ҚМДБ Төрағасы Қостанай орталық мешітінде уағыз айтты
ҚМДБ Төрағасы Қостанай орталық мешітінде уағыз айтты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Аймағанбет қажы Спанұлы» атындағы облыстық орталық мешітте ақшам намазына жиналған жамағатқа уағыз айтты.
Бас мүфти өз уағызында мұсылманға тән асыл қасиеттердің бірі – зеректік туралы тоқталып:
«Мұсылманға тән көркем сипаттардың бірі – зеректік. Араб тілінде бұл ұғым «әз-закау» деп аталады. Бұл сөздің мағынасы тек «зеректік» емес, сонымен қатар қырағылық, алғырлық, көрегендік, ұғымталдық, зейіндік және пайымдылық секілді мағыналарды да қамтиды. Жалпы зеректік дегеніміз – өзгелерге түсінуі қиын мәселелерді жылдам қабылдап, тез меңгере білу қасиеті.
Зеректіліктің екі түрі бар: біріншісі – Алла Тағала тарапынан берілетін табиғи зеректік. Бұл – Алланың ерекше нығметі. Мұндай адам – болмысынан көреген, қырағы, пайымы жоғары. Ол өзге түсінбеген дүниені тез аңғарып, мәнін жедел ұға алады. Екіншісі – өмірлік тәжірибе мен білім арқылы қалыптасатын зеректік. Бұл қасиет адам ғалымдардан ілім үйрену, тәлім алу, түрлі өмірлік сынақтардан өту арқылы жетіледі», – деп атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына қарасты Қарасу ауданында орналасқан «Көшкінбай ата» мешітінің ашылу салтанатына қатыспақ.