Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мұсылмандардың амандасуы

0 14  691

Бір мұсылман, екінші мұсылман бауырымен ұшырасып қалса: «Ассаләму ғалейкум», «уа ғалейкум ассәләм» деп екі қолдап амандасып жатады. Бұлайша амандасу қазақтың бойына қайдан дарыды? Қалай ойлайсыз?

Қазақ даласына сегізінші ғасырда Ислам дінінің келуімен қазақ халқына амандасудың бұл түрі дәстүр боп қалыптасса керек. Ата-бабамыз қош көріп, қабыл алып, бұлайша амандасу дәстүрі қазіргі таңдағы жаңа қазақтың, яғни біздің тілімізге де жеткен екен, неге біз бас тартпақпыз? Бұлайша амандасу адамның мұсылман екенін ерекшелеп тұратыны анық.

Сіздер осылай амандасудың тарихымен жіті таныссаңыздар имандарыңыз күшейе түседі. Ислам іліміне терең үңілген сайын түпсіз тұңғиығына тоймай сүңги бересіз. Тек жалықпай, ерінбей сабырмен, ықылас білдірсеңіз жүрегіңізде Аллаға деген үлкен махаббат оянғанын сезбей қаласыз.

Ассаләму аләйкум – «сізге Алладан есендік, амандық пен тыныштық болсын» деген мағынаны білдіреді. Уа ғалейкум ассәләм – «сізге де Аллаһтан амандық, есендік пен жақсылық тілеймін» деген сөз. Негізінде, бұлай амандасуды «Ибраһим» сүресінде Алла Тағала мұсылмандарға дәстүр болады деген. Ал, сүйікті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) хадистерінде сәлемдесу мәселесіне егжей-тегжей көңіл бөлген.

Сіз жұтқан ауа мен есепсіз ризық-несібенің Иесі болған Алла Құранда былай дейді: «Сондай иман келтіріп ізгі іс істегендер. Раббыларыңның рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жаннаттағы амандасулары – «сәлем» болады» («Ибраһим», 23).

Пайғамбарымыздан (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бір адам келіп: «Иә, Расул Алла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Исламдағы ең жақсы амал қандай?» – деп сұрағанда. Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген (имам Бухари, имам Муслим).

Ал, келесі хадисте: «Толық иман келтірмейінше, жәннатқа кіре алмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншілік орнықпайынша, толық иман келтірген болмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншіліктің орнығуына себеп болатын нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер» (Әбу Һурайрадан имам Муслим келтірген).

Егер сіздерден біріңіздің жәннатқа кіргісі келсе, Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) өсиетіне амал етсін.

 Сәлемдесудің мұсылмандар арасындағы маңыздылығы

  1. Мұсылмандардың бір-бірімен сәлемдесуі екі мұсылманның мойнындағы міндеті тәрізді.
  2. Мұсылмандардың бір-бірімен сәлемдесуі мұсыл-мандар арасында адамгершілікті, сүйіспеншілік пен құрметті тудырады. Бір-біріне жек көруін, жауласуын, кек сақтауын жояды.
  3. Мұсылмандардың бір-бірімен сәлемдесуі – кішіпейілділікке, мейірімділікке үйретіп, мақтан-шақтықты, тәкәппарлықты басады.

Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) келесі хадисінде:

Әбу Һурайра (р.а): «Алланың Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Алла Тағала Адамның (ғ.с.) бойын отыз шынтақ етіп жаратты. Сөйтіп оған: «Барып аналарға сәлем бер! Кейін олардың саған берген жауабын тыңда. Сол сенің және сенің үмбетіңнің сәлемі болмақ», – деді. Ол жақта топ-тобымен періштелер отырған болатын. Адам (ғ.с.) барып періштелерге: «Ас-Саләму ғалейкум», – деп сәлем береді. Олар: «Ас-Саләму ғалайка уа рахматуллаһи», – деп жауап қатты» деді» деген хабарды айтады.

Хадиске түсінік берер болсақ, сізге сәлем берген кісіге, оныкінен де жақсырақ етіп қайыру. Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) хадисіне амал етіп, сүннетін әрі қарай жалғастырып, дәл пайғамбарымыздікіндей сәлем беріп, сәлемді алу. Егер бір кісі «Ассаләму ғалейкум», – десе, екіншісі «Уа ғаләйкумус-саләм уа рахматуллаһ», – деп жақсырақ етіп амандасу сүннет. Араб тілінен аударғандағы қазақша мағынасы: «Сізге Алланың амандығы болсын», – деп амандасқан кісіге: «Сізге де Алланың сәлемі жаусын», – деп сәлем қайырады.

Ал, мұсылман бауырыңыз: «Ассаләму ғалейкум уа рахматуллаһи!» – деп сізге сәлем берсе, сіз: «Уа ғаләйкумус-саләм уа рахматуллаһи уа баракатуһу!» – деп ол кісінікінен абзалырақ етіп сәлем беріңіз. Сонда барып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан сауапқа ие боласыз. Міне, мына хадис сөзіміздің дәлелі болсын.

«Нәбиге (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бір адам келіп: «Ассаләму ғаләйкум» (Сіздерге Алланың амандығы болсын), – деді. Нәби (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) оған жауап бергеннен соң ол адам отырды. Нәби (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Он», – деп айтты. Осыдан соң екінші адам келіп: «Ассаләму ғаләйкум уа рахматуллаһ» (Сіздерге Аллаһтың сәлемі мен рахметі болсын), – деді. Нәби (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) оғанда жауап бергеннен соң, ол адам жайғасады. Нәби (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Жиырма», – дейді. Осыдан соң үшінші адам келіп: «Ассаләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» (Сіздерге Алланың амандығы, рахметі мен берекеті болсын), – дейді. Нәби (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Отыз», – деп айтты».

Бұл жерде Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) «он», яғни бірінші келген адамның: «Ассаләму ғалейкум», – деп сәлемдескені үшін он сауап, «Жиырма», яғни екінші келген адамның: «Ассаләму ғаләйкум уа рахматуллаһ», – деп сәлемдескені үшін жиырма сауап, «отыз», яғни үшінші келген адамның: «Ассаләму ғалейкум уа рахматуллаһи уа бәрәкәтуһ», – деп сәлемдескені үшін отыз сауап алғаны жайында айтылған (хадисті имам Дауд және имам Тирмизи риуаят еткен).

Рашид Алпысбаев

«Раиса ана» мешітінің найб имамы

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.