Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Өмір мәні, бақыт қайнары

0 962

Иман – өмірдің қиындығын жеңілдетіп, ащысын ләззатқа, қорқынышты шаттыққа, қараңғыны жарыққа айналдыратын тылсым күш.

Айналаға иман көзімен қараған жан өмірдегі кез келген оқиғадан ғибрат алады. Иман пенденің өмір асуларына шуақ шашып нұрландырады. Мысалы, қараңғы орманда кетіп бара жатқан адам қорыққаннан қос көрініп, қалайша зәулім ағашты құбажыққа ұқсатып үрейленсе, арайлап күн шыққанда зәресін алған нәрсенің қорқынышты емес екендіктерін көргенде соншалықты көңілі орнына түсіп жайланады.

Науқастың дертін Алланың сынағы деп біліп, басына келгенге налымай сабырлық танытса, хадисте айтылғандай ыстығы көтеріліп денесінің қалтырауы арқылы ағашты сілкігенде ондағы қураған жапырақтарының самсып төгілгені секілді күналарының төгіліп, тазарып жатқанын парықтаса, әрине, шағымданып, наразылық танытпайды. Қиындыққа тап болған адам сабырлық танытқан жағдайда, Пайғамбарымыздың айтқанындай, оның қарымына жәннаттан ерекше сый берілетінін еске алғанда көңілі жайланып, жарым көңіліне медет болары сөзсіз.

Иманмен нұрланған жүрек Жаратқан иенің ең көркем есімдерінің тамаша айнасына айналады. Өйткені Құрандағы мына бір аятта:

لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ

«Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят) дейді. Иманын шыңдау арқылы періштелердің өзін шаң қаптырып кетеді. Ал егер жүректе иман оты тұтанбаса, онда бұл теңдессіз өнер туындысы бес тиынға татымас нәрсеге айналады.

Шәкәрім атамыз бұл жайлы:

«Адамның сыртқы дене жаралысы,

Нәпсісі айуанмен анық теңдес.

Бөлектігі жалғыз-ақ таза ақылда,

Әлің келсе, жол тап та, осыны емдес!» – дейді. Яғни, философтардың пайымдауындағы «ойланатын хайуан» дәрежесіне түседі. Жоғарыда келтірілген аяттың

Жалғасында:

ثُمَّ رَدَدْنَاهُ أَسْفَلَ سَافِلِينَ

Содан кейін оны ең төменгілерден де төмен еттік» («Тин» сүресі, 5-аят) деу арқылы  имансыз қара жүрек адамдық шекарасынан аттап, хайуандық межеден асып, ауыз айтуға бармайтын төмен дәрежеге түспек. Майлықожа ақын бір өлең шумағында:

«Алланың аты ашады көңілдегі қараңды,

Нышаны дейді пейіштің жазғы соққан самалы»,– деген екен.

Егер жүректе жаратқан Иеге деген иман болмаса, айналада қоршаған нәрселердің бәрі жау, өмір дегенің кім күшті болса сол жеңіп шығатын арпалыс алаңына айналып, адам ешқашан тыным таппай өмірін қынжылыспен, өзгеге сенімсіздікпен, ал өлімді ойласа тіптен үрейден арылмаған күйде күн кешеді. Өйткені өлу – топырақтың бауырына түсіп шіріп жоқ болу, жарық дүниеде сүйгендерімен қош айтысу, жалғанды жалпағынан басып жиған-терген мал-дүние мен атақдаңқынан айырылу секілді көрініп жүрегіне тыным бермейді. Имансыз адам жайлы Құранда:

 وَنُقَلِّبُ أَفْئِدَتَهُمْ وَأَبْصَارَهُمْ كَمَا لَمْ يُؤْمِنُوا بِهِ أَوَّلَ مَرَّةٍ وَنَذَرُهُمْ فِي طُغْيَانِهِمْ يَعْمَهُونَ

«Олардың көңілдерін және көздерін (ақиқатты түсінуден) теріс айналдырамыз да, бұдан бұрын сенбегендіктері сияқты оларды сергелдеңдікке салып қоямыз» (Әнғам сүресі, 110-аят) деп сипаттаған.

Расында, нағыз бақытсыз – тақырға отырған адам, иман байлығынан құр қалған жан. Иман екі дүние бақытын сыйласа, имансыздық осы дүниеде һәм ақыретте де қасірет тартқызады. Және Жаратқан иеміз:

وَمَنْ أَعْرَضَ عَن ذِكْرِي فَإِنَّ لَهُ مَعِيشَةً ضَنكًا وَنَحْشُرُهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَعْمَىٰ

«Ал кім Мені еске алмаса, күдіксіз, оған бір тар тұрмыс болады» («Та-һа» сүресі, 124) деп осы мәселенің мәнін ашуда.

Міне, имансыз өткен өмір неткен өкінішті десеңізші! Қараңғылықтан, өмірдің қиыншылығынан өздерін арылтып, жандарына рахат сыйлаймыз деп өз өмірлерін қиятын кейбір имансыздардың өмірі осыған үлкен мысал. Қазіргі таңда суицид оқиғаларының әлемде өркениеті дамыған елдерде көп орын алуы бізге көп нәрседен сыр ұқтырса керек. Алланың адамзатты бақытқа бастар заңдарына құлақ аспай, өмірдің мәнін тек материалды байлықтан іздегендердің жағдайы қандай өкінішті! Атеистік идеологияның ызғары қайтып, Ислам қауқары артып айқын көріне бастаған қазіргі заманда ойланған адам үшін көптеген ғибраттар бар.

Материализмге сүйенген атеистік түсініктің жойқын соққы жеуі біздерді Алла тағаланың шариғатын мойындауға жетелейді. Арам пиғылды, қарау жандар аспанда жарқырап тұрған күнді қанша бүркемелемек  болса да оған шамасы жетпеді. Олардың пайымдауынша, білім-ғылым шарықтап дамыған сайын Құдайға деген сенім өздігінен жоғалуы керек еді. Алайда әлемде орын алып жатқан дінге деген ерекше құлшыныс олардың теорияларының барлығының күлін көкке ұшырды.

Сондықтан Алла тарапынан келген елшілердің шыншыл екенін мойындайтын уақыт жеткен сияқты.

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَىٰ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً ۖ وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

«Иман келтіріп, ізгі іс істеген ер мен әйелдерге баянды ғұмыр береміз. Әрі оларға істеген істерінің қарымына керемет сый арнаймыз» («Нахыл» сүресі, 97-аят).

Бұл жердегі баянды ғұмырдың аясында жүректердің орнығып жай табуы, ар-ұждандарының таза болуы, қандай жағдай болмасын салқынқанды болуын, басына бір жай түссе жүрегінің тыныш болуын айтады. Осындай дәрежеге жету Алланы раббым деп, Исламды дінім деп, Мұхаммедті (с.а.с.) пайғамбарым деп разылық танытқан адамның қолынан ғана келеді.

Жаратылудың ең жоғарғы мақсаты – Аллаға иман келтіру. Ал адамның ең жоғарғы дәрежесі Алланы тану.

Ал жете танығаннан кейін Оны жақсы көру ерекше бір ләззат болмақ. Ұлық Жаратқанды танып, жақсы көру бүкіл бақыттың, ал оны танымау қасірет пен қайғының қайнары.

«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.