Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сәдуақас Ғылмани қолжазбаларында кездесетін хадис түсіндірмелерінің мәтіндік ерекшеліктері

0 10  228

Алматы Орталық мешітінің бас имамы, исламтанушы-ғалым Еркінбек Шоқай

Садуақас қажы Ғылманидің дін ғұламасы болғанында еш дау жоқ. Сондай‑ақ, жай ғана діндар емес діннің үкімдері мен мәселелерін өзінің еңбектерінде іске асырып отырғанын да байқаймыз. Мысалыға Мұхаммед пайғамбар алайһи сәләм өзінің бір хадисінде: «Егер де, ақыл‑есі орнында болған адам, әрбір ісін бисмилләмен (Алланың атымен) бастамайтын болса, оның ісі шолақ болады» ‑ дейді. Осындай мәшһүр хадиске негізделген діни тәлімді ақынның Мінәжәт және Зейін ашу бәйіті секілді өлеңдерінен анық көруге болады. Ақын Мінәжәт өлеңінің басында:

Биcмиллә деп оқуға,

Біз кірістік талап қып.

Дін жолын біліп тоқуға,

Жардам сұрап я, Алла!

сол секілді Зейін ашу бәйітінің бастамасында:

Бисмилләһи – сөз басы,

Салат, сәлем жолдасы.

Мұнан соңғы айтарлық,

Келді оқырлық заманы – дейді.

Бұл өлең жолдарынан тағы да байқар бір жәйт, ислам шариғатында Алладан тілеп дұға жасаудың өзіндік ережелері бар. Сол ережелердің негізгісі ең алдымен Алланы мадақтаған соң, міндетті түрде Пайғамбарға салауат пен сәлем яғни алғыс пен есендік тілеп, айтылу керек. Ақын сөздің басын Алланың атымен бастаған соң осы аталмыш ереже‑әдепті сақтап, «Салат, сәлем жолдасы» деп айтып отыр. Әрине бұл ақынның шариғат әмірлерін терең меңгерумен қатар, оны ерекше сақтағанын да білдіреді.

Садуақас қажы Ғылмани атамыздың діндарлығы мен ақындығы өз алдына, сонымен бірге араб тілін жетік меңгерген ғұлама болған. Қази болған ақынның араб тілін жетік меңгеруі, арабша нақыл сөздер мен тәлім‑тәрбиелік мақсаттағы өлең жолдарын еркін аударып, өлең жолдарына түсірген. Ғылмани өз еңбектерінде араб тілінен аударып жазған өлең жолдарынан бұрын арабша екі немесе төрт жол өлең келтіріп, «Арабтың мына өлеңінің аудармасы» деп тақырып қойып отырған. Жалпылама алғанда араб тілі өзінің грамматикалық ережелері біршама күрделі тілдердің қатарына жатады. Сондықтан арабтардың өзі әрбір сөзде келетін харекет белгілерінің соңғысын көбінесе дұрыс қоя алмайды. Ал біздің ғұламамыз арабша өлең жолдарын жазғанда, әрбір сөздің харекеттерін толық әрі дұрыс қойып отырған. Біз ақынның мұндай ерекшелігін Ғылманидің еңбектері мен өміріне ерекше мән беріп, зерттеп жүрген Дихан Қамзабекұлы ағамызбен бірге «Хамат нұсқасын» қарағанда мына бір өлең жолдарынан байқадық. Ақын «Жалқауға ешуақытта болма жолдас» атты өлең жолдарының басында:

Лә тасхаб әл‑кәсләнә фи халәтиһи,

Кәм мин салихин бифәсәди ахара йуфсәду.

Ғадуал‑бәлиди иләл‑жәлиди сәриғатун,

Кәл‑жамри йудағу фиррамади файухмаду.

Бұл өлең жолдарының мағынасы:

Қандай жағдай болса да, жалқаумен жолдас бола көрме. Қаншама жақсы адамдар, басқаның жамандығының кесірінен бұзылады. Жаман мінездің жұғуы күлге тасталып өше қалған шоқ секілді өте тез болады.

Сондай‑ақ, «Тәжірибе етпей қорлама ерді көріп» өлеңінің басында төмендегі арабша өлең жолдарын да келтіреді:

Лә тахқиранна әл‑маръа қаблат‑тәжрибәти,

Фаруббама қама инсанун мақама фиәтин.

Әддәлу уәззәлу фит‑тасуири уахидатун,

Әддәлу арбағатун уәз‑зәлу сабғумиәтин.

Бұл өлеңнің мағынасы:

Адамды сынамай тұрып кемсіте көрме. Мүмкін бір кісі қауым кісінің орнын басар. «Дәл» мен «Зәл»‑дің (әріп аттары) жазылуы бір емес пе? Бірақ, «дәл» төртеу де, «зәл» жеті жүзге тең ғой.  

Әрине ақын бұл өлең жолдарында араб тілінің ережелері мен харекеттерінің қойылу заңдылықтарын өте қатал сақтаған. Сонымен қатар, соңғы өлең жолында әріптерді сандарға теңегені, араб халқының ежелгі әріппен санау тәсілі – «Әбжәд» жүйесін негізге алып отыр. Әбжәд жүйесі бойынша дәл әрпі төрт санын, ал зәл әрпі жеті жүз санын білдіреді.

Мұхаммед пайғамбар алайһи сәләм өзінің бір хадисінде: «Сәрені ішіңдер, себебі сәреде береке бар» ‑ дейді. Сәре деген ораза айында таң атпай тұрып ішілетін ас. Міне осы қысқа да нұсқа айтылған хадистің мағынасы мен түсіндірмесін ақын екі шумақ өлеңмен ерекше етіп жеткізеді. Сахар назым өлеңінде:

Сахар тұру бір сүннет,

Бас‑басыңа жәй міндет.

Оразаңа күш, көмек –

Лә иләһа иллаллаһ

Білгіл мұның қадірін!

Неден шыққан тамырын.

Тақатқа қуат барлығын,

Лә иләһа иллаллаһ – деп айтады.

Бұл өлең жолымен сәре асын ішу неге сүннет, оның сыры неде жатыр деген сұрақтарға жауап беріп отыр. Сондай‑ақ, сәре астың берекесі – ораза ұстаған адамға күш‑қуат болып, бұл құлшылықты қиналмай орындауға көмектесетіндігін түсіндіреді.

Ақынның шариғат үкімдерін жете меңгеріп, оларды орындауға жіті мән бергенін «Құран уирд» деген ұғымдардан тағы да байқаймыз. Ислам шариғатында уирд деген амал бар. Оның мағынасы әрбір мұсылманның Құраннан әр күні оқып отыратын белгілі бір мөлшері болу керек. Себебі бұл турасында хадис шәріпте: «Әркімнің Құраннан оқып тұратын хизбы (белгілі мөлшері) болсын, егер кімде‑кім өз хизбын бір күн оқи алмаса, түнде болса да уақыт тауып оқып қойсын» ‑ делінеді. Ислам ғұламалары хадисте келген бұл тәлімді «уирд» деп атаған. Ақын бұл турасында «Мінажат мұң» өлеңінде:

Ордалы мекен еткен үйің қайда?

Мәз болып масаттанған күнің қайда?

Ұстаған қолда Құран уирд етіп,

Аңдайтын оқығанда миың қайда? – дейді.

Сондай‑ақ, Ғылмани бұл шумақтың соңғы қатарында Құранды оқығанда жай ғана оқи салмай, түсініп, аңғарып оқу керек екендігін айтып отыр.

Садуақас Ғылмани атамыздың еңбектерінен Құрбан айтқа қатысты шумақтары көп, екі бөлімнен тұратын өлеңді көреміз. Осы өлеңмен ақын атамыз айт мерекесі қалай болу керек екенін толығымен айтып өтеді. Сондай‑ақ, тек қалай болу керектігін ғана емес, сол заманда қазақ қоғамы Құрбан айтты қалай өткізгендігін де әңгімелейді. Пайғамбар алайһи сәләм өзінің бір хадисінде: «Құрбан айт күні пенде үшін Алла тағала құзырында ең сауапты іс – қан ағызу» ‑ дейді. Әрине бұл құлшылық құрбан шалуға мүмкіндігі бар пенде үшін. Тағы бір хадисте айт күні мешітке келе жатқанда және басқа да уақыттарда Алланы ұлықтап, тәкбір көп айтылу керектігі турасында да айтылады. Бұл күні мұсылмандар бір‑бірімен амандасып, құттықтауы мустахаб іс‑амалдардан болып есептеледі. Міне осы керемет мағыналарды ақын өзінің ұлық мерекеге арнаған өлеңінен тыс қалдырмай былай дейді:

Әлділер зор сауапқа кездестік деп,

Ағызып құрбан қанын төгетін күн.

Күңірентіп аспан жүзін тәкбірменен,

Топ‑топ боп әр мұсылман келетін күн.

Бір жерден әмин даусын шығарумен,

Шын мүмін көл ғып жасын төгетін күн.

Жүз көріп, бір‑бірімен амандасып,

Сәлемді тұс‑тұс жақтан беретін күн.

Ғылмани хадисте айтылған әңгімелер мен мәліметтерді пайдаланғанда түрлі тәсілді қолданады. Көп орындарда Пайғамбар айтты деп келтірмей‑ақ, тікелей мағынаны берсе, енді бір өлеңдерінде мұны Пайғамбар осылай деді – деп нақтылайды. Әрине бұл тәсілі әрбір исламды уағыздайтын ғұламаға тән болып есептеледі. Пайғамбар айтты деп келмей, тек хадистер мен Пайғамбардың нақыл сөздерінің мағынасы ғана айтылғанда ақын‑ғұламаның тарапынан өзінің уағызы ретінде келеді. Ал қашан хадистің өзі айтылуы керек болғанда Пайғамбар алайһи сәләм бірге айтылады. Мысалыға Қасас сүресінің тәпсірі мен аудармасы поэмасының «Қорытынды» деген бөлімінде ақын:

Екі әлсіздің ақысын арам қылдым,

Күнәнің бұ да зоры әбден білдім.

Біреуі – әйел, біреуі – жетім аты,

Оларға шариғатты қорған қылдым.

Деп айтқан Пайғамбардың өрнек сөзі,

Міндет қылған тағы да Құран өзі.

Жалғыз басың болса да пайдаң тигіз,

Әлсіздерге қастасса дүние жүзі.

Ақын хадистерді атап айтқаннан кейін оған міндетті түрде қосымша ұзыннан түсіндірме жасап отырған. Түсіндірмені тек шариғат тұрғысынан ғана емес, өз заманындағы жағдайлармен де байланыстырып кеткен. Әрине бұл ерекшелік ақын‑ғұламаның қоғамнан терең хабары болғанын және айналасына сыни көзбен қарай білгенін бізге білдіреді. Мұндай қасиетімен Ғылмани қоғамға дінді үйретіп, рухани тәлім беретін өзінен кейін болатын әрбір имам, молда, қариларға діни тұлғаның қалай болу керектігін көрсетіп кеткендей. Ақынның «Тағы да Пайғамбардың мынау сөзі» атты өлеңінің кейбір жолдары:

Тағы да Пайғамбардың мынау сөзі,

Ұққанға зор тамаша ұнау сөзі.

Келер деп бір заманды баяндаған,

Сахабаның болғанда сұрау сөзі.

Ол заманда көздейді құлқын жолын,

Толтыруға ынтасы қарын тоғын.

Тамақ үшін арынан түгел безіп,

Асы барға телміріп артқан қолын – дей келе, содан кейін бірер шумақтан соң:

Күні бүгін қараңыз адамдарға,

Оларда адамшылық ұят бар ма?

Атқа мініп, шапқылап әкім болған,

Ой жібер іс құлқына сабаздарға.

Алдына тамақ қойсаң бас салады,

Таласып ең тәуірін қолға алады.

«Бисмиллә» жоқ,  не толғау, не шайнау жоқ,

Ит кейпін қарап тұрсаң құп алады – дейді.

Бұл өлең ғұламаның заманы хадисте хабары айтылған заманға қатты ұқсап тұрғанын білдіреді. Сондай‑ақ, бұл өлең жолдарынан байқарымыз, ақын адамдардың соншалықты ашкөз болып бара жатқанына жиіркеніп қарайды. Керек болса қатты сынағаны соншалықты, тек құлқынның қамын жегендерді итке теңеуге дайын тұрғанын білдіреді.

Әрине біздің заманымыз артына осындай өшпес еңбектер қалдырған Садуақас қажы Ғылмани атамыздың заманынан ұзақ емес. Бірақ солай бола тұра, сол кездегі қазақ қоғамында руханилік қазіргі кезден көп артық болғаны белгілі. Ғылмани егер материалдық көзқарастармен және прагматикалық принциптермен өмір сүретін қазіргі қоғамды көргенде иттен де жиіркенішті теңеу табар ма еді деп қаласың.   

Садуақас қажы Ғылманидің еңбектері мен өнегелі өмірбаяны өзінен кейінгі әрбір мұсылман қазақтың азаматына сабақ болуы керек. Сондай‑ақ, біздің заманымыз исламның атын жамылған ақиқат, тура жол, Құран мен Сүннет секілді түрлі құлақ елітер ұрандарды көтеретін түрлі топтардың куәсі болып отыр. Жастар кімнің сөзі мен уағызына ерерін білмейтін жағдайға тап болуда. Міне осындай абдыраған жастар мен қазақтың әрбір азаматына  Ғылмани атамыз нағыз мұсылман қазақтың жолын көрсетіп, дұрыс ұстанымды айқындап кеткендей. Сондықтан, ақынның еңбектері ақиқатты іздеп, шынайы мұсылманның жолын талап еткен әрбір қазаққа зор пайдасы болары даусыз.   

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.