Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дұға – біздің дәстүріміз

0 954

«Дұға» ұғымы қазақ халқы үшін жат нәрсе емес. Тіпті, қазақ тілінде «бата» делінетін балама түсінігі де бар.

Шын мәнінде дұға – Алладан әмір болған ғибадат түрі. Дұға етудің маңыздылығы мен қажеттілігі жайында Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)хадистерінде мұсылмандарға әмір етілген.Ал, дұғаның осындац мәні мен маңызын түсінгендігін халқымыз өзінің өмір салтына сіңіріп, дәстүрлі құндылықтарына айналдырған.  Біз мұны халқымыздың фолклорлық танымдарындарынан байқаймыз. Мәселен, Құран Кәрімде дұға жасауға қатысты мынандай аяттар келеді:

اُدْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً

«Раббыларыңа жалбарынып және жасырын түрде дұға етіңдер» («Ағраф» сүресі, 55-аят). Ал, 56-аятында:

وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا

«Және Аллаға қорқып әрі үмітпен жалбарыныңдар (дұға етіңдер)».

Міне, осы аяттардың мәні мен мағынасын жете білген халқымыз «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады», «Құдай деген құр қалмас» деп әрбір қиындықта Алладан дұға ету керектігін, дұғаның тек Алладан сұралатындығын, Алланың береген екендігін дәріптейді.

Алланың ақырғы Елшісінен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадистерде былай баяндайды:

الدُّعَاءُ مُخُّ الْعِبَادَةِ

«Дұға – ғибадаттың негізі» (Тирмизи, Дауат, 1)

أَفْضَلُ الْعِبَادَةِ هُوَ الدُّعَاءُ

«Ең жақсы ғибадат ол – дұға» (Хаким, Дауат, І, 491)

Яғни, әрбір істе дұғаны қағыс қалдырмау ғибадатың абзалы ретінде айтылса, осыны қазақ халқы әрбір дастархан басынан тартып мерейлі іс-шараларға дейін ешбірін батасыз бастамайды. Осылайша, Алла Расулі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәріптеген ғибадаттың өзегін әрбір істің басында орындауды бұлжымас өмір салтына айналдырған.

Ал, дұғаның мәнін айырықша бағалаған халқымыз оның адамның жеке өмірінен тартып, елдің тағдырлы мәселелеріне дейін әсер ететінін жеткізген. Мәселен, «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп дұған-тілектің адам өміріндегі маңызын айқындаса, «Атадан бата алмай үй болмас, ордадан үлгі алмай би болмас» деп отбасылық өмірге де дұғаның аса маңызды құндылық екенін дәріптейді, «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деп халық өміріндегі мәнін, дұғаның әлеуметтік маңызын баса айтады.

Міне, бұл дұға ұғымының халқымыздың дәстүрінде берік орын алғанының көрінісі.

Әділ Агитаев

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.