Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Болмысың сай келмейтін адаммен жолдас болма

0 488

Жақсы дос пен жаман достың мысалы, қош иіссу сатушы мен көрік үрлеуші темір ұстасы іспетті. Қош иіссу сатушы саған иіссуын сыйға береді немесе сатып аласың немесе оның жанында тұрып қош иісті сезесің. Ал көрік үрлеуші сенің киіміңді күйдіреді немесе оның жанында тұрып сасық иіс сезесің. (Риуаятшы сахаба: Әбу Мұса Ашғари)

Хадис хикметі:

Бұл хадисте дос жайлы ақиқатты терең мағына, ерекше теңеумен түсіндіруде. Расында, сөздің сиқыры бар. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дос жайлы шынайы да өміршең сөз айтуда. Жақсы дос – адамның арқа сүйер бауыры, жанына медеу жолдасы. Доспен әңгіме-дүкен құрудың өзі жүрекке рақат сыйлайды. Мұндай доспен адам бақытты. Кеңшілік күнде қуанышқа ортақ, қиыншылық шақта қайғы бөлісетін шынайы дос.

Жақсы досты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) иіссу сатушыға теңейді. Дүкенші иіс суын адамдарға сыйға тартады. Әйтпесе, оны сатып алуға мүмкіндік бар. Тым құрығанда, маңайында тұрғандықтан қош иісін сезінеді. Әрі киімге сіңіп адамға керемет көңіл-күй сыйлайды. Демек, қош иіс сатушының жанында тұрған адам еш уақытта олжасыз қалмайды.

Ал, жаман досты ұстаханадағы теміршіге теңеген. Ол темірін қыздыра түсу үшін көрікті қайта-қайта үрлейді. Жанындағы адам үнемі қолайсыздық сезінеді. Жақындасаң киімің мен денеңді күйдіреді. Алшақ тұрсаң да құтыла алмайсың. Үстіңде сасық иісі қалады. Теміршінің оты адамның тек денесін күйдіруі мүмкін. Ал жаман кісінің мінезі адамның жан-дүниесі мен көңіліне әлдеқайда ауыр зиян тигізеді. Бір ақын:

Балауыз шам неге өртеніп жатыр,

Отқа жақын тұрғандықтан ба.

Әлде балдан алшақтағаннан ба? – деп өлеңдетіп сұрайды. Ал оған әдебиетші:

Болмысың сай келмейтін адаммен жолдас болма,

Жолама, балауызды бүлдірген отқа таяп келгені,-деген екен.

Міне, сондықтан да адамға досының мінезі жұғады. Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат тиеді. Құран Кәрімнің: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар!» («Тәуба» сүресі, 119-аят) деген насихатын еш уақытта естен шығармау қажет».

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.