Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

НАЗАРБАЕВ: ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕГІ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕРДІ ДІНМЕН БАЙЛАНЫСТЫРУ АҚИҚАТҚА ЖАНАСПАЙДЫ (ФОТО)

0 2  453

Астана. 11 қыркүйек. KAZISLAM – Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің пленарлық отырысында ислам әлемінде орын алған келеңсіз жағдайларға, мұсылман мемлекеттеріндегі дағдарыстарға тоқталды.

Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті бетпе-бет келіп отырған қазіргі сын-қатерлерді атап айтты.

– Біріншіден, экстремистік және террористік ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттерінің нәтижесінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегіп отыр. Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдерінде мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Мьянмада болған жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, барлық тарапты бұл проблеманы БҰҰ алаңындағы диалог аясында тек бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Мемлекет басшысы үшінші мәселе ретінде 1,5 миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлеміндегі ауызбіршіліктің болмай отырғанын атап өтті.

– Төртіншіден, әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдері көш соңында қалуда. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда, бұл ақиқатқа мүлде жанаспайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін күш біріктіруіміз қажет екенін атап өтіп, ортақ ғылыми-инновациялық қор құруды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі ғалымдардың ізденістеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына назар аударып, ұйым аясында ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлес үшін берілетін сыйлық тағайындау туралы шешім қабылданғанын айтты.

– Инновациялық кластерлер ғылымды қамтитын орнықты экономиканы қалыптастырудың негізі болып саналады. Қазақстан осындай кластерлерді Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында белсенді дамытуда. Ислам ынтымақтастығы ұйымының барлық елдерінің ғалымдары мен зерттеушілерін осы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.  

kazislam.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.