Ерте заманда Құдыс шаһарында Апанас пен Иоан есімді ағайындылар өмір сүріпті. Олар қаладан жырақта, тау етегіндегі лашықта тұрады екен. Екеуі бар ғұмырын кедей-кепшікке көмектесуге арнаймыз деп серттесіпті. Күнде қалаға келіп, қарттарға, науқастар мен мүгедектерге, жетім мен жесірлерге көмектесіп жүреді. Кешке дейін олардың қастарында болып, жәрдем береді. Еңбегіне бірде-бір ақы алмапты. Кешке үйлеріне оралып, бір-бірімен сағыныса көріседі екен. Күні бойы істеген істерін айтып, көңілдерін махаббат кернепті. Көктегі періштелер бұлардың күндегі әңгімесін тыңдау үшін лашықтан сығалап тұрады екен.
Бір күні әдеттегідей екеуі қалаға шығады. Бір-бірін қимай қоштасып, екі тарапқа сапар шегеді. Бір кезде ағасы артына бұрылып, інісіне қарамақ болады. Інісі көк шөпке қадала қарап, міз бақпай тұр екен. Ағасы түсінбей «бұл неғып тұр өзі» деп ойлайды. Айтып ауыз жиғанша, інісі жылан көргендей шоршып түсіп, қаша жөнеледі. Ағасы селк ете қалып, «бұған не көрінді, ей» деп жайлап әлгі жерге жақындайды. Қараса жалт-жұлт етіп, көзге шағылысқан бір затты байқайды. Сөйтсе бұл алтын екен. Мөлшері екі уыстай болады. Апанас оны ұстап көріп, расымен алтын екеніне көзі жетеді. Шамасы біреу түсіріп алған сияқты. Ол қуанып кетеді. Үстіндегі көйлегін шешіп, барлық алтынды соған төгеді. Ішінен «менің інім де ақымақ-ау. Алтыннан қашқаны несі? Жарлы бейшара құдайдың әп-сәтте берген дәулетін көтере алмай есінен адасты-ау» деп ойлайды. Алтынды түйіншік етіп орап арқасына салып алады да қалаға қарай бет алады.
Жолда келе жатып та тағы ойға түседі. «Алтында күнә жоқ, күнә адамда бар. Мысалы, мына алтынмен жақсылық та, жамандық та істеуге болады. Бірақ, жамандық істеп күнәні алтынға арта салуға болмайды ғой. Мен бұл алтында алып жетім мен жесірді тамақтандырамын, киіндіремін, тіпті науқастарды емдеймін. Иаон менің істеген жомартығыма қызыға қарайтын шығар. Бірақ, алтыннан қашқан өзінен көрсін,» — деп ойлайды.
Өз ойымен шалқып келе жатып қалаға қалай жеткенін де сезбей қалады. Қалаға келген соң, «алдымен өзім тойып тамақтанып алайын» деп ойлайды. Сөйтіп қонақ үйден орын алып, әбден тойғанша тамақтанады. Ішке тамақ барған соң, өзіне жақсы бір киім сатып алғысы келеді. Оны алған соң, «осы қашанғы жаман лашықта тұра береміз. Қаладан үй алып, қалған ақшаны кедей-кепшікке таратса да жетеді емес пе?» деп тағы бір ойға беріледі. Осылай қонақ үйдің құс жастығында өз ойымен арпалысып отырғанда, көз алдына інісінің бейнесі келеді. Екеуінің жұртқа жәрдем беріп өтеміз деген серттері түседі. Сол сәтте ол дереу ойынан айнып, қонақ үйден атып шығады.
Базарға барып көпестерден жер сатып алды. Кірпіш түсірді, ағаш алды. Жұмысшыларды жалдап, қаладан үш үй соға бастады. Біріншісін – жетімдер мен жесірлерге арнап соғады. Екіншісін – науқастар мен мүгедектерді емдейтін аурухана етеді. Үшінші үй – пақыр, міскіндер үшін салынады. Өзі тұрғызған үйлерді көріп, «осы үш үйді басқаратын да адам керек. Осыған басшы болсам қайтеді» деп ойлайды. Сол сәтте көз алдына тағы да інісің бейнесі елестейді. Баяғы анты есіне түседі. Ол тағы дереу ойынан қайтады. Қаладан «Құдай» деген үш қарияны тауып алып, үшеуін үш үйге меңгеруші етіп қояды. Баяғы тапқан алтынынан 3000 теңге ғана қалған екен. Оны да үш қарияға бөліп береді. Салынған үйлері де бірте-бірте адамға тола бастайды. Олар Апанасты мақтай бастайды. Бұған да мақтаған жағып, көңілі өсе түседі. Тіпті қаладан кеткісі келмей қалды. Бір кезде көз алдына тағы да інісінің бейнесі түседі. Апанас бауырын жақсы көретін еді. Бауырын ойлағанда жүрегі жылып сала беретін. Інісіне деген сағынышы оянып, үйіне қайтпақ болады. Елмен қоштасып үйіне қарай бет алады.
Жолда келе жатып та, қаланы қимай ұзақ қарайды. Әбден бауыр басып қалыпты. Өзі тауып алып, ел-жұртқа таратып берген алтынды ойлайды. «Қалай ғана таратып бердім десейші, менен өткен жомарт жоқ шығар. Бүйтіп ешкім ерлік істей алмас» дейді іштей. «Егер, осы істеген ісімді ініме айтсам, ол өзінің алтыннан қалай қашып кеткенін есіне түсіріп, өкінетін шығар,» — деп те ойлап қойды.
Осы кезде алдынан бір періште шығады. Оның қабағы қатулы екен. Апанасқа жақтырмай қарайды. Апанас та нұрмен шағылысқан періштені көріп, сасып қалды.
— О Құдайым, сен кімсің? Менің бүгінгі ісіме алғыс айтуға келген періштемісің? — дейді таңырқап. Періште:
— Әй, Апанас, алтынды алмай кеткен бауырыңнан өзіңді артықпын деп санайсың ба? Алтынды елемей тастап кеткен інің саған қарағанда мың есе жомарт. Ал, сен алтында алғанда қанша рет әуре-сарсаңға түстің. Арам ойға берілдің. Ойың бұзылды. Жүрегің құбылды. Сол кезде үш мәрте келіп, есіңе ініңді салып жәрдем бермегенімде бұрынғы мақсатыңнан айныр едің. Сондықтан, ерлік істедім деп мақтанба. Сенің ерлігің алтынды көріп, екі езуің құлаққа жеткенде-ақ біткен. Ал, сені жүрегіңе түскен әрбір оймен күресіп, сені дұрыс жолға бұрып отыру, әрі сайтанмен айқасу маған оңай тиді деймісің. Көзге көрінбеген соң, саған ешнәрсе білінбейді. Ал, артық ақша пайда болған кезде біз сенің екі иығыңда отырып сайтан екеуміз жан алысып, жан берісеміз. Сондықтан, өз жолынан айнамыған, бізге ауырлық түсірмей, көлденең табысқа құнықпаған ініңнің ісі сенен әлдеқайда артық, — деді.
Апанас не дерін білмей қалды. Ақталайын десе аузына жөні түзу сөз түспеді. Арқасы шылқылдап терлеп кетті. Періштенің айтқан сөзінің жаны бар. Талай рет айнып кетпек те болды. Қайта дер кезінде есін жинады. Мұны өзімнің ерлігім деп мақтаныпты. Сөйтсе, өзі үшін періштенің шырылдап жан беріскенін түсінді.
Періште:
— Әй, Апанас-ай. Ол алтынды қалдырған шайтан еді. Інің екеуіңнің араларыңды бұзбақ болды. Қайта Құдайдың көзі сендерге түзу болып, аман қалдыңдар, — деді.
Сол кезде барып Апанас ұялып, екі беті нарттай болып кетті. Тура жолдан айни жаздағанын түсінді. Құдайға шүкірлік айтып, тәубасына келді.
Сол кезде барып, періште де күлімдеп, жол берді. Қараса жолдың арғы шетінде Иоан тұр екен. Апанас інісін көріп бар сағынышы сыртқа шықты. Аяғы жерге тимей, жүгіре жөнелді. Иоан да ағасын көріп құшақ жайды. Екеуі қауышты. Ал періште болса екеуінің бауырмалдығын көріп, сырттай қызығып қарап тұрды.
Аударған Жүрсін Кәрім