Балаларға тамақ жеудің мынадай әдептерін көрсеткен: тамақтан бұрын және кейін қол жуу, тамақты «бисмилләһпен» бастау, дұғамен бітіру, оң қолмен жеу, өзінің алдынан жеу, тамақты жатып жемеу, қолды тіреп отырмау, тамаққа мін айтпау, нанның, тамақтың дастарқанға түскен үгінділерін тастамау, суды үш мәрте бөліп ішу, кесенің сынған жерінен су ішпеу, су құйылған ыдысқа ауызды малып ішпеу, ыдыстардың бетін ашық қалдырмау, тамақты қатты ыстық күйінде жемеу, т.б. Сүннет бойынша тамақтануға байланысты ұстанымдардың бірі – отбасы мүшелерінің дастарқан басына бірге отыруы. Пайғамбарымыз: «Аллаһ тағала үшін тамақтардың ең сүйкімдісі − көп қол созылған тамақ», «Бәрің бірге жиналып тамақ жеңдер, бөлекбөлек отырмаңдар, себебі, берекет жамағатта» дейді. Бірде «Қанша тамақ жесек те тоймаймыз, бұл қалай болғаны?» деп сұраған бір сахабаға Пайғамбарымыз: «Бірге жейсіңдер ме, жоқ әлде бөлек-бөлек жейсіңдер ме?» деп сауал қояды. Сахаба: «Бөлек-бөлек жейміз» деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз: «Олай болса, дастарқанға бірге отырыңдар, «бисмилләһ» деп жеңдер, сонда тамақ сендер үшін берекетті болады» деп үйретеді. Пайғамбарымыздың көпшілікпен бірге отырған дастарқан басындағы әдеттерінің бірі – ғибратты әңгімелер айту болатын. Осы сүннетті ұстанған мұсылмандар да дастарқан басында жүрекке жағымды әңгімелердің қозғалуын, ғибратты оқиғалардың баяндалуын дәстүрге айналдырған. Бала тәрбиесі үшін дастарқан басы да − өзінше бір мектеп. Демек осы сәтті пайдаланып, баланың көкірегін ашатын, санасында сабақ болып мәңгі қалатын баянды оқиғаларды айта отырып, әдептілікке, имандылыққа баулуға болады
материал «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабынан алынды,
sunna.kz