Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шариғатта нұсқауы жоқ кез-келген құлшылық қабылданбайды

Шариғатта нұсқауы жоқ кез-келген құлшылық қабылданбайды

0 59

Құдіретті  Алла былай деген: «Ол сондай Аллаһ, қайсыларыңның істерің жақсырақ болатынын сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан» («Мүлк» сүресі, 2-аят).

 

Хафиз Ибн Кәсир осы аятқа қатысты былай деген: «Алла Тағала: «Қайсыларыңның істерің көп болады», – деген жоқ, – «…қайсыларыңның істерің жақсырақ болады», – деді» («Тафсир Ибн Кәсир» 4/248).

Имам әл-Фудайл ибн ‘Ияд осы аятқа қатысты былай айтқан: «Мұның мағынасы – кімнің амалдары дұрыс және ықыласты болады дегенді білдіреді». Одан: “Ал, ықыласты және дұрыс деген нені білдіреді?”, – деп сұрағанда, ол: “Расында, егер амалдар ықыласты болып, бірақ дұрыс болмаса – олар қабыл болмайды. Егер амалдар дұрыс болып, бірақ ықыласты болмаса – олар ықыласты және дұрыс болмайынша, қабыл етілмейді. Алла үшін істелген нәрсе ғана ықыласты, әрі сүннетке сай келгені ғана дұрыс болып табылады”, – деп жауап берген. (Әбу Ну’айм “әл-Хилья” 8/95).

Айшадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінге) онда жоқ нәрсені енгізсе, оның ісі кері қайтарылады (қабыл болмайды)”. Ал бұл хадистің басқа риуаятында: “Кімде-кім біздің нұсқауымыз болмаған амалды жасаса, ол кері қайтарылады”, – делінген. (Әл-Бухари 2697, Муслим 1718).

Имам Ибн Дақық әл-‘Ид былай деген: “Тіл мамандары «қайтарылады» деген сөздің мағынасы «қабыл болмайды» деген!” (“Шарх «әл-Арба’ун»” 24).

Имам Әбул Аббас әл-Қуртуби былай деген: «Кім шариғатқа оның негізі нұсқамаған нәрсені енгізсе, ол нәрсе қайтарылады, істелмейді әрі құпталмайды». ( “әл-Муфхим” 5/171).

Имам ән-Нәуауи былай деген: “Бұл хадис Ислам негіздерінен ең ұлы негіз болып табылады, әрі ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең қысқа әрі мағынасы бойынша өте ауқымды сөздерінің бірі. «Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінге), онда жоқ нәрсені енгізсе, оның ісі кері қайтарылады (қабыл болмайды)» деген осы хадис діндегі бүкіл жаңалық пен бидғат қайтарылатынына айқын түрде нұсқайды. Ал оның екінші «Кімдекім біздің нұсқауымыз болмаған амалды жасаса, ол кері қайтарылады» деген нұсқасы басқалардың бидғаттарына ілескендердің кейбіреулері «Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінге), онда жоқ нәрсені енгізсе» деген бірінші нұсқаны келтіріп, қасарысуы мүмкін екенін көрсетеді.

Олар: «Мен еш нәрсе енгізіп жатқан жоқпын ғой!», – деуі мүмкін. Мұндай жағдайда дәлел ретінде осы хадистің бүкіл бидғатты: адам оны енгізеді ме, немесе оны енгізушіге ілеседі ме мұны ерекшелемей жоққа шығаратын екінші нұсқасын келтіруге болады. Бұл хадис – жаттап алуға әрі айыпталатын іс-әрекеттерге қарсы пайдалануға тиісті болғандардың қатарынан”. (“Шарх «Сахих» Муслим” 12/16).

Хафиз Ибн Ражаб аталмыш хадис жөнінде былай деген: “Бұл хадис – Ислам негіздерінде өте үлкен орынға ие! «Амалдар ниетке байланысты» деген хадис амалдардың ішкі жағын өлшейтін құралы іспеттес болса, бұл хадис амалдардың сыртқы тұрпатын өлшейтін құрал тәрізді. Алла үшін істелмеген кез келген амалдың еш сауабы болмайтыны сияқты, Алла мен Оның Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) нұсқауы болмаған кез келген амал теріске шығарылып, иесіне қайтарылады. Алла мен Оның Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) рұқсат етпеген кез келген дінге енгізілген амалдың дінге еш қатысы жоқ. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Кімде-кім біздің нұсқауымыз болмаған амалды жасаса» деген сөздері кісінің діни амалдарының барлығы шариғат үкімдеріне сәйкес келуі керек екенін көрсетеді!» (“Жәми’ул-‘улюми уәл-хикам” 1/176).

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді, жетпіс екі топ Тозақта, ал біреуі Жәнатта», – деді. Сахабалар одан: «Олар кімдер?», – деп сұрады. Сонда ол: «Бұл менің және менің сахабаларымның жолын ұстанғандар», – деп жауап қатты. (Ахмад 4/102, Әбу Дәуд 2/503, әт-Тирмизи 3/367, Ибн Мәжаһ 2/479). Хадистің сенімділігін шейхул-Ислам Ибн Тәймия, шейх Ибн әл-Қайим, хафиз әл-‘Ирақи мен шейх әл-Әлбани растады.

Осы хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның үмметі жетпіс үш топқа бөлінетінін айтты да, құтылатын топ ретінде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары ұстанған жолға қатаң түрде ілесетін жалғыз топты ғана атады. Әрі егер дінге бір нәрсе қосуға рұқсат етілетін болғанда, онда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметінің ішіндегі құтылған адамдардың жолын өзінің және сахабаларының жолына ілесумен ғана шектемейтін еді.

Тура осы нәрсе тағы да бір осыған ұқсас хадисте келеді: «Шынында, сендерден кейін ұзақ сабырлық күндері келеді. Кімде-кім сондай жағдаяттарда сахабалардың жолын берік ұстанса, сол сендердің араларыңдағы елу адамның сауабына тең сауап алады!»

Сахабалар: «Уа, Алланың пайғамбары, мүмкін өздерінің арасындағы елу адамның сауабын алатын шығар?», – деп сұрады. Сонда ол: «Жоқ, дәл сендердің араларыңдағы!», – деді. (Ибн Нәср “әс-Сунна” 33, әт-Тәбарани “әл-Кәбир” 289).

Жоғарыда айтылған сөздердің негізінде ғалымдар мынадай аса маңызды бір ереже шығарды: «Шариғаттан дәлел келмейінше, кез келген құлшылықтың негізі – рұқсат етілмеген!».

материал «Бидғаттың зардаптары» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.