Наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы ҚМДБ Алматы аймағы өкілдігі ұйымдастырған бірнеше іс-шараға қатысты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен мұсылман жамағаты үшін өте қажет тақырып – Исхан ілімі барлық аймақта насихатталып, «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы жарыққа шыққаны белгілі. Ихсан ілімін кеңінен насихаттау мақсатында Алматы облысы Іле ауданындағы «Өтеген батыр Сәбденұлы» мешітінде жамағат арасында облыстық байқау өтті.
Байқаудың қорытынды жиынында наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Ихсан ілімінің мәні мен маңызын жан-жақты түсіндіріп, бұл ілім әрдайым сабырлы болып, тәубе қылуға, сүннетке берік болуға, әрбір тіршілік иесі мен жаратылысқа мейірім танытуға, ықылас пен ниетті арттыруға үндейтінін атап өтті.
ҚМДБ Төрағасының орынбасары байқау жеңіпаздарын марапаттап, білім жарысында жүлделі 1-орынды жеңіп алған Сұлтанәли Сейтқалиға Ұмра қажылығына жолдама берді. Байқауда 2-орын алған Жандос Ерланұлы – 100 000 теңге, 3-орынға ие болған Қадыр Роллан 70 000 теңге көлемінде қаржылай сый-сияпатқа ие болды.
Сондай-ақ Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы «Құранға деген шынайы махаббат» атты әжелер арасындағы Құран байқауы жеңімпаздарын да марапаттады. Құран байқауында жүлделі 1-орын алған Оразхан Қыдырова апамызға Ұмра қажылығы табысталса, 2-орын алған Айнаш Жақып анамыз – 100 000 теңге, 3-орынға ие болған Айгүл Жалғасбаева апамызға 70 000 теңге қаржылай сый-сияпат берілді. Байқауға қатысушыларының бәріне естелік сыйлықтар табысталды.
Бұдан бөлек наиб мүфти Алматы аймағында өткен «Рамазан сүйіншісі» қайырымдылық іс-шарасына қатысып, жиналған қауымға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Алла Тағаладан береке мен тыныштық тілеп, жәрдем алған әрбір мұқтаж жан үшін дұға жасады. Іс-шара барысында жағдайы төмен 120 отбасыға азық-түлік қорабы таратылды.