Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚҰРБАН АЙТЫНЫҢ САУАПТАРЫ

0 2  024

Аллаға шүкір, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей Жарлығымен Құрбан айты елімізде ресми тойланатын мейрамдардың қатарына енгізіліп, айттың бірінші күні демалыс болып белгіленді. Парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.

 Ал енді, тарихи мәліметтерге сүйенсек, айт намазын оқу һижраның бірінші жылынан бастап шариғатқа енді. Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай деп риуаят еткен: «Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде қала жұртының екі күн тойлайтын мейрамы бар еді. Пайғамбар (с.а.с.) олардан: «Бұл екі күн қандай күн?» – деп сұрағанда мәдиналықтар: «Бұл екі күнді жәһилиет дәуірінде осылай тойлаушы едік», – деді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла сендерге ол екеуін олардан да қайырлы екі күнмен ауыстырды: құрбан және ораза айт күндерімен», – (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235) деген.
Құрметті бауырлар! Айт күні таң ертең күн найза бойы көтерілген соң жамағат болып айт намазын оқу – уәжіб. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей: Алла тағаланың Құран Кәрімде«Намаз оқы және құрбан шал» — деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті»– деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған «сүннет» – жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу -Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.            Сондықтан айт намазынан қалыс қалуға болмайды.

Айттың мән-мағынасына келсек, айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.

Жалпы, айт мерекесі күндері әрбір мұсылман мынадай амалдарға назар аударғаны абзал:

– Ертең айт болатын түнді ғибадатпен, зікір, намаз, Құран оқумен, дұға, истиғфар тілеумен өткізген дұрыс. Бұл істерді түннің соңғы бөлігінде орындаған жөн. Реті келсе, бүкіл түннің біраз бөлігін ғибадатпен өткізген жақсы. Бұл жайында Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Ораза айты мен Құрбан айтының түндерін Алладан есебін тілеп ғибадатпен өткізсе, оның жүрегі жүректер өлетін күні (Қиямет күні) өлмейді» деген.
– Жұма күндеріндегі секілді айт күндері де ғұсыл құйыну, иіссу себіну, тісті мисуакпен тазалау және ерлер үшін ең тәуір киімдерін киіп шығу. Бұл – Алланың нығметтерін көрсету мен шүкіршілік етудің бір белгісі. Ханафи мазһабы бойынша ғұсылды таң намазынан соң намазға шығардан бұрын құйынған жөн. Ханафилердің пікірлерінше бұл ғұсыл намаз үшін алынатын ғұсыл. Өйткені Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы екі айт күндері таңертең ғұсыл алатын болған. Әли мен Омар да (р.а.) айт күндері ғұсыл құйынатын еді. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт күндері үстіне иіссу себетін және арнайы қызыл шапан киетін.

– Мешітте имамның уағыз-насихатын тыңдап, жамағат болып айт намазын оқиды. Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып «Құбан айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады.  

– Құрбан айт мерекесінде айт намазына дейін тамақ ішілмейді. Ал ораза айтының алғашқы күні намазға сәресі ішіп, ауыз бекітіп шығу;
– Айт намазы күні таңертең намазға дейін Алла Тағаланы еске алып, дұға- тілек жасау;

 – Айт намазына ертерек әрі жаяу бару. Тіпті, таң намазынан кейін, күн шықпай тұрып барса жақсы. Бұл алғашқы саптан орын алып, үлкен сауапқа ие болудың бірден-бір жолы. Әли (р.а.): «Айт намазына жаяу бару сүннет», – деген. Өйткені Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт күндері көлік мінбейтін. Ал имамның Айт намазына жамағаттың соңынан баруы сүннет.
 – Ізгі һәм сауапты, қайырымдылық істермен айналысу ләзім саналады.
– Айт күндері мүмкіндігінше азаматтардың бір-біріне сый-сияпаттар жасауды ұмытпау керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды», – деп өсиет еткен.
– Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолды басқа көшемен қайту абзал. Жәбир (оған Алла разы болсын) былай деген: “Мереке күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан қайтқанда келген жолымен емес, басқа жолмен жүретін” (Әл Бұхари, 986). Яғни достарымыздың, бауырларымыздың, көршілеріміздің үйлеріне кіріп, айттап, мерекелеу деген сөз.

– Айт намазына имандылыққа үйрету мақсатында балаларды да қатыстыру;      (Осы күні балаларға жаңа киім, тәттілер мен сыйлықтар сыйлаумен қуантатын болсақ, балалар да бұл мейрамды жылда асыға күтетін болады.)

– Өз отбасына сый-сияпат үлестіру. Осы күндері жағдайына қарай әдеттен тыс көбірек садақа беруге тырысу.

– Мұсылмандармен жылы шыраймен, жымиып жүздесу. Туған-туыс пен жолдастардың үйіне барып, туысқандық пен сүйіспеншілік байланыстарын бекіте түсу.
– Өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран тіләуат етіп дұға ету ләзім.
– Екі араздасқан ерлі-зайыптылар мен туысқандарды татуластыру үлкен сауап амал болып саналады.

–  Құрбандыққа шалынатын малды (қой, ешкі, сиыр, түйе) айт намазы  оқылып болған соң шалу;

– Науқастардың көңілін сұрау, т.б. Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін амалдар, иншааллаһ.

Құрбан айтта Ұлы Алла Тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Еліміздің егемендігі баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!  Әмин!

Мұхамеджан Естеміров,

ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

Өкіл имам орынбасары

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.