Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Бата – Құранның анасы, ердің данасы»

0 1  327

«Бата» сөзі «фатиха» сөзінен шыққан. «Фатиха» – Құран кәрімнің ең бірінші сүресінің атауы. Құран кітабы «Фатиха» сүресімен басталғандықтан, бұл сүреге «ашушы, беташар» деген мағынаны білдіретін «Фатиха» атауы берілген.

«Бата» сөзінің «фатиха» сөзінен тарайтынына бұл сөздің қазақ тіліндегі «бәте шығару, пәте оқу» деген нұсқалары және «Бата оқыр» дәстүрі дәлел бола алады. Бата оқыр – қайтыс болған адамды жерлеген уақытта келе алмаған жақын-жуықтар мен жекжаттардың, тамыр-таныстардың артынан арнайы жұбатып келіп көңіл айтуы, бата қылуы, марқұмның артынан дұға оқып, Құран бағыштау рәсімі. М.Әуезов «Абай жолында» Құнанбайдың Бөжейдің «бата оқырына» барғанын, «Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір тай сойыс апарады. Және азаға салғаным деп Зере мен Ұлжан түйе апаратын болды» деп жазған.

Халқымыз Пайғамбарымыздың «Фатиха» сүресі жайлы айтқан хадистеріне сүйеніп, дұға жасағанда, Құран бағыштағанда, сауабы ұшан-теңіз «Фатиха» сүресін оқуды әдетке айналдырған. Яғни «Бата» сөзінің дұға ретінде қолданылуы дана халқымыздың Пайғамбар сүннетін ұстану ниетінен туындағаны байқалып тұр. Құран оқып, оқылған аяттардың сауабын марқұмның рухына бағыштау, оған Алладан дұға тілеу – өлі алдындағы ұрпағының борышы. Сондықтан марқұм болғандардың артынан Құран оқылғанда, Құрандағы ең ұлы сүре – «Фатиха» сүресі оқылған. Хасан Басри: «Алла тағала барлық иләһи кітаптардың мазмұнын Құранда жинақтаған, ал Құранның мазмұнын «Фатиха» сүресінде топтаған», – деп айтады.

Бір хадисте Пайғамбарымыз «Фатиха» сүресін «Уммул-Китаб», «Уммул-Құран», яғни «Құранның анасы» деп атаған. Дана халқымыз осы хадисті мақалдатып: «Бата – Құранның анасы, ердің данасы» деп, батаның «Фатихамен» байланысын меңзеген.

«Бата» сөзінің «фатиха» сөзінен шыққанына тағы бір дәлел: Санкт-Петербург университеті кітапханасында сақтаулы көне қолжазба кітаптағы қазақтың бата-тілектері жайлы үшінші бөлімі «Фатһа қазақ. Яғни анлар бата деирлер. Қазақ ділінше» («Фатиха қазақ. Яғни олар бата дейді. Қазақ тілінде») деп тақырыпталған.

«Сүгірдің термесінде» де «батиха» сөзі «бата» сөзінің орнына қолданылған:

Қыздарым да бар еді,

Шай құйып та беріп ей атамның

Батихасын ай алам деп

Саусақтары да майысқан.

Халық арасында «Фатиха» сүресі «Әлхам», «Әлхамды» деген аттармен кең таралған. «Әлхам» – бұл сүредегі екінші аяттың бірінші сөзі (әлхамду лилләһи раббил-аләмин) болып табылады.

М.Ж.Көпейұлының «Бата үлгілері» жинағындағы

«Құлқуалла» – қойныңызда,

«Әлхам» – аузыңызда,

«Иәсин» – жадыңызда болсын!

Бұл оқыған аяттар ай болсын,

Сегіз пейіш ортасында көңілің жай болсын! – деп көнеден жеткен бата мәтініндегі «Әлхам» дегені – «Фатиха» сүресі.

материал «Ақ бата» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.