Өткен бір заманда Мекке, Мәдинеге Құжаж деген адам патша болған. Елге мейірімсіз, қатты жүректілігінен Құжаж залым атанған.
Сол Бағдат шаһарінде дұғасы қабыл болатын бір әулие бар деп естіп, соған барып; «Маған бір жақсы бата беріңіз!», – десе, әулие: «Қолыңды жәй да, йә, Құдай, осы кісінің батасын қабыл қыла көр деп тіле», – депті.
Құжаж әулиенің айтқанын айтып қолын жайса, әулие; «А құдай! Мына Құжаждың жанын ал!» депті. Құжаж; «Мұның қалай?» деп ашуланса, әулие айтыпты; «Шырағым, бұл екі жаққа бірдей пайдалы бата. Сен өлсең, зұлымдық қылудан тыйыласың. Ел сенің зұлымдығыңнан құтылады. Алғашқы туыс – бір туыс, әдет екінші туыс. Алғашқы туысыңнан түзелуге болады. Әдетті тастап түзелу – сендей жуанның қолынан келуі қиын іс, бірақ шырағым, мен саған бір әңгіме айтайын, соны ұғып алсаң, сен де түзелер едің», – депті де айтыпты; «Бұрынғы заманда әлі жеткенге күшпен, әлі жетпегенге айламен зорлық қылып, ел қақсатқан бір залым ұйқтап жатса, қасынан өтіп бара жатқан үш адамның бірі; «Мына залым кешке дейін оянбаса, талай момын зұлымдығынан аман болар еді», – депті.
Онда тағы біреуі:
– Тіпті, ертең де оянбаса игі еді, – дегенде, қалған біреуі, – Шынында, мұның осы ұйқыдан оянбай өлгені артық, сөйтсе тамам адам зұлымдығынан құтылар еді, – депті.
Әлгі залым ұйқылы ояу жатып, сөздің бәрін естіпті де, өзінен-өзі «Үш кісі қауым деуші еді. Мынаның бәрі менен безер болды. Ойлап қарасам, тамам адам баласы бір бауыр, бір дене сияқты, әр адам сол дененің бір мүшесі, бір мүше аурулы, зиянды болса, тамам денені тынышсыздандырады. Мен аурулы мүше екенмін де, тамам адамды тынышсыздандырған екенмін. Мен не бұл адамдардың ортасынан кетуім керек, не болмаса баршаға жанға тынышсыз болатын залымдықты қоюым керек ғой», – деп, бұрынғы мінезін тастап, түзеліп кетіпті. Шырағым! Мен керемет әулие емеспін. Әулиелік деген түзу жолмен жүріп, түзу ақыл айту болады. Менің саған соңғы берген батам — осы әңгімем. Мұны қабыл көрсең, сен де түзелерсің», – депті.
Насихатты тыңдаған адамның құлағында қырағы көзі болса, жүрегінде әділ тезі болса, сәті келген дәрідей ем болып, жаман мінезді жазады. Егер ондай болмай, құры ғана қуыс құлақпен тыңдаса, құмға сіңген сумен бір есеп болып, жалғыз тал жасыл шөп шықпайды.
Құдайбердиев Ш. Шығармалары/ Өлеңдер, дастандар, қарасөздер/ – Алматы; 1998 ж.