Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ақжан әл-Машани: Сауатты, білгір адам

0 1  608

Әлемнің екінші ұстазы, данышпан Әбу Наср әл-Фарабиді Тұран топырағында қайта тірілткен, АБЖАД ілімінің білгірі, қазақ тарихындағы тұңғыш жер сырларын зерттеген ғұлама ғалым Ақжан әл-Машанидың «Әл-Фараби және Абай» атты аса тағылымды еңбегінде имам қазы, Садуақас қажы Ғылмани жайлы тамаша естелік қалдырған еді. Бұл естеліктен алатынымыз: ғұламаның алғашқы ғылыми қадамы және Ғылмани тағылымы…

Әл-Фараби мирасын мен іздей бастаған 1958-1960 жылдары Қазақстанда араб тілін үйрететін, үйренетін, зертейтін ешбір орын болған жоқ. Демек, араб тілін білетін жан жоқ десе болғандай. Араб тілінен саңалауы бар егде адамдарды тек мешіт маңынан ғана кездестіруге болатын кез еді.

Алматыда имам қазы болып істейтін қажы Садуақас Ғылманұлы марқұм сауатты, білгір адам еді, ақындығы да бар. Ол кісі арабша-қазақша үлкен сөздік жасап, қазақ ғылым академиясына тапсырған. Сергек, қалжыңқой, ашық адам еді. Мен сол кісімен бірге академия президенті Шахмардан Есенұлына кірдім. Қасымызда қажының шәкірті  Махмуд Геккев деген жігіт бар. Сол қабылдауда менің есімде қалған сөздердің мазмұны мынадай.

Есіктен кірген бетте академик Шахмардан орнынан ұшып тұра келіп, сәлем беріп, қол алып амандасып, қартқа құрмет көрсетіп, кішілік етті. Қажы сол ықыласына разы болып:

– Бұл күндегі көпшілік қауым сайтаннан қорықпайды, сәлдеден қашады. Сіз менің сәлдемнен шошынбағаныңызға рахмет, – деді.

– Ол не дегеніңіз? Неге қашамыз. Мәселе сәлдеде емес, адамда, ғалымда, шындықта емес пе. «Құранды молда теріс оқыр, Дағардай болып сәлдесі», –  деді ғой Абай.

– Ол рас. Исламның ғылыми шындығын алмай, бұрмалап, малға сатушылар көп болған. «Дүмше молда дін бұзар» сонан шыққан…

Қажы мен академиктің осындай ғылыми, поэтикалық астары бар, әңгімесін біз қызыға тыңдап, желпініп, күлісіп қалдық. Сонан кейін қажы өзінің көп томды қол жазбаларын көрсетіп, жиырма жыл бойындағы еңбегі екенін, оны халыққа арнағанын айтты. Және бұл еңбегіне ешбір ақы керек етпейтінін мәлемдеді.

– Егер бұған қалам ақы тиісті болса, оны жетімдердің пайдасына берерсіз, – деді. Ол өзі зор еңбек болатын: үлкен журналдық формат қағазға жазылған қол жазба 5 том болса керек. Соның бәрін президент қабылдап алды, тіл институна тапсыратынын айтты. Сол әңгіменің арасында арабшадан қазақша аударуға қажының көмегін сұрадық. Ол кісі ризалық етті.

Осыдан кейін Садуақас қажы арқылы тағы да бірталай арабша білетін адамдарды тауып алдық.

Біздің осы істеріміз сәлделілерден қорқатын надандарға ерсі болып көрсінсе керек! «Басында сәлдесі бар біреуді ғалым деп басқа көтеріп жүр. Онысы діншіл молда болу керек. Оны мешіт молдалары қостап жүр… Бұл өзі қауіпті нәрсе. Мұны тез тоқтатпаса Машановты жауапқа тарту керек».

Осындай «домалақ қағаздар» түсті деп бір күндері маған хабар жетті.

Не айтасың? Кімге айтасың? Кіммен таласып-тартысасың. Ол бір көлеңке сияқты нәрсе. Шырмайды да қармайды. Басқа ұрған балықтай боласың да жүресің.

Сол кезде арабтың бір мақалы есіме түсті: «Алыс аттанған адам жолдағы, әр қорадағы шабаланған итке алаңдай берсе, ешуақытта мақсатына жете алмайды» деген. Әл-Фараби осы сөзді өзі еске алған екен. Мен де соны дұрыс көрдім. Ешбір өсекке, ешбір бөгетке қарамастан тәуекелге бел байладым. Алдымен арабша тілді өзім үйренуге кірістім.

Жас кезде ауылда араба әріп үйреніп, құранды оқи бастаған ғана сауат болған еді. Сонан кейін қырық жыл шамасы арабшадан қол үзіп қалдық. Енді жас елуге келгенде арабша тілді үйренуге кірістім. Расында әл-Фараби оқыған кітапты оқымай, оның жазғанын танымай оның мирасын қолға алуға бола ма? Ғылымнан шындық іздеген адамға олай істеуге болмайды. Ғылым атын жамылып, жалған жолмен, жауырды жаба тоқыған қулардың әл-Фарабидің шындығында шаруасы не?

Екі жылдың ішінде арабша тілді едәуір меңгеріп, сөздікпен пайдалануға қол жетті. Сол арқылы керек мәселені аудара алатын болдым, аударғанды тексере алатын болдым. Аздап сөйлесуге жарап қалдық. Әрине, арабша еркін сөйлеп кету дәрежесіне жете алмадым.

Садуақас қажымен бірге ақылдаса отырып, арабшадан қазақшға мақала аударуға қол жетті. Сонымен бірге бірге әл-Фараби мирасын зертеуге есік ашылды деуге болады.

Ақжан әл-Машани «Әл-Фараби және Абай» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.