Қазақ халқының біртуар перзенті, әйгілі ағартушы, дарынды жазушы Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылмандықтың тұтқасы (Шараиғатул Ислам)» атты еңбекгі 1884 жылы Қазан қаласында араб әріпімен жарық көрген соң, қайтып басылған емес. Ұлы ағартушымыздың төл еңбегі аттай ғасыр бойы бес-алты толық ұрпақтың танымынан тыс қалып, мұрағаттың қараңғы қоймасында сақталып келеді.
Шындықты айналып өтудің, тарихи мұраны көміп тастаудың ғылым үшін де, кісілік жолына да жат екенін бүгінгі жаңғырған өмір салтымыз дәлелдеп отыр.
Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегін жазуға өз заманының екі түрлі жағдайы себепші болған.
Біріншісі, Ыбырай ашқан мектептерде сол кездің талабы бойынша міндетті түрде дін сабағы өтуге тиіс еді. Әрине, бұл талапты орындауда да Ыбырай ағартушылық бағытынан жаңылмай, Ислам дінінің мән-мақсатын таныстыра отырып, негізінен адамгершілік тәрбие мәселесіне баса ден қойған. Мұнысы үшін кезінде бұл кітап «… балаларға Ислам дінінің «ақиқаттығын» дәлелдейтін негізгі түсініктер бере алмайды» деп сыналған болатын (ЦГА ТАССР.Ф.93.арх.373.Т.1891.21-бет).
Кітаптың жазылуына себепші болған екінші жағдай: сол кездегі енді орныға бастаған жазба мәдениетімізге араб, парсы сөздерінің көптеп енуі елінің ертеңін ойлайтын Ыбырай сияқты азаматты бетарап қалдыра алмады. Тек Ыбарай ғана емес, сол кездің көзі ашық, көкірегі ояу зиялыларының қай-қайсысы да қазақ әдеби тілінің таза күйінде орнығуына айырықша көңіл бөліп, халық тілінің шұбарланып бала жатқанын уайымдады.
Бұл жайында «Орыс халқының византиялық дәуірді өткені тәрізді, татар дәуірін бастан кешіру сияқты қатерлі белес тұр» деп жазды Шоқан Уәлиханов. Міне, сондықтан да «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегін жазудағы мақсаты жөнінде Ы.Алтынсарин былай дейді: «…біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсінктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бемеу үшін мен соңғы кезде Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шариғатын үйнене бастап… осы оқу құралын құрастыруға кірістім».
Ы.Алтынсариннің осы сияқты мейінше өмірлік мақсатпен жазылған еңбегінің күні бүгінге дейін не жарық көрмей келуін, не арнайы ғылыми зерттеу дүниесі болмай келуін қалай түсінуге болар! Әрине, оның себебі түсінікті де: өткеннің бәріне топырақ шаштырған пролеткультішілдік, жеке тұлғалар ғана емес, тұтас таным-түсінікті тоз-тоз еткен қанқасап кезең, желбуаз даңғазаны әуезе көрген тоқырау жылдары… Міне, осының бәрін ысыра серпіп, қайта жаңғырған өмір салтымыздың нұрлы сәулесі мұрағаттың қараңғы қойнауын ғана емес, санамызды да сілкіп оятқандай.
Шынында да, бүгінгі атом реакторлары мен компьютерлер адам құдіретіне қолқанат болған заманда “діндар” боламыз деп сескенуден гөрі, тарихи мұраларымыздың қандайына да ғылыми зердемен ден қойып отырғанымыз жөн деп сенеміз. Ал Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегі болсса,, ең алдымен, қазақ әдеби тілінің әу бастағы табиғи сұлулығының үлгісі ретінде, жазба мәденитеміздің қоспасыз “іңгәсі” ретінде назар аударылуға тиісті.
Сонымен бірге, араб сөздерінің тілімізге қалай кіріп, белгілі бір мағынаға ие болуы, діни терминдердің қалыптасуы сияқты кезеңдік мәні бар процесте де Ыбырай еңбегінің тарихи маңызы бар.
Міне, осы сияқты игі мақсатпен Ыбырай Алтынсариннің бір ғасыр бойы көз бен көңілден таса болып келген кітабын оқырман назарына ұсындық.
Ы. Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты бірегей еңбегі бүгінгі ғылыми талғам-талапқа сай (Ескерту: Осы мақала авторының қатысумен баспаға) дайындалды. Шығарманың тіл ерекшелігін сақтау мақсатымен, араб тіліндегі жеке сөздер мен сөйлемдер сол қалпында берілді.
«Иман» журналынан
Sunna.kz