Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде кешкі дәрістер жалғасуда

0 1  307

Мешіт – пендені имандылыққа баулитын, барлық жақсылықтың тоғысқан қасиетті сүйіспеншілік мекені. Діни сауат медреселерде алынатыны белгілі. Халықтың рухани білімін арттыруда  діни сауат ашу курстарының рөлі зор екені айтпаса да белгілі. Мешіт есігі рухани біліммен сусынданамын деген кез-келген жанға ашық. Алланың үйі мұсылман баласының риясыз құлшылық жасайтын рухани ордасы болуымен қатар оның жан-жақты ілім алуына да көмектеседі. Ұлтымыздың болашағы үшін шыбын жанын құрбан еткен кешегі Алаш арыстары мен халықты діни ағарту ісінде ерен еңбек еткен Абай мен Шәкәрімдердің мешіт-медресе қабырғасында ілім алғаны сөзіміздің айғағы. Мешіт пен діни сауат ашу курстары – тәрбие мектебі. Құлшылық үйінен тәлім алған азамат отбасы мен Отанына әсте опасыздық жасамасы анық.

Қазір еліміздегі мешіттердің барлығында дерлік міндетті дəрістер өткізіліп келеді. Арнайы ұстаздар немесе ұстаздық дəрежеде жоғары білімі бар имамдар дәріс береді.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешетінде өткізіліп жатқан діни сауат ашу курстарының есігі үлкен-кіші, ерлер мен қыз-келіншектердің барлығына ашық. Білім алу – жалпы мұсылманға парыз болғандықтан, жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмайды.

Білмегенді сұраудан ұялу нағыз білімсіздікке алып барады, сондықтан мешітке келіп, ҚМДБ бекіткен имамдар мен ұстаздардан алған білім дұрыс болады. Əлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, орта мен ілкі буын имамдардан дəріс алмақ тұрмақ, намаз оқу тəртібін сұрауға үлкен жасынан ыңғайсызданады екен. Əлеуметтік желіден насихат іздеп, сенімнен адастыратындарға тап болады. Солай керағар ағымдардың жетегіне еріп кете барады.

Тура жолдан адаспау үшін имамдар жұртшылықты мешітке дəріске шақырады. Оның ішінде Құран жаттау, Ақида жəне фикһ, яғни, шариғат шарттары бойынша танымдық сабақтар оқытылады. Бұл барлық мешіттерде бекітілген кесте.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде де осындай имандылық сабақтары күнделікті өткізіліп тұрады. Бұдан бөлек кешкі дəрістерге қатысуға ниетті жамағатқа мешіт есіктері қашанда ашық. Білім жолына түскен жанға Алланың жеңілдіктері мен сауабы мол. 

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.