Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дұрыс сүннетпен келген мәселеде «не үшін?» деген сұрақ болмайды

Дұрыс сүннетпен келген мәселеде «не үшін?» деген сұрақ болмайды

0 93

Осман ибн Омар, Мәлікке байланысты мына оқиғаны айтып берген: Бір адам Мәлікке келіп, бір мәселе жайлы сұрақ сұрады.  Мәлік бұған байланысты Расулулланың (с.а.у.) былайбылай дегенін айтты. Әлгі адам Мәлікке «Сен не дейсің бұған?» деп сұрағанда Мәлік, «оның әміріне қарсы келгендер, өздеріне бір апат жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын», деген аятты оқыды. Ибн Уәһбтің (ө. 197/812) риуаятына қарағанда Мәлік, Сәләф ғалымдарына берген пәтуаларына байланысты «Не үшін бұлай пәтуа бердің?» деп сұралмайтын. Өйткені олар, ол мәселе жайлы айтылған хадисті жеткілікті деп санап, шыққан шешімге разы болатын» деген.

Исхақ ибн Иса, Мәлік ибн Әнәстің дін мәселесінде қажетсіз тартысқа кіруді ұнатпайтынын әрі былай деп айтқанын риуаят еткен: «Бір-бірімен асып түсетін айтып-тартысатындарды көргенде, Жәбірейілдің (а.с.) Елшіге (с.а.у.) алып келген негіздерді іштей тәрк ету сезімі бір сәт билеп алатын. Ибнул-Мүбарак та, «Сүйенерің сүннет болсын. Хадистерге түсініктеме беріп тұрған пікірлерді де ал» деген.

Яхя ибн Турайс (ө. 203/818) Суфян әс-Сәуридің бір адаммен былай деп әңгімелескенін айтып береді: Бір адам Суфянға келіп, «Әбу Ханифаны не үшін сынадың?» деді.  Суфян «Жарайды, оның мына сөзі орынды ма? «Бір мәселенің үкімі үшін алдымен Алланың кітабына, ол жерде болмаса Расулулланың сүннетіне, екеуінде де болмаса сахабалардың ішінен қалағанымның көзқарасын аламын, қаламағанымды алмаймын; бірақ сонда да олардың көзқарасынан алшақтап кетпеймін. Алайда мәселе Ибраһим, Шағби, ибн Сирин, Хасан, Ата, ибнул-Мүсәйяб сияқтыларға келгенде, олардың ижтихад еткеніндей мен де ижтихад етемін» деп айтқан» деді.

Рабидің риуаятына қарағанда Шафи, бір күні бір хадис риуаят етті. Қасындағылардың біреуі «Ей, Әбу Абдуллаһ! Сен осы хадисті қабыл етесің бе?» деп сұрағанда Шафи, «Расулулладан сахих хадис риуаят етілгенде оны қабылдамасам, мені ақылынан адасқан деп біліңдер» деді. Тағы да Шафи, «Егер кітабымда сүннетке қайшы келетін бір нәрсе тапсаңдар менің айтқаныма емес, Расулулланың сүннетіне құлақ асыңдар» деген. Мүжаһид, «Егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар» деген аяттағы «Аллаға және пайғамбарға» деген сөзді, «Алланың кітабына және Пайғамбардың сүннетіне» деп тәпсірлеген. Әбу Зәрр Расулулланың оларға жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюды және де сүннетті үйретуден аянып қалмаңдар деп үгіттегендігін айтқан.

Хазірет Омар да «Құранды үйренгеніміз сияқты сүннеттерді, фарайз (мұрагерлік білімін) бен мәнерлеп оқуды да үйреніңдер» деген. Ибн Мәсғуд былай деген: «Ей, адамдар! Білім жоғалмай тұрып оны үйреніп алыңдар. Өйткені білімнің жоқ болуы деген, ғалымдардың өлуі дегенді білдіреді. Бидғатқа беріліп, бір-бірлеріңмен тартысудан сақтаныңдар. Расулулланы (с.а.у.) және сахабаларын үлгі тұтыңдар. Өйткені ақырзаманда бұл үмбеттің ішінен неше түрлі топтар ортаға шығады. Олар адамдарды Алланың кітабына шақырып жатырмыз деп ойлайды; бірақ өздері оны бір шетке ысырып қойып, тәрк етеді».

материал «Сүннеттің діндегі орны» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.