Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайғамбардың (с.ғ.с) намаз оқудағы жауапкершілігі

Пайғамбардың (с.ғ.с) намаз оқудағы жауапкершілігі

0 136

Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүшріктерден именбестен  намазын Қағбаның жанында оқитын. Намаз оқып жатқан  кезде кейбір мүшріктер қастандық жасайтын. Бірақ,  ешқашан да олардан қорқып намазын үзбеген. Майдан даласында екі жақ бір-бірімен қиян-кескі соғысып  жатқан арпалысты сәттерде де мұсылмандарды намазға  қаз-қатар тұрғызып, имам болып, намаз оқытатын.

Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға сахабаларды екі  топқа бөлуін, бірінші топ намаз оқығанда, екінші топтың  күзетте тұруын бұйырады. Және бірінші топ бірінші  рәкатты оқып бітісімен, арттағылар орын алмастырып, Пайғамбарымыз бұларға да бір рәкат намаз оқытатын. Осылайша, екі топ та Пайғамбарымызбен (с.а.с.)  бірге бір рәкаттан намаз оқитын-ды. Екі рәкат осылай  толығатын. Бұл жайында Құран кәрімде: «Алла Тағала

Пайғамбарымызға (с.а.с.): Сен олардың ішінде (соғыс  майданында имам болып) тұрған кезде, олардың бір  бөлігі сенімен бірге намазға тұрсын, барлығы қаруларын  алсын. Сонда қашан олар сәжде қылса, (саған ұйып бір  рәкат оқыса) олар арт жақтарыңда (жау жақта) болсын. Екінші намаз оқымаған топ келіп, сенімен бірге  намаз оқысын, қорғаныстары, қару-жарақтарын да  жандарына алсын. Өйткені кәпірлер сендердің қару-жарақтарың мен заттарыңнан қаперсіз болуларыңды,  ту сырттарыңнан шабуыл жасауды ойлайды. Егер  сендер жаңбырдан бір қиыншылық көрсеңдер немесе  науқастансаңдар, қару-жарақтарыңды қоюларыңның  оқасы жоқ. Сондай-ақ сақтаныңдар. Негізінде, Аллаһ  тағала кәпірлер үшін қорлаушы азап әзірлеген» деп,  соғыс уақытында намаздың қалайша оқылатынын  түсіндірген.

Бәдір соғысының қиын-қыстау кезеңінде Али  (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сәждеде дұға қылып  жатқанын көреді. Соғыстың ең алдыңғы сапында жаумен қорықпай айқаса білген Нәби (с.а.с.) Алланың уәде  еткен жеңісіне қол жеткізу үшін үздіксіз жалбарынып  жатыр еді. Али (р.а.) Пайғамбармыздың (с.а.с) дұға  еткенін көрген соң, қайтадан жаумен арпалыса бастады. Алайда, Алидің бар ойы Пайғамбарымыз жақта еді.  Қайтадан жанына келіп, дәл алдыңғыдай дұға жасап  жатқанын көріп, қайта соғыса жөнеледі. Соғыс бітуге  таяды. Али (р.а.) қайта Пайғамбарымыздың жанына келді. Алла елшісі (с.а.с.) әлі дұға қылып: «Я, Хайй, я Қаййум болған Алла Тағалам», – деп жатыр екен. Құрайыштардың «Бәдір соғысында» жеңілгеніне дейін дұға тілеп, үздіксіз дұғасын жалғастыра берді. Нәби (с.а.с.) еш уақытта амалымен де, тілімен де дұғасын тоқтатқан емес.

Екі жаһан саруары (с.а.с.) соғыстарда немесе қиын жағдайларда да бұйырылған намаздарды қаза қылмауға тырысқан. Тіпті түнделетіп нәпіл намаздарын да оқитын еді. Хазірет Али (р.а.) «Бәдір» соғысы жайлы: «Арамызда Мирдадтан басқа атты әскер жоқ еді. Сол кезде есімде

қалғаны Алла елшісінен басқамыз ұйықтадық. Алла елшісі (с.а.с.) бір ағаштың жанында таң атқанша жылап намаз оқыды» – деген. Хазірет Али Пайғамбарымыздың (с.а.с.) күндізді соғыспен, түнін құлшылықпен өткізгенін осындай таңғалыспен жеткізген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) әлденеге ренжісе, дереу намазға тұратын. Әркез Біләлға: «Уа, Біләл, намазбен бізді рахаттандыр» – дейтін. Дүниенің қиыншылықтарын намазға жығылып, Аллаға жалбарынумен еңсеруге тырысатын. Қиын сәттерде намаз оқып, дүниелік кірлерден намаз арқылы тазарып тұратын болған.

Иә, оның Аллаға деген құштарлығы мен ғашықтығын сөзбен жеткізіп тауыса алмаспыз. Алла елшісі намазын қандай жағдай болмасын, тіпті, қайтыс болардың алдында, өлімнің қиын сәтінде де ұмытпаған. Бақиға аттанар сәтінде де намазға ерекше көңіл бөлген.Өйткені намаз рухани азығы еді. Өмірінің соңғы сәттерінде ауруы асқынып, өзі қатты әлсірегеніне қарамастан, бесін мен екінті намазын оқу үшін екі кісінің жәрдемімен мешітке барып, жамағатпен намаз оқыған еді. Ажал аузында тұрса да, «Намаз!» – деп үш мәрте қайталап, намазға қатты көңіл бөлу керектігін үмбетіне өсиет еткен.

Жаратушымызға жақындататын исламның тірегі – намаз. Намаз тіпті адамның жаннатқа кіруіне, Алланың жамил (әдемі) дидарын көруге де себеп.

материал «Намаз – діннің діңгегі» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.