Сауда орындарындағы әйелдер өздерін еркін ұстайды, келушілермен күліп сөйлесе береді. Балет, көркем гимнастика сияқты спорт түрлерімен айналысатын қыздар саны да артып келеді. Бұған жария түрде тыйым салынғанмен, көпшілік қыздар түптің түбінде рұқсат берілетініне сенеді. Бұл өзгерістердің болашағы өзін екі қасиетті орынның қызметшісі (екі қасиетті мешіттің имамы деп те атайды) есептейтін король әулетінің шешіміне байланысты. Соңғы жылдары мүлде тыйым салынғанына қарамастан елдегі демократияға байланысты бірнеше бейбіт шерулер мен пикеттер өткені белгілі. Соның әсерінен, сыртқы әсерлерден аздаған жылымық сезілгенмен, бүкіл министрлер кабинетіне дейін корольдің туыстарынан сайланатын елде діни басқару жүйесінің басымдығы әлі де салтанат құра тұратын секілді.

*****

Қазақтың мұсылмандығы, дін ұстануы өзінше жұмсарған, салт-дәстүріне негізделген деп жиі айтамыз ғой. Мина жазығында шұбырған адамды көргенде осы сөзге тереңірек ден қойдық. Мыңдап, миллиондап, бүкіл бір проспектіні толтыра, ұшы-қиырсыз созылған адамдар керуені діни парызын өтеуге кетіп бара жатты. Шайтанға тас атуға. Жолда әлдекімдер адамдарға су бүркіп, мұздай су таратып, нан ұсынып дегендей, тегін қызмет көрсетіп жүр. Күннің астында қаталап келе жатқан (түннің өзінде 35-38 градус ыстық) құлшылық иелеріне мұндай қамқорлық әжептәуір әл. Әсіресе, салқын шатырдан орын бұйырмай, ашық аспан астында, бір кісілік орын табудың өзі мұңға айналған қалың адамның ішінде жатқан адамдарға. Естуімізше бұлардың көбі осы елдің және көршілес елдерден келген кедей-кепшік мұсылмандар. Оларда қажылықтың талабы біздегідей емес, қатал деседі. Бес парыздың бірін – міндетті түрде өтеуге тиіссің. Сол үшін де бала-шағасын шұбыртып, қыңқылдағанына қарамай, ілбіп бара жатқан ерлі-зайыптыларды жиі ұшыратасыз.

Қалың адамның ішінде, шашылған қоқыстың арасында бір айлық қана шақалағын алдына көлденең ұстап, уілдеп бір әйел жантайыпты. Ар жағында тағы бір кішкене бала ойнап отыр…

Әкесінің яки шешесінің иығына басын қойып, аяғы салбырап ұйықтап бара жатқан кішкене балалар енді бір қарағанда шапқылап ойнап жүреді. 

Қажылық міндетін өтеушілерден гөрі босқындарға көбірек ұқсайтын бұл топ тамақты да өздері жасап ішеді. Бастарына шикі азық-түліктерін жастанып алып, тыным алып жатқандар, артынып-тартынып азық-түлік арқалап жүргендерін жиі көресің. Көшеге сыймағандар сәл арырақтағы тас төбені етектей жайғасып алыпты. Сап-салқын шатырдың астынан жаңа ғана шыққан, өздеріне қызықтай қарап қалған біз сияқты шетелдіктерге суық қарайды. Бірер мәрте суретке түсірмек болғанымызда «харам, харам» деп, қолымызды қағып тастардай шыр-пыры шыққан да елдер болды. Көбіне әйелдері мен балаларын орталарына алып, қоршай отырған еркектер. Ал, әйелдері өзіне көз салған, сырттай тамашалап қарап тұрған біреуді байқаса, тез арада теріс айналып кетеді.

Бұл елдің полициясы да сырт елден келгендер екенін айттық. Сол полицейлер мен күзетшілер көп жағдайда осы босқын кепті қажылармен алысып жүреді. Қай маңға қарасаң да соларды ығыстырып, жатқан жерінен тұрғыза алмай жатады. Мың-миллион адамға қанша көп дегенмен полицияның шамасы келмейді. Сол себепті, автокөліктерімен қалың жұртты киіп-жарып, дәл орталарына кіреді де, тапап өтердей болып тұрып алады. Және құлақ-миыңды шағып, дабылын үздіксіз қосып қояды. Алқа-қотан отырғандар мен айқыш-ұйқыш жата кеткендер орындарынан салбырай көтеріліп, амалсыз ығыса бастайды. Бірақ, көп ұзамай олардың кеткен жеріне тағы біреулердің орналасып алғанын көресің.

О баста бұларды қайыршылар ма деп ойлағанбыз. Шайтанға тас ату кезінде адамдар ихраммен емес, кәдімгі киіммен жүре береді. Сол себепті қажылар мен басқаларды ажырату мүмкін емес. Кейін байыптасақ, қайыршылар бұлар сияқты бейбіт жатпайды екен. Олар шетелдіктерді аңдып жүреді. Және елеусіз ғана келіп, қол жаяды. Елеусіз жүретіні – оларға тыйым салынған. Елде дәл қажылық кезінде қайыршылармен күрес қатты жүреді. Қамайтынын қамап, өзгесін басқа жаққа қуып тастайды-мыс. Ол да бос сөз емес сияқты, қол жайған қайыршы көрсе полицейлер жалма-жан жетіп келіп, қайыршыларды қуып жатады. Полицейді көрсе қайыршылар тым-тырақай қаша жөнеледі. Десе де, осынша адамды байлап ұстау мүмкін емес, алғашқы күні көзге түспеген қол жайғандар келесі күні-ақ жолымызды жиі кес-кестей берді.

*****

Мұсылман қауымын шексіз елбіретіп, көрген сәтте көбінің жанарын жасқа шылайтын қасиетті Қағбаны құлатып, тасын алып кеткен де соғыстар болыпты. Дәл осы қасиетті жерде адам қаны судай ағып, қылыш жүзінде қырғындар жасалған. Осыдан біраз бұрын топан басып, Қағбаның ортан беліне дейін су көтеріліпті. Шайтанға тас атар жерде адамдар бір бірін басып-жаншып, бір емес, бірнеше рет мыңдаған адам жан тәсілім етіпті.

…Меккеде әр намаздың соңында міндетті түрде жаназа намаз оқылады. Асса бір-екі минутқа созылатын жылдам жаназаға біреулер қарайлайды, біреулер қарайламайды. Ешкімнің аты аталмайтын, жалпылама оқылатын жаназада кімнің, қандай жағдайда қайтыс болған адамның дүние салғанын біле алмайсың. Ал, жалпы жұрт осынша миллиондаған адам жаназасына жиналған адамды ең бақытты пенде санайды. Өйткені, ол басқа емес, Меккеде жан тапсырды, адам аяғы алғаш тиген (жұмақтан қуылғанда Адам ата мен Хауа ана осы маңда кездеседі) жерде сүйегі қалды.

Міне, осындай махаббатқа бөккен қасиетті қос қалаға Сауд Арабиясының королі ғана емес, күллі мұсылман қызмет етеді (король өзін қос қаланың қожайынымын деп емес, қызметшісімін деп есептейді). Соңғы малын сарп етіп, арып-ашып келетіндерді айтпағанда жағдайына қарай жиі келіп, тазарып қайтуды мұрат тұтқандар қаншама! Және… қажылықта жүргендердің көпшілігі жас-кәрі демей бүгін өле кетуге бейіл. Жан тапсырсам ғой деп армандап келетіндер де аз емес. Ертеректе қажылыққа баратын адам жаназасын шығарып барып аттанатын болған дейді ғой, қазір баяғыдай арып-ашып, жылдап жүрмегенмен, кім-кімде де осы сапардан қайтпай қалам ба деген әлдебір сезік, әлдебір күдік (бәлкім үміт?) болмай тұрмайды. Өйткені, бұл жолдың қиындығы жайлы аз естімеген. Оның үстіне бұл ар жағы тылсыммен, адам баласының ежелгі сенімімен астасқан қасиетті сапар. Жұмыр бас пенделер Қағбаны бетке алғанда дәл Құдайдың алдына бара жатқандай болады. Барын да, жанын да құрбан қылуға дайын…

Ал, кім келіп, кім кетпеген кәрі Қағбаға ешкімің, ештеңең таң емес. Тасы мен құмынан өзге түгі жоқ қу медиенге Жаратушының пейілі неге сонша құлап түскенін түсіне алмай адамзат баласы қанша заман бойы пыш-пыштады екен. Ежелгі Мекке мен байырғы Медине ыстығы бет шарпып: «Құдай жаққан шырақпын, адам үрлеп өшіре алмайды» дейтіндей, мызғымайды.

Алматы-Жидда-Мекке-Медине-Алматы

Жазушы Алмас Нүсіп

Суреттер автордікі.

“Жас Алаш” газеті

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.