Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Исламдағы ұлы тұлғалардың үйленуге қатысты сөздері

0 581

Омар (р.а.): «Адамның үйленуіне тек әлсіздік пен күнәһарлық кедергі болады», – деген. Омар осы сөзімен діннің үйленуге бөгет болмайтынын, тек осы екі жаман сипат қана бөгет болатынын білдірген.

Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Адамның құлшылығы үйленумен ғана кемел болады», – деген. Ол осы сөзімен үйленуді құлшылық және құлшылықты толықтырушы ретінде қабылдайтындай көрінгенімен, негізгі көздегені, құлшылықтың жүрек тыныштығымен қабыл болатынын, буырқанған шаһуаттың басылуы, жүрек тыныштығы тек үйленумен мүмкін болатынын білдірген. Сол себепті өзі де ер жеткен Икрима, Курайб және басқа да құлдарын шақырып: «Қаласаңдар, сендерді үйлендірейін. Өйткені кісі зина жасаған кезде жүрегінен иман қашады», – деген.

Ибн Масғуд (р.а.): «Алланың алдына бойдақ күйде бармас үшін өмірімнің он күні қалғанын білсем де, үйленуді жөн санар едім», – деген.

Муаз ибн Жәбәл (р.а.) отбасымен бірге оба ауруына шалдығып, екі отбасын да жайпап түседі. Сонда өзі ауырып жатса да ол: «Мені үйлендіріңдер. Өйткені бойдақ күйде өлгім келмейді», – деген.

Мұндай мысалдар аталған екі сахабаның шаһуаттың құлы екенін емес, қайта үйленуде үлкен артықшылық бар екеніне сенгенін көрсетеді.

Омар (р.а.) көп әйел алған. Бұл әрекетін өзі: «(Көп) бала өсіру үшін үйлендім», – деп түсіндіреді екен. Сахабалардың бірі өзін Алла елшісіне (с.а.с.) қызмет етуге арнайды. Әрдайым Алла елшісінің (с.а.с.) қасында болады. Бір күні адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) одан:

– Сен неге үйленбейсің? Үйленсең қайтеді? – деп сұрайды. Сонда әлгі сахаба:

– Бір жағынан, сізге қызмет етуден ажырағым келмейді, екінші жағынан, кедеймін, ештеңем жоқ. Қалай үйленемін? – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) үндемей қалады. Біраздан соң жоғарыдағы сұрағын қайта қояды. Сахаба да әлгі жауабын қайталайды. Артынан өзі іштей: «Алла елшісінің (с.а.с.) бұл сұрақты қайталауында бір хикмет бар. Ол дүние мен ақырет үшін ненің пайдалы, мені Аллаға жақындататын және пайда тигізетін нәрсенің не екенін өте жақсы біледі. Егер үшінші мәрте осындай ұсыныс айтар болса, онда мен үйленуге барымды саламын» – деп ойлайды. Алла елшісі (с.а.с.) үшінші мәрте:

– Сен не үшін үйленбейсің? Үйленсең қайтеді? – дегенде, әлгі сахаба:

– Уа, Алланың елшісі! Мені үйлендір, – дейді. Алла елшісі (с.а.с.):

– Пәленше деген кісілерге бар және оларға Алла елшісі (с.а.с.) сендерге қыздарыңның бірін маған қосуды бұйырды деп айт, – дейді. Сахаба:

– Уа, Алланың елшісі! Менде ештеңе жоқ қой. Қалай үйленемін? – дейді. Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына:

– Мына бауырларыңа дәнектің салмағындай алтын жинап беріңдер, – дейді. Сахабалар біраз алтын жинап, әлгі рудың адамдарына барып, оны үйлендіреді. Алла елшісі (с.а.с.):

– Қане, енді той дастарханын жайыңдар, – дейді.

Сахабалар тағы өз араларынан бір қой шығарып береді. Әлгі сахаба сол қойды сойып, дастархан жаяды.

Алла елшісінің (с.а.с.) осыншалықты талап етуі некенің абзалдығына дәлел болатыны секілді, адамның үйленуге деген мұқтаждығын сезінуінен де хабар беруі мүмкін.Бұрынғы өткен үмбеттерден бір кісі құлшылығымен өз дәуіріндегі тақуалардан асып түскені айтылады. Оның бұндай терең құлшылығын сол замандағы пайғамбарға жеткізеді. Сонда пайғамбар:

– Өте жақсы адам. Бірақ шіркін, басқа сүннетті де тәрк етпегенде ғой, – дейді. Әлгі тақуа бұл сөзді естігенде көңілі түсіп, пайғамбарға келіп:

– Мен қандай сүннетті тәрк етіп жүрмін? – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар:

– Үйлену сүннетін, – деп жауап береді. Тақуа кісі:

– Мен ештеңесі жоқ кедей адаммын. Халықтың көмегімен күнелтемін. Осы себептен үйленбей жүрмін, – дегенде, Пайғамбар:

– Мен саған өз қызымды беремін, – деп қызын оған қалыңдық қып береді.

Бишр ибн Харс: «Ахмад ибн Ханбал менен үш нәрседе асып түсті:

1. Ол өзінің де, бала-шағасының нәпақасын да адал жолмен табуға тырысты. Ал мен тек өз нәпақамды ғана табамын.

2. Ол үйленді. Мен бойдақпын.

3. Ол баршаның имамы ретінде таңдалды. Мен олай бола алмадым» – деген екен. Ахмад ибн Ханбал ұлы Абдулланың анасы дүние салған соң екінші күні үйленгені жайлы айтылады. Ахмад ибн Ханбал: «Жалғыз жатуды ұнатпаймын», – деген. Бишрға келсек, оған: «Үйленбедің, осы сүннетті тәрк еткенің үшін сен жайлы өсек-аяң тарауда», – дегенде, ол: «Оларға «парызбен әуре болып жүргендіктен ол сүннетті орындай алмады» деп айтыңдар», – деген. Сондай-ақ тағы бір жолы одан: «Не үшін үйленбейсің?» – деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген: «Менің үйленуіме бөгет болған Алла тағаланың «Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдері алдында заңды міндеттері бар» деген аяты». Бұл сөзді Ахмад ибн Ханбалға айтқанда: «Бишр сынды адам қайда?!» – деген екен. Сонымен қатар, ол дүние салған соң біреу түсінде көріп одан:

– Алла саған қандай мәміледе болды? – деп сұрағанда, Бишр:

– Иә. Жұмақтан үлкен дәрежелер алдым. Бірақ үйленген адамдардың дәрежесіне жете алмадым, – депті. Басқа бір риуаятта: «Раббым маған: «Маған бойдақ күйде келгеніңді қаламадым» деді» – делінген. Одан:

– Әбу Наср әт-Тимарға қандай мәміле жасалды? – деп сұрағанда, Бишр:

– Менен жетпіс есе үлкен дәреже алды, – дейді. Оған тағы:

– Біз сені одан жоғары деп білетінбіз. Бұл қалай болғаны? – дегенде,

– Отбасының қиыншылығына төзгендіктен ол сондай дәрежеге өрледі, – дейді.

Суфиян ибн Уяйна: «Бір адамның әйелінің көптігі оның дүниелік пайданы көздегенін білдірмейді. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларының арасындағы ең тақуаларының бірі болған Алидың өзінде төрт әйел, он жеті күң болған», – депті.Неке – бұрыннан келе жатқан сүннет және пайғамбарлардың дәстүрі. Бір кісі Ибраһим ибн Адхамға:

– Сен қандай бақыттысың! Бойдақтықты таңдап, өзіңді толықтай құлшылыққа арнадың, – дегенде, Ибраһим ибн Адхам:

– Бала-шағаң үшін көрген бір қиындық менің бүкіл жасаған жақсылығымнан артық, – дейді. Әлгі адам:

– Олай босла, сен неге бойдақтықты таңдадың? – дегенде, Ибраһим ибн Адхам:

– Менің отбасыға мұқтаждығым болмады. Сондықтан әлдебір әйелдің бағын байлағым келмеді, – деп жауап береді. Отбасылы кісілердің бойдақтардан артықшылығы Алла жолында соғысқандардың соғыспағандардан артықтығы секілді. Сондай-ақ отбасылы адамның оқыған бір рәкат намазы бойдақ кісінің оқыған жетпіс рәкат намазынан да абзал.

материал «Некенің әдептері» кітабынан алынды,

sunna.kz 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.