Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әрбір адам істі істеуге ұмтылмақ

0 580

Уа, достар! Адамның бәріне де адал кәсіп қылып, өзі, қатын-балалары біреуден таланбастай тамағын, киімін, көлігін таппақ парыз. Сол себептен пайғамбарымыз айтқан: «Талабул-халала уаджибун ғала кулли муслимин». Мағынасы: «Адал кәсіп қылмақ барша мұсылманға парыз, міндет деп.

Және Алла Тағала Құранда айтқан: «йа аййу-һал-лазина аману анфику мимма разаңнакум». Яғни, «Ей, мұсылмандар! Пайдаланыңыз берген адал ризығымнан» деген.

Және бір хадисте «Кулу уашрәбу тасаддаку фи гайри исрафи уа ла махйалата» деген. Яғни «Жеңіз, ішіңіз, садақа қылыңыз, бірақ тәкаппарланып сәнденбеңіз» деген.

Және аятта: «Йа аййуһал-лазина аману анфику мин таййи-бати ма касабтум». Мағынасы: «Әй, мұсылмандар! Пайдаланыңыз, яғни нәпақаландырыңыз, адал кәсіп қылып тапқандарыңыздан».

Және бір хадис – «Май бата қаллан мин талабил-халала бата мағфуран лаһу». Мағынасы: «Кімде-кім адал ризық ізденіп шаршап келіп жатса, күнәсі кешіліп көзі ұйқыға барар» деген.

Және бір хадис – «Хайруи минкум ман лам йатрук ахиратаһу лидунйаһу уа ла дунйаһу ли ахиратиһи уа лам йакун каллан ғалан-наси». Мағынасы: «Сіздердің ең жақсыларыңыз ақиретін дүние үшін тастамай және дүниесін де тастамай, екеуін де адалдықпен алып жүргендер һәм озгелердің мойнына жүк болмай, өзі мал тапқандар» деген.

Және бір хадис – «Утлубул-ғилма уа лау бис-сини». Мағынасы: «Іздеңіз ғылымды Қытай жұртынан болса да» деген. Бұл айтқаны ғибадат ғылымы емес, дүниелік үшін керекті ғылымдар. Оның үшін пайғамбарымыз Қытай жұртының мәжуси, дінсіз халық екенін біледі. Ол ғылым дегені, өнер дегені – ақирет ғылымы үшін айтқаны.

Міне, бір хадис – «Фадлул-ғилми ахаббу илаййа мин фад-лил-ғибадати уа хайру диникум ал-уарағу». Мағынасы: «Ғылымның қадірі, пайдасы маған ғибадат, нақылдан артың көрінеді. Діннің ең жақсысы – тақуалық яғни сақтану» деген.

Тақуалық ғылымды түгел білмекпен табылады. Сол себептен нақыл, ғибадаттан ғылым артық деген. Бірақ ғылым іздегенде де, аса байлық мал іздегенде де мақсұтың мақтанбақ. Яки біреуді қор, біреуді зор қылмақ болса, дұрыс болмайды.

Ондағы мақсұтың – әуел өзіңді күнә менен кедейліктен құтқармақ одан өзге халыққа ғылымының, яки малыңның пайдасын тигізбек боласың. Пайғамбарымыз: «Әд-дүниа мазрағатул-ахирати», деген. Мағынасы: «Дүние – ақиреттің, егіні, мұнда не шашсақ, онда соны орасың» деген ғой. Не тапсаң ақиретке пайда іске жұмсаңыз.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

«Мұсылмандық шарты» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.