Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚҰРБАН АЙТТЫҢ ТАҚУАЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙТІН ТӨРТ ПАЙДАСЫ

0 2  008
Аллаға шүкір, барша мұсылман баласы асыға күткен құрбан айт мерекесінің басталуына да санаулы күндер қалды. Осынау ұлық мейрамға аман-есен жеткізген Жаратушы Иемізге сансыз шүкірлер болсын! Оның соңғы елшісі Мұхаммедке салауаттар болсын!
Құрбан айт пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Құрбан сөзінің өзі «Аллаға жақындау, Алланың разылығына бөлену» деген ұғымдарды білдіреді. Жаратушы Иеміз қасиетті Құранның «Кәусар» сүресінде: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал», – деп әмір еткен. 
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде адам баласы үшін құрбан айт күндері құрбандық шалғаннан артық амал жоқ екені айтылған. Демек, бұл – осы ұлық мейрам күндері құрбан шалғаннан басқа қайырлы, абзал амал жоқ деген сөз. 
Құрбан айттың ең басты пайдасы, барша адамзат баласына берер тәрбиесі – тақуалық. Біріншіден, пенде Аллаға жақындау, яғни Оның разылығына, мейіріміне, рақымына, кешіріміне кенелу үшін құрбан шалады. Құрбандық осындай ниетпен шалынуы тиіс. Шынында, Алла Тағала өз құлдарының құрбан шалуына мұқтаж емес. Керісінше, әр адам Алланың мейірімен мұқтаж. Демек, Раббымызға біздің шалған құрбандығымыз жетпейді. Оған тек тақуалығымыз бен ізгі амалымыз ғана жетеді. Бұл туралы қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 37-аятында айқын баяндалған: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте жетпейді. Алайда, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді». +
Біз осы аяттан құрбан шалудың негізгі мәні мен мағынасын айқын аңғарамыз. Осы ретте айта кететін жайт, құрбан шалу амалы айт намазынан кейін мейрамның үшінші күні ақшам намазына (күн батқанға) дейін орындалады. Осы уақыт аралығында шалынбаған құрбан малы жай садақа болып есептеледі. Сондықтан, шариғаттың бұл талаптары қатаң орындалуы тиіс. Еліміздің кейбір өңірлеріндегі жергілікті жұрт құрбан айт күніне бір күн қалғанда құрбан шалып жатады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл тек жай садақа болып есептеледі. 
Құрбан айттың күллі мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейтін екінші пайдасы – пенденің өзі жақсы көрген дүниесін, мал-мүлкін Алланың разылығы жолында құрбан етуі. Өйткені, Жаратушы Иеміз Құранда адам баласы өзі жақсы көрген нәрсесін, мал-мүлкін, дүниесін Алланың разылығы жолында жұмсамайынша, игілікке, жақсылыққа жете алмайтындығын баяндаған. Мұсылман қауымы осынау мереке күні малдың ең семізін сойып, садақа береді.
Үшіншіден, сойылған малдың бір бөлігін мұқтаж кісілерге тарату – тақуалыққа жеткізіп, өзгелерге мейірімділік танытып, қайырымдылық сынды асыл құндылықтарды арттырады. Құрбан айт – бай адамды жағдайы төмен отбасыларға көңіл бөлуге итермелейтін құлшылық. Өйткені, жағдайы жақсы адам тіршіліктің күйбеңімен немесе әртүрлі себептермен кедей-кепшіктердің мұңымен бөлісуді ұмытып кетуі мүмкін. Ал құрбан айтта құрбандық еті міндетті түрде материалдық көмекке мұқтаж жандарға таратылады.
Төртіншіден, айт намазына қатысқан пенде қате-кемшіліктері үшін Жаратқаннан жарылқау тілейді. Алланы еске алып, мол шүкіршілік етеді. Кейбір мұсылмандар арапа күні ораза ұстап, қу нәпсісін тізгіндеп тақуалығын арттыра түседі. Ал қажылық сапарына аттанған мұсылмандар арапа күні кеш батқанға дейін дұға жасап, тәубе етіп, күнәсінің кешірілуін жалбарына сұрайды. Бұл күндері Алланы ұлықтап, Оған шүкіршілік айтудың – сауабы мол. 
Құрбан айт – отбасылық мереке. Ұлық мейрамда дастарқан жайып, ағайынның басын қосып, оларға жақсы насихат айтудың да мәні ерекше. Көршілердің, қарттардың, жетімдердің хәлін сұрап, қайырымдылық жасап, олардың көңілдеріне қуаныш ұялату – айтта жасалатын айрықша амалдардың бірі. Ал ұлық мерекені сезіндіру мақсатында отбасына, бала-шағаға, туған-туысқандарға сыйлық үлестіріп, олардың алғысына бөлену – мерекенің сәні мен мәнін арттыра түседі.
Алла Тағала ұлық мейрамды баршамызға мүбәрак еткей! Мереке құтты болсын. Қайырлы амалдарыңыз қабыл болсын! Әмин!        
   

Әсет АТАШЕВ, 
Алматы қаласы «Орбита-3» мешітінің Бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.