1Һинд жерінде, Сурат қаласында кофехана бар еді. Бір күні сол кофеханаға Иранның бір ғалымы кірді. Бұл ғалым тәңірінің тәңірлігін анық танып білемін деп көп әуре болған адам еді. Осы турасында көп оқып, өзі де көп жазған еді. Көп оқып, көп жазып, ақылы ауысып, ойы шатасып, ақырында құдайға тіпті илануды қойған. …Ғалым кофеханаға кіріп, диван үстіне жатып, бір шыны аяқ апиын сұрады. Апиынды ішіп салып еді, апиын миына тиіп, ойын қозғады. Сонда ғалым сыртта қалған құлына дауыстап: «Ей, оңбаған құл! Сен қалай ойлайсың, құдай бар дейсің бе, жоқ дейсің бе?» – деді. Құл айтты: «Әрине, құдай бар деймін». Солай дейді де, беліне қыстырған ағаштан жасалған бір кішкентай нәсені суырып алып: «Міне, құдай!» – дейді. «Жан болып жаратылғаннан бері мені сақтайтын осы. Біздің жұртымыз табынатын біздің жақта әулие ағаш бар, мынау нақ соның бұтағынан істелген» – дейді.
Бұлардың сөйлескен сөзін кофеханада отырған адамдар естіп таңырқасты. Сонда отырған браһма дініндегі біреу сөзін естіп шыдап тұра алмады: «Ей, жарым ақыл бейшара! Құдайды адам беліне қыстырып жүре ме? Құдай кісінің беліне қыстыруға сияды деп ойлауға мүмкін бе? Құдай Браһма емес пе? Ол барша ғаламды жаратқан, барша ғаламнан ұлы, өзгеріліп, талайы аударылып, үсті асқа түсіп жатса да, бұл абыздардың қалпы Ғанғы дариясының бойында ғибадатханалар салынған. Құдай сол! Браһмалық абыздар құлшылық етіп жалбыранатын құдай да сол. Хақ құдайды таныған һәм анық білетін жалғыз-ақ осы абыздар, дүниядағы істердің қалпы өзгерілген жоқ. Оларды сақтап пана болушы жалғыз құдай, хақ құдай Браһма». Осыны айтқанда отырған жұрт ден қойып иланатындай-ақ брахмалық мұны айтып еді, сонда отырған алыпсатар яһуди оған қарсы сөйлеп тұра келді: «Жоқ, сен олай деме. Хақ құдайды танитын жұрт браһмандар емес. Шын құдай Ыбраһим, Ысхақ, Яғқуб пайғамбарлар таныған құдай. Ол құдай пана болады жалғыз-ақ өзінің жұртына. Дүния жаратылғаннан бері құдайдың қалаған, сүйген жұрты да жұрт. Қазірде бізді дүния жүзіне ыдыратып тоздырып жібергені. Сүйген жұртына әншейін бейнет беріп сынамақ үшін. Бізге берген құдайдың уағдасы бар: «Қадиске қайтадан жинап, қадис ғибадатхнасын қайта орнатып, басқа жұрттың үстінен хүкіміңді жүргізіп қоямын,» – деген. Осылай деп яһуди жылап жіберді. Ол тағы да сөйлемекші еді, оның сөзін сонда отырған итальяндық біреу бөліп, яһудиге айтады: «Дұрыс емес мұның? Сенің айтуыңша құдайға ғаділдік жоқ боларға керек?! Бір жұрттан бір жұртты артық көру құдайдың ғаділдігіне лайық емес. Бастапқы кезде Ысырағыл жұртын құдай сүйсе де, онан бері мың сегіз жүз жыл болды, сендерге тәңірінің қаһары жүріп, отансыз әр жерге тозып кеткендеріңе, сендердің осы күнде діндерің жойылып, қауымдарың көбейіп өспек түгіл, күннен күнге азайып, өшіп бара жатыр. Құдайда артық я кем көрушілік жоқ, бірақ сауап табатын жол жалғыз-ақ біздің римскі-католик дінінде, онан басқа сауап табу жоқ».
Сонда отырған протыстант тобы сұрланып италиялыққа айтты: «Қалайша сіз жалғыз жол өздеріңізде дейсіздер? Жадыңызда болсын, сауап табатындар Ғайсаның дұрыс «Інжілмен» ғамал ғылғандар». Сол жерде Суратта қызмет ететін бір түрік отырады. Шылымын тартып маңызбен екі нәрсені айтады: «Нағыз хақ дін біздікі деп бекер айтасыздар, алтыжүз жыл болды «Інжіл» қалып, «Құран» келгеніне. Сауап ең ақырғы пайғамбар Мұхаммедтің жолында. Өздеріңіз айтып отырсыздар ғой, яһуди діні нашар деп, нашарлығының ыспаты жайылмай, қауымы азайып құрып бара жатқаны деп. Ісләм дінінің артықтығы емес пе?! Еуропа, Азия, Қытайда да жайлып бара жатыр, оны өздеріңіз көріп отырған жоқсыздар ма? Сауап табады жалғыз-ақ ақырғы пайғамбар Мұхаммедке иланған адам. Онда да сүнні мәзһабындағылары, шиғып мәзһәбірлер кәфір». Түріктің сөзіне қарсы ирандық біреу сөйлейін деп еді, сонда отырған әр түрлі діндегі адамдар керіске кіріп, шулап-дулап кетті. Олардың ішінде һәр діннің түрлі мәзһәбінен адамдар бар еді, дінсіздердің күнге табынатын, отқа табынатын, бұтқа табынатын қауымдарынан жоқ емес еді. Бәрі де құдай кім екендігіне, һәм оған қылған құлшылықтың дұрыс болмақшы екендігіне таласты. Қысқасы һәр қайсысы хақ құдайды білетін һәм оған дұрыс құлшылық қылатын біз деп таласты. Қысқасы һәр кім өз дінін қуаттап, ауыздары көпіріп, шулап-дулап таласып жатты. Жалғыз-ақ канфуци мәзһабіндағы бір қытай таласқа кіріспей тыныш отырды. Өзгелердің сөзіне құлағын салып үндемей шайын ішіп, жай отыр еді, түріктің соған көзі түсіп айтты: «Қытай әфендім, өзге болмаса да сенің мені қостайтын орның бар емес пе? Мен білемін, сіздің қытай жерінде осы күнде әр түрлі дін барып жайылып жатыр. Бәрінен де біздің Мұхаммед дінін артық көреді һәм біздің дінге кіруге сіздің жұрт бек ықыласты деп, келген саудагерлердің талайының маған айтқаны бар. Менің сөзімді қуаттап, сенің қостайтын ретің бар. Әуелі Алла, екінші хақ пайғамбар турасында не ойлайсың? Айтсайшы».
Қытай асықпай көзін жұмыңқырап ойланды, сонан соң көзін ашты, кең жеңінен қолын шығарып көкірегіне қойды да, жай салмақпен сөзді былай бастады.
– Мырзалар, менің байқауымша, адамдар дін турасында бір ынтымаққа келтірмейтін жалғыз-ақ намыс. Мұны мен сіздерге мысал келтіріп ғибратпен баяндайын. Мен Қытайдан «Суратқа» ағылшынның дүниені айналған пароходына мініп шықтым. Жолда су алу үшін Суматыра аралында пароход кідірді. …Біз отырғанда қасымызға бір соқыр адам келді. Сұрап білсек, күнге көп қарағаннан соқыр болған екен. Күнге көп қарағаны, күн өзі не нәрсе деп, күннің затын білмек ниетпен екен. Білмек мақсұты күннің жарығын қолға түсіріп алып, нұрының бірер сәулесін шыныға салып, тығындап қамап қоймақ екен. Осыны істеймін деп түрлі ғылымды да, білімді де аянып қалмай, бәріне де бар күшін жұмсаған екен. Күнге көп қараса да, көп әуреленсе де ешнәрсе өнбепті. Бұл ісінен тапқаны сол, күнге қарай-қарай көзі ауырып, соқыр болыпты. Сонда ойын былай деп тиянақтап тоқтаған.
– Күннің нұры сұйық зат емес, қотаруға көнер еді. Я желден шайқалып толқыр еді. Күннің нұры от та емес, от болса, су ішінде сөнер еді. Күннің нұры қатты да зат емес, қатты болса, онымен өзге нәрсені қозғауға да болар еді. Күннің нұры рух та емес, рух болса, көрінбес еді. Күн нұры – жарығы сұйық зат болмаса, қатты зат болмаса, от болмаса, рух болмаса, күн жарығы деген ешнәрсе де емес, тіпті жоқ нәрсе, – дейді.
Ойы осыған жеткенде көп қарағаннан көзі де кеткен, көп ойлағаннан ақылы да ауысқан. Көзден айырылған соң, күн жоқ дегенім рас екен деп нанды да қойды. Соқырмен бірге құлы да келіп еді. Қожасын ағаштың түбіне отырғызып, жерден хақос ағашының жаңғағын алып, білте шам істей бастады. Хақостың шудасынан білте істеп, жаңағының қабығын сауыт етіп, дәнінен сығып майын шығарып отырды. Бір мезгілде қожасы күрсінді де құлына айтты:
– Күн жоқ дегенім рас емес пе?! «Күн, күн» деп айтылар күн деген не нәрсе ол өзі? Құл айтты:
– Қайдан білейін күн не нәрсе екенін. Күнмен жұмысым да жоқ. Міне, мен білте шам істеп алдым, менің білетінім осы жарық. Бұл жарықпен саған да қызмет қыламын. Үйдегі нәрселерді тауып аламын. Қол шамын қолына көтеріп: «Менің күнім мынау,» – деді. Сол жерде балдақпен жүретін бір ақсақ отыр еді. Бұл сөздерді есітіп, күлімсіреді де, соқырға айтты: «Күнді білмегенің іштен туған соқырсыз ғой, мен саған күн не нәрсе екенін айтып берейін. Күн оттан жасалған домалақ, бұл домалақ күнде теңізден шығады да, күнде барып кішкене біздің аралдың тауының арасына барып қонады. Мұны біз күнде көреміз. Көзің сау болса, сен де көрер едің». Мына сөзді естіп, сонда отырған бір балықшы ақсаққа айтты: «Бұлай деп отырғаның аралыңнан шығып, алысырақ жүрмегенің ғой. Күн біздің аралдың тауына қонбайтұғынын ақсақ болмасаң, теңізбен жүріп көрер едің. Күннің қайдан шығып, қайдан бататұғынын мен айтып берейін. Күн теңізден шығады, теңізге батады. Менің мұным шүбәсіз дұрыс. Күн сайын күнді мен суда жүзіп, көзімнен шығарып, көзімнен батырамын.» Үнділік біреу естіп айтты: «Есті адам есі жоқтың сөзін сөйлегеніне қайранмын. Мұның айтуынша Күн оттан жасалған бола тұрып, суға батады екен де, сөнбейді екен. Күн Дюа деген құдай. Арбасына мініп, көктегі Аспырауа деген алтын тауды айналады да жүреді. Рағу һәм Киту деген екі жылан Күнді кейде жұтып жібереді. Сонда қараңғы болады. Бірақ біздің абыздарымыз (имамдарымыз) азан айтып, дұға қылып, құтылуына тілектес болады. Солардың дұғасымен жарық болады деп, сіздер сықылды өз аралынан басқа жерге шықпаған, көрген-білгені аз, қараңғы жәһіл адамдар айтады» дегенде оның сөзін бөліп кеме иесі мысырлық біреу сөйледі:
– Бұ да дұрыс емес, күн құдай емес, һәм жалғыз ғана үндінің алтын тауын айналып тұрмайды. Мен суда көп жүрім, Қаратеңізде жүрдім, Ғарабстан жағасында жүрдім. Мадағасқарда да, Филиппабда да болдым. Күннің жарығы жалғыз Үндістанға емес, жердің бәріне түседі. Күн Жапонияның арғы жағынан шығады. «Жапон» деген сөздің өзі күнтуыс деген сөз. Сонан шығып ағылшын аралдарының ар жағына барып батады. Мен мұны өз көзіммен талай көрдім, атамнан да естідім. Атам теңіздің ең шетіне дейін барған адам. Сондықтан мен күннің жайын жақсы білемін. Оның сөзін біз мінген кемедегі ағылшын матрос (кеме қызметкері) бөліп айтты:
–Күннің қалай жүретін жайын біздің ағылшындардан артық ешкім білмейді. Біз, ағылшын адамдары білеміз, күн еш уақытта тумайды да, еш жерде батып жатпайды да. Күн тоқтамай жерді айналады да жүреді. Біз осы жолы да жерді айналып келіп отырмыз. Күннің еш жерде қонып жатқанын көргеміз жоқ. Жердің қай жағында да болса, Күн осындай таңертең көрінеді, кешке таман тасаға түседі. Күннің жерді қалай айналып жүретін жайын баяндап түсірмек үшін таяқпен құмның бетін сызып шимайлап қарап еді, түсіндіре алмады. Сонан соң жанында отырған кеменің думаншысына қарап, мынау менен гөрі оқымысты еді, бұл дұрыстап түсіндірер, – деді. Думаншы есті адам екен.
–Баршаңыздар бір-біріңді адастырмақсыңдар! Һәм өздерің де алданудасыңдар! Күн жерден айналмайды, жер күннен айналады. Жер ұршықтай үйіріліп айналғанда, жер үстінің бірінен соң бірі күн жаққа қарайды. Жиырма төрт сағат ішінде жердің Күнге қарамайтын жағы жоқ. Жапонияда, Филифия да, бұл біз отырған Соматыра да, күллі Африка да, Европа да, Азияда сөткесіне Күнге бір-бір қарап өтеді.Күн жарығы түсетін бір ғана тау емес, бір ғана арал емес, бір ғана теңіз емес, көп планеталарға түсетін Күннің жарығы. Күн жалғыз маған ғана жарық болады деп, я жалғыз менің отаныма ғана жарық болады деп, көзтарлық етіп, аяқтарың астына қарамай, жоғары күнге қарасаңдар осы айтқанның бәріне де әрқайсысың оп-оңай-ақ түсінер едіңдер. Көп жүрген, көп қарап, көп көрген думаншыдан естіген сөзім осы еді деп қытай сөзін былай аяқтады: «Солай, мырзалар! Күн турасында қандай адасу-алдану болса, құдай турасында да сондай адасу-алдану бар. Дін турасында адасу түбі намыстан, өзімшілдіктен. Әр адам құдай өзімдікі, я отанымдікі, я діндесімдікі болса екен дейді. Күллі дүниеге сыймайтын ұлық тәңірін әр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Адамдар үшін құдайдың өзі жасаған ғибадатханасы – жиһан. Оған адам салған ғибадатханалар қандай болғанмен жетер ме? Ғибадатханалардың үлгісін адамдар құдай жасаған дүниеден алмай қайдан алды? Ғибадатханаларға қарасақ күмбездері бар, шамдары бар, су сауыттары бар, суреттері бар, жазылған мадақтары бар, шариғат кітаптары бар, шалатын құрбандары бар, құрбан шалатын орындары бар. Бірақ көктей салынған күнбез бар ма? Күндей, айдай, жұлдыздай шам бар ма? Теңіздей су сауыты бар ма? Жаны бар, бір-біріне қарасқыш адамға жетерлік сурет бар ма? Тәңірінің ізгілігін сипаттайтын құдай өзі дүниеге шашқан нығметіне жететін мадақ сөзі бар ма? Адам жүрегіне жазып қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Жақын үшін жанын пида ететін ерлікке жететін құрбандық бар ма? Құрбандық қабыл болуына ізгі адамның шын ықыласы көңілінен артық орын бар ма?»
Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болудың мағынасы: Рақметін көріп, рақымды болмақ. Біреудің көзі соқыр, біреудің көңілі соқыр. Көзі соқыр жарықты көрмей, жарық жоқ дер, яки күнге көзі жетпей, көріп отырған шамын күн деп білер. Көңілі соқыр хақтықты айырып, құдайды танымай, құда й жоқ дер, яки қолына ұстап, көзімен көріп отырған ағашын құдай деп білер. Қай соқырлық та болса кемшілік. Бірақ, соқырлығының бейнетін әркім өзі көреді. Көзің соқыр деп қорлау жөн бола ма? Көңілің соқыр деп қорлау да жөн емес».
Канфуци жолындағы қытай осылай деді. Дін артықшылығына таласып, кофехананы басына көшіріп, дулап-шулап отырған жұрт таластарын тастап, жым-жырт болды. Бұл сөз адам баласына ағайыншылық көзбен қараған рустың ұлығ философы Толстой сөзінен алынды. Ол Бернарден Десан Пиер дегеннің сөзінен алған екен. Басқалар да Толстой көзімен қараса, осы күнгі Балқанда судай ағып, төгіліп жатқан қанға орын болмас еді.
«Қазақ» газеті, 1913 жылғы 2-саны