Мұсылман амандасқан уақытта даусын көтеріп сәлем берген дұрыс, ауыз жыбырлатып, басын изеп амандасу сүннетке жат. Бұлайша яһудилер сәлемдеседі. Егер сәлем беретін кісіңіз ұзақта тұрса, ишара білдіріп сәлемдесіңіз. Бөлмеге кіріп келгенде көпшілік болса, дауыстап амандасып, арасында құлағы естімейтін кісілер болса алдына барып қолмен, ишарамен сәлем берген мақұл.
Егер мәжіліске, оқу залына, сыныпқа кіріп келсеңіз де, шықсаңыз да сәлем беріңіз. Алланың ақырғы Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бұл жөнінде: «Сендерден, бірің жиынға келсе, ондағыларға сәлем берсін. Кететін болса да сәлем берсін. Себебі бірінші сәлемдесудің міндеттілігі, екінші сәлемдесу артық емес», – деген, яғни екі ретте де сәлемдесудің маңыздылығы зор.
Алла Тағала «Ниса» сүресінде: «Егер сіздерге сәлем берілсе оныкінен жақсырақ етіп қайтарыңыз, ең болмаса өзінікіндей етіп қайтарыңыз», – деп әмір етеді.
Мұсылмандар амандасқанда қалыптасқан дәстүр бойынша екі қолдап ер азаматтар жағы сәлемдеседі. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Екі мұсылман кездесіп қол алысатын болса, олардың күнәлары екеуі айырылысудан бұрын кешіріледі», – деп айтқан (Имам Әбу Дауд риуаят еткен).
«Мен Анастан (р.а.): «Нәбидің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!)сахабалары сәлемдескенде қол алысатын ба еді?» – деп сұрағанымда, ол: «Иә», – деп жауап берді» деген хабарды имам Бухари жеткізеді.
Айша анамыздың (р.а.): «Зайд ибн Хариса (р.а.)! Мадинаға келген уақытта Нәби (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) менің үйімде еді. Зайд ибн Хариса есікті қаққанда Нәби (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) оны қарсы алу үшін киімін сүйреткен күйде есікке қарай жүрді. Кейін пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Зайд ибн Харисаны (р.а.) құшақтап сүйді», – деп айтқан хадисін имам Тирмизи келтіреді).
Кімде-кім бірінші сәлем берсе, мол сауапқа ие болады. «Әт-Туфайл ибн Әбу Кағб (р.а.) әдетте Абдулла ибн Омарға (р.а.) келіп, кейін екеуі бірге базарға баратын.
Әт-Туфайл ибн Әбу Кағб айтады: «Біз базарға барғанымызда Абдулла ибн Омар (р.а.) кімге кездессе де, ол ескі-құсқыны сатушы, саудагер кедей немесе жай бір адам болсын, оларға сәлем бермей жанынан өтпейтін. Бір күні мен әдеттегідей Абдулла ибн Омарға (р.а.) келгенімде ол мені базарға шақырды. Сол уақытта мен: «Сен базарға барғанда не істейсің, бір нәрсе сатып алмайсың. Ондағы заттың бағасын сұрамайсың және өз заттарыңа баға қоймайсың. Не болмаса базарда жиналғандарға қосылмайсың, оданда бізбен бірге отырып әңгіме айтсаңшы», – дедім. Менің бұл сөзіме Абдулла ибн Омар (р.а.): «Ей, Әбу Батн! Біз базарға тек сәлемдесу үшін ғана барып, кездескеннің бәріне сәлем береміз», – деп жауап берді (имам Маликтің риуаяты).
Пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) келесі хадисінде: «Расында адамдардың ішінде Алла Тағалаға ең жақыны, басқаларға бірінші болып сәлемдескені», – деген (имам Әбу Дауд).
«Пайғамбардан (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Иа, Расул Алла! Екі адам кездессе, олардың қайсысы алдымен сәлемдеседі?» – деп сұрағанда. Ол кісі: «Алла Тағалаға жақын болғаны», – деп жауап берді» деген риуаятты имам Тирмизи келтірген.
Анас ибн Маликтен «Расул Алла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) маған: «Ей, балам! Үйіңе кіргенде сәлем бер, сенің сәлемдескенің өзіңе және үй-ішіңе Аллаһ тағаланың берекесін алып келеді», – деп айтты деген хадисті де имам Тирмизи жеткізген.
Нафиғ: «Мен Шам елінің Абдулла ибн Закария деген ғалымымен сапарда серіктес болдым. Бір кезде астымдағы көлігім тоқтап, мен артта қалып қойдым. Сөйтіп жүрісімді жылдамдатып, Абдуллаһ ибн Закарияны қуып жетіп, үнсіз оның қатарына қосылдым. Сол кезде ол маған: «Сен сәлем бермейсің бе?» – деді. Мен оған: «Мен жаңа ғана сенің қасыңда болдым емес пе?» – дедім. Ол: «Сен рас айтасың, бірақ, сахабалар бірге келе жатып, араларын бір ағаш ажыратып жіберсе де, қайта қосылған сәтте олар бір-біріне сәлем берген», – деді» деген хабарды келтіреді.
Дәлірек айтқанда, әрбір мұсылман, бір-бірінен ажырап қалып, қайта ұшырасып жатса да, белгілі-бір уақыттан кейін: «Ассаләму ғалейкум», – деп қайта сәлемдесуі сүннет. Міне, Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) әрбір хадисі жақсылық пен әдептілікке тұнып тұр, мейірімділік пен хикметке толы. Мұсылман қауымының бір-біріне сүйіспеншілігін, сыйластығын, достығын күшейтеді.
Үлкеннің кішіге сәлем беруі
Анас ибн Малик көшеден өтіп бара жатып сәби балаларға сәлем берді де: «Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) кішкене балалардың жанынан өтіп бара жатып сәлем берер еді», – деп айтқан.
Қарап отырсақ, мұның да астарында адамгершілік идеясы бар деуге болады. Себебі, Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) осылайша балаларды әдептілікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге сәби күнінен баулу керектігін меңзеген. Балалар ересектердің бұлайша өздеріне көңіл бөліп, иіліп сәлем бергенінен кейін, өздерінің ерекше орыны бар екенін сезініп, қуанып саналарында қалып қояды, өмірлік сабақ болады.
Кішінің үлкенге сәлем беруі
Жасы кіші үлкен кісілерді көргенде қайырылып келіп қос-қолдап сәлем беруі тиіс. Бұл әдеп – кіші буынның отбасынан алған тәрбиелілігін, әдепті көргенділігін көрсетеді. Әбу Һурайрадан (р.а.) Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Көліктегі адам жаяуға, жаяу адам отырғанға және аз адам көпшілікке сәлем береді», – дегені жайында риуаят жеткізілген (имам Бұхари, Муслим).
Имам Бухари риуаятында: «Жасы кіші жасы үлкенге (сәлем береді)», – делінген. Сүннет бойынша: Кіші үлкенге, көпшілік отырғандарға, көліктегі кісі жаяуға көлігінен түсіп сәлем беруі қажет.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет, рахым жасамағандар бізден емес», – деген Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!).
Иә, құрметті оқырман! Сәлем беруді болмашы нәрсеге санап мән бермеуіміз, бізді жәннатқа кіру мүмкіншілігінен алыстататынын біле бермейміз. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жоғарыда келтірген хадистерін оқып-білгеннен кейін, соған сай амал етеді деп үміттенеміз.
Себебі, Пайғабарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мына хадисінде: «Толық иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншілік орнықпайынша толық иман келтірген болмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншіліктің орнығуына себеп болатын нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер», – деген (имам Муслим).
Рашид Алпысбаев
«Раиса ана» мешітінің найб имамы
sunna.kz