Ислам діні мұсылмандарды бір-біріне бауыр деп бұйырған әрі бауырмалдық сезімінің көкейде нық орын алуы мақсатында оларға бірнеше міндет жүктеген. Осы міндеттердің бірі – сәлемдесу.
«Сәлем беру – сүннет, жауап беру – міндет» дейді бабаларымыз. Осы сәлем, яғни, амандасуға байланысты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы Әнәс (р.а.) риуаят еткен хадисінде былай дейді:
«Бір кісі Алла Елшісіне келіп: «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дос-бауырларымызбен жолығып, көріскен кезде, оларды құшақтап сүйсек бола ма?» дегенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ» деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Қолынан ұстап амандассақ бола ма?» дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, ұшырасқан кісілер қол алысып сәлемдессе, кездескеніне шүкіршілік етсе, Алла Тағала олардың тілегін қабыл етіп, күнәсін кешіреді», – деген.
Хадисте айтылған сәлемдесудің салты – қол алысып амандасу және шариғатымызда бұл амандасудың да өзіндік тәртіптері көрсетілген. Мысалы, жасы кіші адам бірінші болып үлкенге амандасады, жалғыз адам көпшілікке, атты адам жаяуға, келе жатқан адам отырғанға сәлем береді, алайда, бұл – ер кісілердің арасындағы амандасуы.
Ал ер кісі мен әйел кісінің амандасуы жайлы шариғатымыз не дейді?
Ет жақын туыс болмаған қыз–келіншектермен қол беріп амандасуға болмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің жұбайларынан басқа әйел затының қолын ұстамаған. Бұл жайлы Айша анамыздан жеткен хадисте: «Алланың атымен ант етейін! Алла Елшісінің қолы өзге әйелдердің қолына тиген емес. Олармен тек сөз сөйлеу арқылы келісім жасасқан». Тағы өзге бір хадисте: «Расында, мен әйелдермен қол беріп амандаспаймын» деген екен.
Осы орайда «Бабалар аманаты» деген кітапта қазақ батыры Бауыржан Момышұлы келіні Зейнеп Ахметоваға айтқан мынадай ғажап сөзі бар екен: «Сендер не десеңдер де, қалай сынасаңдар да, біз басымыздан өткізген «қол ұстатар» талғамы берік, тәрбиесі мол әдемі ғұрып еді-ау, шіркін! Қыз деген әр еркекке қолын ұстата берсе, алақанының қытығы кетеді. Қытығы деген – ұяты. Ұят кетсе, қыз қасиетін сақтау сезімі сұйылады. Қолын жігіттерге қымсынбай жиі ұстатуға дәніккен бойжетенде қызға тән нәзіктік, пәктік, сыпайылық жұтайды. Қылықтары дарақыланып, жүрістерінен жаңылады. Оның жүрісін бір күн ши жасырар, бір күн туырлық жасырар. Бірақ «көп жүрген жылан да аяғын көрсетіп алады» дегендей, ойнақтап жүріп от басып, өкінішке ұрынады. Құдайым сондайдан сақтасын де! Аяқты шалыс бассаң, қасың түгілі досың да табалайды».
Ислам діні адамды қандай жағдайда болмасын бұзықтықпен ұятты істен сақтайтын өмір салтын ұстануға шақырады. Демек, қыз баламен амандасу керек болған жағдайда тек ауызша сәлем берген жөн. Ал ет жақын әпке-қарындастармен қол беріп амандасу шариғатқа қайшы емес.
Қыз қолын күйеуінен басқа жанға ұсынбауының осындай әдемі сыры бар. Иманды, инабатты қыздарымыз, намысты, жігерлі жігіттеріміз көп болсын!
Бағлан Жүсіпов,
Жамбыл облысы, Қордай ауданы
«Үлкен сұлутөр» мешітінің имамы