Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Отбасылық өмір дегеніміз – мылтықсыз майдан

0 542

Майдан – өмірден мән табу жолындағы күрес, дәлірек айтсақ Ислам мен адам арасындағы кедергілерді жою. Ал кез келген күрес дайындықты, үздіксіз жаттығуды талап етеді. Дүниедегі ең үлкен күрес – адамның нәпсісімен күресі. Қазіргі заманда айнала тірлікте нәпсіге ұнайтын, нәпсіні қытықтайтын алуан түрлі зат, нәрсе, оқиға, объект толып жатыр. Отбасы – нәпсінің құмарына балта шабатын құрылым. Отағасы үшін де, әйел үшін де, балалар үшін де қызылды-жасылды, құмарды қытықтайтын дүниелер көп. Олар – арам-адалдың жігін ажырата алмай қалатын байлық, соңғы модель көлік, қайырымы аз зәулім үй, жихаз, әшекейлер, қажеттіліктен артық киім-кешек, жаңа модель электронды жабдықтар, жарнамалар, интернеттегі керекті-керексіз көріністер, адал мен арамға мән берілмейтін той-томалақ, иман-исламмен қаруланбаған коучтардың «насихаттары», адал жолдан ауытқуға себеп болатын жора-жолдастар, жақын-жуықтар т.с.с. Кез келген қажеттілік адал жолмен өтелмегенде арамға ойысады, нәпсіқұмарлық жеңеді. Отбасы – осы сияқты толып жатқан иман әлсірететін микроп вирустардан қорғайтын антидене іспетті.

Нәпсіқұмарлық дертінен айықтыратын құралдар – құлшылықта тереңдеу, асыл мұратты жиі еске салу, отбасылық кеңес, отбасылық дастархан басындағы бірлік, ерлі-зайыптылардың бір-біріне арнайы уақыт бөлуі, отбасылық тәрбие-тәлім тренингтері, әулеттің үлкендерімен жиі сұхббаттасу, бата алу, ас қайыру, отбасылық кітап оқу сағаттары, сыйлық беру, отбасы мүшелерінің туған күндерін, мерейтойларды әсіреге берілмей атап өту, имани сұхбат, ықсанға ұмтылу, қайыр-садақа, зекет, мұқтажға көмектесу. Мұның бәрі отбасында жүзеге асқанда берекеге кенелтетін жайттар.

Әрбір шаңырақ – пайғамбардың насихатымен заманауи суффа мектебінің филиалы ретінде қызмет етуге тиіс. Суффадағы сабақ – күнделікті дастарқан басында отбасы мүшелерінің жиналуы, өнегелі сұхбат. Бала тәрбиесі негізінен дастархан басында – суффа сабағында жүзеге асады. Бала – бақылаушы, әрі локатр. Ерлі-зайыптылар өзара жылы жүз, әдемі сөзбен қатынас жасайтын болса, бала өздігінен шуаққа шомып өседі. Отбасы майданындағы жеңістің тірегі – ерлі-зайыптылардың арасындағы өшпес махаббат. Құмарлық емес, махаббат. Абай атқандай «Құмарлық пен махаббат ол екі жол». Иман берік болса, ол қарым-қатынаста махаббат мықты. Имани-ислами нәр азайғанда, имани дәрумен жетіспегенде арада суықтық пайда болады. Айналадағы, көшедегі, жұмыстағы, интернеттегі дүниелер қызық, әдемі, мағыналы сияқты көріне бастайды. Еркек үйден суыйды, әйел өз әлемінде өмір сүре бастайды. Бала дәнекер болудан қалады.

Бауыржан Момышұлы мұндайды «өз үйіне көңілді кіре алмайтындар, өз үйінен қашатындар – жарымжан әрі бақытсыз» деп түйіндеген. Үйде (ең болмаса телефон не компьютерден) уақыты кіргенде азанның оқылуы, намазға шақыруды ести сала дәрет алуға, намаз оқуға асыққан әке мен ана, Рамазан айына арнайы дайындық, келген қонаққа құрмет, қарттарға ықылас, Құран оқитын ата-ана, иманжүзді жолдастар, әдемі лебіздер, астан соңыра бата қайыру – міне осының бәрі баланың түпсанасында автоматты түрде бекитін тәлім.

Сөз соңы – асыл сахаба, Пайғамбарымызың «үмбетімнің хакімі» деген марапатына ие болған әзірет Әбу Дәрда ақтық демін берер сәтінде, қасындағы әйелі Үммі Дәрдаға былай дейді: «Менің ақырым таянды. Көп ұзамай Жаратушыммен қауышамын. Саған айтарым бар, мен өлген соң өзіңді қинамай, мінәсіп жан кездесіп жатса қайтадан тұрмысқа шық». Әйелі Үммі Дәрда күйеуінің бұл сөзіне қатты қапаланады. Жан жарына қарап «Уа, Мұхаммед үмбетінің хакімі атанған абзал жан! Әзірет Мұхаммед өмір бойы сені құрметтеп, сыйлап, ерекше разы болып кетті. Менің дәл қазір сенен бір өтінішім бар, соңғы тілегім болсын, мен дәл қазір дұға қылайын сен сол тілегіме әумин десең болды». Хал үстінде жатқан Әбу Дәрда жан жарының соңғы тілегін орындауға келіседі. Сондағы Үммі Дәрданың дұғасы мынау екен: «Уа, Жаратушы Раббым! Мен бұл өмірде бақытты ғұмыр кештім. Бойжеткен қыз күнімде Әбу Дәрда маған сөз салып, Өзіңнен жар ретінде мені қалады, Сен оның сол тілегін қабыл қылдың. Ақыретте де мен күйеуім Әбу Дәрданы өзіме жар ретінде қалаймын. Қабыл ете гөр, уа, Аллам!» Әбу Дәрада ақ некелі зайыбының дұғасына әумин деген күйі қайтпас сапарға аттанған көрінеді. Баршаға Әбу Дәрда мен Үммі Дәрданың махаббатын, екі дүниеде бірге шаңырақ көтеруді нәсіп еткей.

материал «Дүниедегі жұмақ» кітабынан алынды,

sunna.kz 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.