Нұр-Сұлтан. 17-қазан. Sunna.kz – Нұр-Сұлтан қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Бауыржан Есмаханның ұйымдастыруымен, ақшам намазынан кейін мешіт жамағатына ауызашар дастарханы жайылып, уағыз-насихаттар айтылды.
Бұл үрдіс алдағы апталарда да өз жалғасын таба бермек. Бұл бейсенбіде Бас имам Бауыржан Есмахан «Білімге талпындырған Құран аяттары» атты тақырыпта уағыз айтты.
«Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) ең алғаш “Ғалақ” сүресінің алғашқы бес аятын уахи етіп түсірген. Хира үңгірінде оған періште келіп: «Оқы!» – дейді. (Алла елшісі (ﷺ)): «Мен хат танымаймын!» – деп жауап береді. (Пайғамбар (ﷺ)): «Сол кезде ол мені ұстап, бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын мені босатып: «Оқы!» – деді. Мен: «Хат танымаймын!» – дедім. Ол мені екінші рет ұстап, тағы да бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын босатып: «Оқы!» – деді. Мен: «Хат танымаймын!» – дедім. Ол үшінші мәрте ұстап, бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын қоя берді де: «Сондай жаратқан Раббыңның есімімен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса Ардақты!» – деді. Міне, біз осы ұлағатты аятқа амал етуіміз қажет», – деді Бас имам Бауыржан Есмахан.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі