Бүгінде жаһандық кеселдің бірі жемқорлықтың өз қоғамымызда қатты белең алғандығы байқалады. Көпшілік көкейде пара алмай пайда табу, пара бермей пәрменге қол жеткізу мүмкін емес деген жаңсақ түсінік қалыптасып қалған.
Жемқорлық, яғни коррупция сөзі латынның «corrumpere» – «тонаушылық» деген сөзінен шығады. Аты айтып тұрғандай, жемқорлық өзгеге жемтік болу ғана емес, бұл өзіңді де, өзгені де тонағаныңмен тең. Мәселен, сіз пара алып, баға қойған шәкірт болашақ дәрігер делік. Дипломды ақшаның күшімен алған ол ертең қандай маман иесі болады? Оның білімсіздігінің кесірінен қанша адам аурухана кереуетінде көз жұмуы мүмкін? Қаншасының «теріс» емге төлеген қаражаты зая кетеді? Бұл тонаушылық емей немене? Тіпті оның өтемі – өз балаңыздың өмірі болмасына кім кепіл?
Сатып алынған «салмақсыз» Диплом мен сауаты жоқ біліксіз маман, «жеңіл» жолмен келген жүргізуші куәлігі, әділ алынбаған тендер мен сәулеті сапасыз құрылыс, тағысын тағылар. Парамен іске асқан осының бәрі де келешектің еншісіне бұйырады. Ал бұл дегеніңіз олардың болашағына балта шабу.
Имам Захаби және басқа да ғалымдар парақорлықты үлкен күнәлардың қатарына жатқызған. Себебі пара арқылы пайда табуды адамдардың малын рұқсатсыз, ақысыз жолмен жеу деп есептеген. Бұл туралы Алла «Бақара» сүресінің 188-аятында былай деп ескертеді: «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар». Аталмыш аятта парақорлық жолмен келген кез-келген кіріс түрінің адал еместігі айтылып тұр. Ал арамнан бұйырған ризық отбасыңызға, бала-шағаңызға еш пайда әкелмейді, тіпті дұғаңыздың қабыл болуына да кедергі болмақ.
Имам Тирмизи және Имам Байһақи жеткізген хадисте қиямет күні адам баласының Алланың құзырында мына бес нәрсенің міндетті түрде жауабын беру керектігі айтылады: өмірін қалай өткізгені, жастық шағын неге жұмсағаны, мал-мүлікті қандай жолмен тапты және қайда жұмсады, білген нәрсесіне амал жасады ма, жасамады ма. Демек, мұсылманның дүниені адал жолмен тауып, адалға жұмсауы міндетті. Сондықтан, Қиямет күні жүзіміз жарқын болсын, сын сағаттан сүрінбейік десек, осыған да көңіл бөлуіміз керек. Адалды ғана азық етіп, Алла тыйған амалдардан бойды аулақ ұстайық. Әмин.
Ерболат Жүсіпов,
Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітінің бас имамы