Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Біреудің мінін көргенше

0 1  133

Құдай Тағала «Әл-Холиқ» яғни «Жаратушы» сипатымен күллі нәрселерді жаратқаны баршамызға аян. Соның ішінде өзінің халифасы етіп Адам атаны махабатпен жаратқан.

Адамзаттың сыртқы бейнесіне қарасаң мін таппайсың. Әрбір мүше өз орнында, өз қызметінде. Көзді көрсін, ауыз сөйлесін деп міндетін бекітіп қойған. Қызыл тілде сүйек жоқ, соған қорған болсын дегендей отыз екі тісті жаратқан.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде «Шынайы мұсылман өзгеге тілімен де, қолымен де зиян тигізбейді» делінеді. Ал, пенде баласында кейде көзбен көргенді ақиқат таразысына салмай тілмен жеткізе салатын кезі болады.

Ислам әлеміне танымал тұлға Хасан әл-Басри бір сөзінде «Мұсылман кісі «Не сөйледім , қандай нәрсе жедім, қандай сусын іштім» деп өзі-өзін әрқашан есепке алады» деген екен. Адамның жан-дүниесінде не жатқанын, қандай пікірде жүргенін, тіл арқылы жеткізері белгілі. Алайда, пенде өз басына қарамай, көзбен көргенін асығыс айта салуға әдеттенбеген жөн екен.

Осыған орай, Абай Хакім «Екінші қара сөзінде» өз айналасындағы адамдардың бала күнінде айтатын басқа халықтар жайлы сөздерін келтіре отырып, былай қортынды шығарады:

«Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық казақ», – деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері».

Мұнда өткенді бағамдап өз-өзінен есеп алу бар да, әділет таразысы арқылы тіл айтқан сөздердің дұрыс-бұрысын бағамдау тағы бар.

Бұл жайында Шәкәрім бабамыз:

– Біреудің мінің көргенше,

Жамандығын тергенше,

 Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен алыс өлгенше!

Осы арқылы аталмыш қара сөздің бір қыры ашылып, оқырман қауым үшін әділет таразы болмаса, тілдің әр нені айту арқылы ақиқаттан алшақтап кететінін түсінуге болады.

Рахматулла БАЙМЕНОВ

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мештінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.