Ақтөбелік имамдар мерекелік медальмен марапатталды
Ақтөбелік имамдар мерекелік медальмен марапатталды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өңірдің рухани дамуына үлес қосып жүрген 14 дін қызметкеріне ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалін табыстады.
Бұл марапат – ҚМДБ құрылғанына 35 жыл толуына орай елдің бірлігі мен рухани тұтастығын нығайтып, ислам құндылықтарын дәріптеп, көп жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген дін қызметкерлеріне көрсетілген құрмет белгісі.
Салтанатты жиында Бас мүфти марапат иелерін құттықтап, олардың өңірдегі рухани тұрақтылықты сақтау, жастарды имандылыққа тәрбиелеу, жамағатпен жүйелі жұмыс жүргізу жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толды. Ширек ғасырдан астам уақытта қаншама шаруалар атқарылды. Әлі де атқарыла береді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұхаммед» сүресінің 7-аятында: «Уа, иман еткендер! Егер Алланың дініне қолдау көрсетсеңдер, Алла Тағала да сендерді қолдайды һәм аяқтарыңды тайдырмай хақ жолда нық басқызады» дейді.
Біздің әрбір жұмысымыз Алланың дінін дәріптеуге бағытталған. Сондықтан біз бұл саланы өз жүрек қалауымызбен таңдағандықтан әрбір ісімізде ыждағаттылық пен ерекше ықылас танытуымыз тиіс. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталады» деп айтқан. Біздің халыққа деген адал қызметіміз Алланың разылығына жетелейді» – деді Наурызбай қажы Тағанұлы





















