Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Намазсыз адам неден құр қалады?

Намазсыз адам неден құр қалады?

0 117

Не үшін намазды қаза қылу үлкен қайғы? Немесе намазсыз адам неден құр қалады? Бұл мәселеге тереңірек үңіліп көрейік:

  1. Алламен байланысын (жақындығын) жоғалтады. Құл үшін ең маңыздысы – Аллаға жақын болу. Алладан қашық құл бұл өмірде адасу мен күнәға бір табан жақын тұрады. Осы тұста мына өлшемді есте ұстайық: «Меніңше, табиғи селден, жер сілкінісінен,  өрттен де асқан қайғы бар болса, ол – адамның  ғапылдыққа салынуы мен Алламен байланысын  үзуі». Құлдың Алламен байланысын кемелдендіретін  нәрсе – намаз. Тіпті бұрынғылар біреудің қандай адам  екенін білу үшін оның намаздағы қимылдарына, Алла  алдындағы ықыласына назар салатын болған. Құлдың  жүрегінде Алланың орны қаншалықты болса, Алла да өз құзырында құлының орнын соншалықты етеді.  Намазсыз шынайы мұсылман болу мүмкін емес. Бес  уақыт намазын өмірінің өзегі ете алмаған құл діттеген  мақсатына қол жеткізе алмасы анық. Намазсыздың иманы әлсіз келеді. Өйткені дінді істеген құлшылық қана  бекем етеді.
  2. Аллаға шүкір етуді ұмыттырады. Адамның өмірдегі бар мақсаты құлшылық жасау мен шүкіршілік қылу. Намаздың «әл-хамд» сөзімен, яғни Аллаға  мадақпен, шүкір етумен басталуында терең хикмет бар.  Барлық жаратылыстың шүкірін Алла Тағалаға нама  ұсынады. Намаз тәсбихті (Алланы барлық кемшіліктен  пәктеу), тақдисті (Алла Тағаланы ұлықтау) және шүкір  етуді де қамтиды.  Ал намаз оқымау Аллаға шүкір етпеумен,  әлемнің иесі Раббымызға сараңдық танытумен тең,  яғни мұншалық рызық берген Раббымызға лайықты  шүкірімізді білдіре алмағандығымыз дүниеде о құлшылығымыз Біздің «тарту етілер нығмет – берекелердің емес, осы өміріміздегі Алланың берген ырыс-берекесінің қарымы ғана».  Қазір әр тыныс алған ауамыз, ішкен суымыз, жеген жемісіміз және Алланың берген тағы да сансыз  нығметтерін сұраусыз қолданып жүрміз. Яғни, жасап  жатқан құлшылығымыздың қарымын алып қойдық.  Сол себепті де, құлшылық жасауға, қызмет қылуға  міндеттіміз. Бірақ Алла Тағала шексіз мейірімімен бұл құлшылығымыздың сауабын ақыретте де молынан беретініне уәде берді. Алла елшісі: «Кімде-кім парыз етілген амалдарын толығымен орындаса, Алла оны жаннатына кіргізеді. Бұған Алла уәде етті. Ал егер орындамай келсе, Алла ол құлын қаласа азаптайды, қаласа кешіріп жаннатына кіргізеді» – деген.
  3. Намаз оқымау ақыреттегі мәңгілік өмірді құрдымға жіберуі ықтимал. Адам жаратылысының негізгі мақсаты – Аллаға құлшылық жасау. Құранның бірнеше аятында мұның маңызы айтылады. Құлшылықты тастағандарғақатты ескерту жасалған. «Муминун» сүресінің 60- аятында: «Маған құлшылық жасамай, мұрындарын шүйіріп тәкаппарланғандар қор боп тозаққа тасталынады» – делінген. «Мурсалат» сүресінде: «Иланбағандардың сол күнгі жағдайлары қандай жаман. Олар «рукуғ жасаңдар» дегенге бойұснбайды» деп, намаз оқымаудың мұсылманға жат екенін ескерткен. Бұл – мұсылманның емес, имансыздың сипаты.
  1. Рухани тыныштықтан айырылады. Іштей жайсыз күйге енеді. Адамның рухы рухтар әлемінен бұл дүниеге келіп, денеге еніп, көзге көрінер бейнеде жүр. Бірақ жаны өзінің мәңгілік мекенін сағынып, жер жаһанды жалпағынан жайласа да мауқы бір басылмай, көңілі әлдебір әлемді аңсайды да тұрады. Рух атаулы асыл Иесіне, мәңгілік мекеніне жетпейінше бір сәтке болсын тыным таппайды. Өйткені рух мәңгілік үшін жаратылған және мәңгілікке жету арқылы ғана тынышталады. Құранның өзінде «Мұқият біліп алыңдар, жүрек Алланы еске алса ғана тыныштық табады»делінген. Дүниелік күйбең тіршіліктен жанымызды арашалағымыз келсе, Алланы күніне бес мәрте еске алып, құлшылық жасап, рухани тояттауымыз керек. Құлшылық бізді уайым-қайғыдан, мұң-мұқтаждықтан және жүректі қобалжытар мазасыздықтан құтқарады. Намаз – рухымызға, жүрегімізге, ақылымызға тыныштық сыйлайды. Ол жанға ауыртпалығын тигізетіндей ауыр іс емес. Тіпті намаз оқыған адамның ішіп-жегені, бала-шағасын асырауы секілді дүниелік істері де ғибадатқа баланып, сауап жазылады. Осылайша көзді ашып-жұмғанша сынаптай сырғып өте шығатын қамшының сабындай келте ғұмырын, тоқтауы жоқ мәңгілік өмірге айырбастайды. Намаз – рухты тынықтырып, ар-ожданымызға тыныштық сыйлайды. Әркімнің өзінің сүйікті ісі болады. Алла елшісі намаз уақыты кірген сәтте барлық нәрсені естен шығаратын. Намазға құмар еді. «Намаз менің көзімнің нұры» дейтін. Өмірдің мәні намазбен айшықталатынын осылай ескерткен. Біздің жәннатқа кірердегі қуанышымызды Пайғамбарымыз (с.а.с.) намазды бастағанда сезінетін еді. Бір намаздан кейінгі екінші намазды құштарлықпен тағатсыздана күтетін.
  1. Күнәдан қорғана алмайды. Алла Тағала Құран кәрімде: «Намаз оқы. Шын мәнінде намаз адамды арсыздық пен жамандықтан тыяды. Алланы намазбен еске алу – ең ұлы құлшылық. Алла барлық істеріңізді білуші» («Анкабут», 45) – делінген. Шындығында, шынайы ықыласпен оқылған намаз иесін жамандықтан қызғыштай қоритын періште секілді. Жақсылыққа жол сілтеп, жамандыққа қарсы қорған болады. Әрине намазымыз шын ықыласпен оқылғанда ғана осы дәрежеге жетеміз. Тағы бір ескере кететін нәрсе, құлшылық ету кісінің сенімін нығайтудың бірден-бір жолы. Адам баласы ғылыми зерттеулерге сүйеніп Алланың бар екеніне сенуі мүмкін. Бірақ бұл тек теориялық иман болып саналады. Оның шынайы иманға ұласуы үшін иман дәрежесін биіктетіп құлшылық жасауы, амал қылуы қажет. Ал, құлшылығы жоқ, ғибадаттың мәнін тереңінен сезіне алмаған құлдың тура жолдан сүрініп адасуы әбден мүмкін. «Алланың барлығына сенемін, бірақ арақ ішемін» немесе «намаз оқи алмаймын» – деген секілді сөздерді желеу еткендер нәпсіні жеңе алмағандар. Олардың иманына кепіл болатын еш себеп жоқ. Мұндай құлдардың айтқан сөздері рас болса, имандарын амалдарымен растар еді. Құлшылықтарымен Алла Тағалаға жақындап, шынайы мағынада иман келтіріп, тәубасына келер еді.

материал «Намаз – діннің діңгегі» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.