19 мамыр. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 3 отбасына баспана кілтін табыстады, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.
Мүфтияттың 30 жылдық мерейтойы аясында берілген баспана көпбалалы отбасына, мүгедек кейуанаға, асыраушысынан айырылған келіншекке салтанатты түрде табысталды.
«Діни басқарманың жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық. Біз баспанаға аса мұқтаж, көмекке зәру азаматтарды қуанышқа бөлейтін игі жобамызды жыл бойы жалғастыра береміз. 3 баспана мақтааралдық ағайынға бұйырып отыр. Біз Мақтааралмен біргеміз. Қоныс құтты болсын! Қуаныштарыңыз баянды болсын. Осы отбасыдан ғалымдар шығып, елімізге қызмет ете берсін» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров: «Қор қызметкерлері осымен 201-інші отбасын қуанышқа кенелтті. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғаса береді» деді.